Басты ақпаратЕлорда тынысы

Дарынды жастардың дара жолы

Мемлекет басшысы еліміздегі жалпы білім беру жүйесін жетілдіруге, оның ішінде мектеп оқушыларының білім сапасын арттыруға айрықша маңыз беріп, өз Жолдауында осы бағыттағы нақты міндеттерді айқындап берді. Білім беру жүйесін дамыту бойынша елордада дарынды балалар мен талантты жастарды қолдауда нәтижелі жұмыстар атқарылып отыр. Соның бір айғағы астаналық оқушылар командасы жыл сайын пәндер бойынша өтетін республикалық олимпиа­далар мен ғылыми жобалар байқауларында көш басынан көрініп келеді.

Кеше елордадағы әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстардың жеңімпаздары марапатталды.

Қалалық Білім басқармасы, сондай-ақ «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырып өткізген бұл шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қатысып, бас қаламыздың білім ордаларында оқып жатқан дарынды жастардың талабына демеу, жігеріне жебеу көрсетті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, білім беру жүйесін жетілдіру, білім сапасын өсіру ісіне айрықша назар аударылып келеді. Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз білім саласына мән берудің бір нәтижесі деп айтуға болады. Қала әкімдігі де Мемлекет басшысының тапсырмасын табысты орындау, сондай-ақ жыл сайын көбейіп келе жатқан қала тұрғындарының қажетін қанағаттандыру үшін бас қалада жыл сайын 10 шақты мектеп салады. Алайда тұрғындар санының тез өсуіне байланысты қаламызда мектеп жетіспеу мәселесі, балалардың екі ауысыммен оқу жағдайы әлі де түбегейлі шешілген жоқ. Сондықтан алдағы уақытта елордамызда 40 білім ордасын салу, ертеректе салынған көне мектептерді жаңалау жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде біздің қаладағы барлық мектептерде әлемнің озық оқыту үлгілерін негізге ала отырып, оқушылардың үйренуіне, зерттеу жүргізуіне қажетті барлық жағдайлар жасалған. Бүгін осында марапат алып жатқан жастар біздің мақтаншымыз, еліміздің келешегі үшін жақсы оқып, осындай үздік нәтижелеріңізбен қуанта беріңіздер, – деді қала әкімінің орынбасары.

Елордалық дарынды жастарды қолдау және насихаттау, интеллектуалдық дамыту іс-шараларына қатысу белсенділігін қалыптастыруға жағдай жасау, көшбасшылық, дарындылық, шығармашылық және патриотизмнің табысты үлгілерін насихаттау мақсатында өткен іс-шарада 117 халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атанған 71 оқушыға (46 адам мектеп бітіріп кеткен) Астана қаласы әкімінің атынан алғыс хаттар және ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Айта кетейік, жыл сайын елордалық оқушылар командасы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында командалық бірінші орынды иеленіп, «Үздік команда» атанып келеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button