Дарындар үндестігі

«Астана Опера» театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залы сахнасында «Жастық пен шабыт» топтамасы аясында «Дарындар үндестігі» концерті өтті. Бұл жоба жас дарындарды қолдауға және дамытуға бағытталған. Ол жастарға беделді сахнада өнер көрсетуге және өз шеберлігін паш етуге мүмкіндік береді.
– Бізде жас дарындарды анықтауға және қолдауға арналған «Жастық пен шабыт» концерттер топтамасы секілді жобаның бар болғаны қандай керемет! Театрдың міндетіне опералық қойылымдар мен концерт ұсыну ғана кірмейді, сонымен қатар онда мәдени тәрбие де бар.
Театр өз кезегінде ұрпақтар сабақтастығына негізделген классикалық мәдениетті дамытуға әрі насихаттауға әрдайым мүдделі. Осы ретте бұл жоба жас әртістерге өз дарындарын «Астана Операның» беделді сахнасында көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл өнер көрсетулер – олар үшін алдағы кәсіби дамуға үлкен серпін. Бәлкім, келешекте олардың арасынан айтулы шеберлер мен жарқын орындаушылар шығып қалар, – деді опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев.
Концертке халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, Қазақ ұлттық өнер университеті вокалдық өнер кафедрасының студенттері, профессорлар Талғат Мұсабаев пен Ботакөз Мұсабаеваның класында білім алатын шәкірттер қатысты. Қатысушылардың арасында беделді халықаралық опера академияларында оқудан өткен жас әртістер бар.
Мазмұнды әрі сан алуан концерт бағдарламасына В.А.Моцарт, Дж.Россини, Г.Доницетти, Дж.Верди, Дж.Пуччини, Л.Делиб, Н.Римский-Корсаковтың операларынан ариялар мен сахналар еніп, оларды жас әртістер орындады. Топтама одан әрі «Көктем ырғағында» концертімен жалғаспақ. Ол мамырдағы мерекелер қарсаңында, яғни 26 сәуірде К.Байсейітова атындағы камералық зал сахнасында өтеді.