Әлеумет

Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, аман-саумысың?!

Наурыз – бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі, табиғаттың жаңаруы, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басы. Наурыз – күн мен түннің теңеліп, малдың ауызы көкке, адамның аузы аққа тиген ұлық мереке. Қасиетті мейрам қарсаңында Ғұбайдолла Бекешов ақсақал мен Күмісжан Болатбекова әжейдің шаңырағына барып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап шықтық.

Он шақты ұл-қызы мен одан өрбіген немере-шөберелерінің ортасында жүздері бал-бұл жайнап отырған қариялар Наурыз мерекесінің өткен тарихына көз жіберіп, бүгінгі күнмен салыстырып өтті.
– Балалық шағым соғыс жылдарына тап келіп, еркелік­пен ерте қоштас­тым. Ол уақытта, әрине, Наурыз мей­рамын дүркіретіп той­­лайтын мүмкіндік бол­­мады. Бар ойымыз бей­біт күннің ерте орнап, ты­ныштықта өмір сүруді ті­ледік, – деп ардақты ақсақал ойға шомып кетті.
Дастарқан басына ет келіп, нау­рыз көже ішіле бастаған шақта отағасы әңгімесін әрі қарай жал­ғап, ұлттық мейрамымыз егемендік алған шақтан қайта түлеп, ел арасында есте қалардай ерекше той­ланып келе жатқанын марқайып айтты.
– Кеңес құрамында бол­ғанымызда, Наурыз мұндай кеңінен тойланбайтын. Тек 22 наурыз күн мен түннің теңелетін уағы дегенді білеміз. Ал наурыз көже мейрамда ғана емес, күнделікті ішетін асымыз болған соң бұл мерекенің орны аса білінбейтін. Жаңа жыл бұрын 31 желтоқсан түні ғана ерекше аталып өтсе, қазір 22 наурыз жақсы дең­гейде тойланып келеді. Орталық алаңға шығып,
тігіліп тұрған киіз үйлер­дің, оның жан-жағында құмай тазы, қыран бүркіт ұстаған ер-азаматтардың әңгімесін, алтыбақан орнатылып, қыз-жігіттердің ойын-күлкісін естігенде шүкіршілік етеміз, – дейді көңілі көтерілген Ғұбайдолла ата.
Атайдың ойын Күмісжан әжей әрі қарай іліп әкетті. Өз алды­мыз­ға жеке ел бо­лып, жайма-шуақ шақ ор­нағаннан кейін түрлі са­йыстар ұйымдастыры­лып, ауыл-ауылдарда Нау­­рызды ерекше етіп өткі­зетін дейді.
– Қорғалжын жерінде туып, сол жерде өстім. Есімде, егемендіктің ал­ғаш­қы жылдары болатын. Шаруашылықтар өзара көже пісіруден жарысып жатсақ, жастар жағы ат шаптырып, бәйге ұйымдас­тыратын. Сонда Асылхан деген балам бәрінен оза шауып, бірінші орын алды. Сол жылдан бастап қана ұлттық мейрамның мағынасын түсіне бастадық, – деп ақжаулықты әжей ағынан ақтарылды.
Әңгімеміз мұнымен тоқ­тап қалмай, кішкентай немере-шөберелерінің қызығымен жалғасып, артынша ән айтылып, домбыра шертілді. Ас ішіп, екінті ауа қайтатын мезгіліміз болған шақта данагөй қария алақанын жайып: «Ақ мол болсын! Еш жамандық болмасын! Жаратқан әрбір ісімізге береке берсін! Егемендігіміз мәңгі болып, хал­қымыз жайма-шуақ күн­де ғұмыр кешіп жүре берсін!» деп ақ батасын берді.
Иә, қариялар – елдің асыл қазынасы. Тілекте­ріңіз қабыл болғай!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button