Білім

Дарынды оқушыларға арналды

Атом саласы қызметкерлері күніне орай елордалық оқушылар Ядролық физика институты Астана қалалық филиалының жұмысымен танысты. «Атом энергетикасының болашағы» аталған іс-шара оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталды.

«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдас­тырған іс-шараға жаратылыстану ғылымдары бағытында бірқатар жетістікке жеткен оқушылар іріктеліп қатысты.

«Республика бойынша көп адам елімізде бірқатар электро-физикалық қондырғылар барын біле бермейді. Мысалы, біздің филиалда ауыр иондардың үдеткіші бар. Қатты дене физикасы зертханасы, ядролық физика зертханасы және технологиялық тіректі мембраналар зертханасы атты 3 зертханаларымызда оқушылар мектептен тыс уақытта білікті мамандармен бірге ғылыми жобаларын жасай алады. Жоба қорғап, оқуға түсіп, білімін әрі қарай жетілдірген жастарды, тіпті 1,2-курстан-ақ жұмысқа алуға тырысамыз.  Біздің мақсатымыз – жас толқынды ғылымға тарту» деді өз сөзінде Ядролық физика институты Астана қалалық филиалы директорының орынбасары Дарын Бөргеков.

Іс-шара барысында оқушылар электронды микроскоп жұмысымен танысып, бірқатар құрылғыларда тәжірибелердің қалай жүзеге асып жатқанын тамашалады. Ерекше қызығушылық танытқандардың қатарында №103 орта мектептің 10-сынып оқушысы Дидар Таңат та бар.

«Кездесу маған қатты ұнады. Білікті мамандар теориялық тұрғыда оқығанымызды практика жүзінде жете түсіндірді. Болашақ – ядролық физикада. Мен өзімді инженер ретінде көргім келеді. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы айрықша» деп бөлісті оқушы.

Индира БЕРЖАНОВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button