Басты ақпаратРуханият

Дарындыларды алаламайық

Елордалық қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» алтын медалінің иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Есенгелді СҮЙІНОВПЕН сұхбаттасып, көрнекті тұлғаларды ұлықтау, қазіргі журналистика мен әдебиет жайындағы ойын білдік.

СЕРАЛИН АТЫНДАҒЫ СТИПЕНДИЯ, СЫЙЛЫҚ ТАҒАЙЫНДАЛСА…

 – Қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералинді зерттеп жүр екенсіз. Өткен жылы тұғырлы тұлғаның 150 жылдығы ескерусіз қалды. Туған жері Қостанай облысы­ның Қарабалық ауданында ғана атап өтілді демесеңіз, ел бойынша ғасырлық мерей­тойына арналған шаралар туралы естімедік. Бұл жайында не айтасыз?

– Мұхамеджан Сералин жа­йында арагідік қана жазылып жүр. Шын мәнінде, бұл кісі – қазақ журналистикасының атасы, қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі. Біз, өкінішке қарай, Сералинге әлі де лайықты құрмет көрсете алмай келе жатырмыз. Мысалы, былтыр 150 жылдығын рес­публикалық деңгейде атап өту керек еді. Тек Қарабалық ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен басы жөнге келтірілді, кітабы шықты. Бұл мерейтой Қостанай облысының деңгейінде ғана өткізілген секілді. Бұған көңіл көншімейді, бұл, шынымен де, ыңғайсыз, ұяттау жағдай. Мұхамеджан Сералин мерейтойын Ахмет Байтұрсынұлынан кейін ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде атап өтсек те артық болмас еді. Алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтыру керек.

– Сералин мұрасының зерттелуі қай деңгейде? Бізде сералинтанушылар бар ма?

– Мұхамеджан Сералин мұрасын түпкілікті зерттеп жүрген адамдар жоқ. Кезінде Парламентте жұмыс істеген Қабдеш Ыдырысов кандидаттық диссертация қорғады. Өмірін зерттеп, архивтен материалдар тауып, «Қостанай таңы» облыстық газетіне бұл кісі туралы өзім де жазғанмын. Сол үшін Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын алдым. Бірақ бұл ісім теңізге тамған тамшы секілді ғана. Аталған басылымда бас редактор болғанда суретшіге тапсырыс беріп, Сералиннің үлкен портретін салдырдым. Мен келгенде, бас редактор кабинетінде Бейімбет Майлиннің суреті ғана ілініп тұрды. Бұл тұлғалар аталмыш басылымның негізін қалады, Сералин бас редактор, ал Майлин жауапты хатшы болды.

«Қостанай таңы» облыстық газетінде бес жыл бас редактор болдым. Сол жылдары Қарабалық ауданының Өрнек ауылындағы Сералиннің басын барып көрдім. Жүдеу, мүлдем иесіз қалған зират секілді болып қалыпты. Аудан әкіміне айтып, жан-жағын қоршатып, сырлатып, тасын жаңартып, басын жөнге келтірдік. Газет жүлдесі үшін Мұхамеджан Сералинді еске алуға арналған облыстық желаяқтар жарысын ұйымдастырдық. 130 жылдығын атап өтіп, ас бергіздік, конференция өткіздік. Қостанайда Сералин көшесі бар. Кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болған ақын, жазушы Байтұрсын Ілияс мақала жазып, атына көше бергізген, ескерткіш тақта да орнатылды.

Алматыда журналистика факультетінде оқып жүргенімізде, факультет деканы Темірбек Қожакеев «Мұхамеджан Сералин атындағы бірлестік» ашқан. Сонда жаңадан өлең, әңгіме жазып жүрген студенттер сол бірлестікке жиналып, өз шығармаларын талқылап, кездесулер ұйымдастыратын. Қазір бұл бірлестік бар ма, жоқ па, білмеймін. Жоқ болса, сондай бірлестік ашып, студенттерге Мұхамеджан Сералин атындағы стипендия, Журналистер одағы Сералин атында сыйлық тағайындаса деген ұсынысым бар. Мұхамеджан Сералинге Қостанай облысының орталы­ғында немесе Астана қаласында еңселі ескерткіш орнатса деп армандаймын. Осы ұсыныстарды тиісті мекемелерге бірнеше рет айттым. Олар мақұлдады, бірақ аяқсыз қалдырды.

Қазір Жаңа Қазақстан құрамыз деп отырмыз. Егер шын мәнінде солай болса, осындай асылдарымызды құрметтеп, көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Мұхамеджан Сералин сияқты тұлғаларға ескерткіш орнатылуы керек. Қазір орнатпасақ, мойнымызда қарыз болып қалып, келер ұрпақ тұлғаны ұмытып кетуі мүмкін.

ҚҰРМЕТТІ ДЕ ҚАУІПТІ МАМАНДЫҚ

 – Қазіргі журналистика туралы не айтасыз? Бүгінгі журналистерге көңіліңіз тола ма? Сіздің пікіріңізше, қазір осы салада қандай жетістіктер мен кемшіліктер бар?

– Қазір журналистика саласында ілгері жылжу да бар, олқылық та бар. Бүгінде бұрын­ғыдай цензура жоқ, журналистер еркін жазады. Біздің кезімізде, кеңес өкіметі кезінде жалтақтап отыратынбыз. Артық-ауыс сөз жазсақ, цензура өткізбей тастайтын. Қазір ой еркіндігі пайда болды, журналистер кез келген тақырыпты батыл жаза алады, ойын, ұсынысын айта алады. Дегенмен кереғар пікір туғызатын жағдайлар болып жатыр.

Біздің кезімізде журналистика факультеті Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғана болды. Оған түсудің өзі оңай емес еді. Мен оған үш рет барып, үшінші рет әскерден кейін ғана сырттай оқуға түстім. Кішкентай кезімнен өлең, мақала жазып, журналист болуды армандайтынмын. Сол арманым орындалды. Қазір жер-жерде журналистика факультеті ашылды, Астанада да, Қарағандыда да, Қостанайда да бар. Олардан жақсы-жақсы мамандар шығып, қазір рес­публикалық деңгейде жұмыс істеп жатыр. «Бүкіл жерде журналистика факультеттері қаптап кетті, оларды қысқарту керек» деген әртүрлі пікір айтылып жатыр. Кезінде Журналистика институтын ашу туралы да ұсыныстар болған. Бірақ бұл аяқсыз қалды. Меніңше, өңірлерде журналистика факультетін аша берген дұрыс емес секілді. Ірі-ірі қалаларда ғана журналистика факультеті болған жөн. Алдағы уақытта журналист кадрларын таңдау, іріктеу мәселесіне көп назар аудару керек.

Қазақ әдебиеті тәуелсіздік алғаннан кейін сәл бәсеңдеп қалған сияқты болған. Қазір қайта жанданып, дамуы жүріп жатыр. 1973 жылы Әнуар Әлімжанов Қазақстан Жазушылар одағын басқарып отырған кезде Азия-Африка жазушыларының конференциясын өткізді. Ұлықбек Есдәулет Жазушылар одағына төраға болып келгеннен кейін, араға елу жылдай салып, Астанада Азия елдері жазушыларының халықаралық форумы өтті. Жазушының баласы ғой, оған Президенттің өзі қатысып, сөз сөйлеп ашты. Қазір әдебиетіміздегі жақсы шығармалар шетел тілдеріне аударылып жатыр. Оның алдында Әлем қаламгерлерінің форумы да Астанада өтті. Бұл да әдебиеттегі оң қадам болды деп ойлаймын. Осындай халықаралық форумдар бізге қажет. Неге десеңіз, әдебиетіміз ілгері басады, шетелдердегі жазушылармен танысып, пікір алмасамыз.

Қазір әдебиетіміз жайында айтқанда, «дым жоқ, ештеңе істелмей жатыр» деп ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. Әрине, көңіл толмайтын нәрселер бар, бірақ жақсы жағын айтқым келіп отыр. Азия елдері қаламгерлерінің халықаралық форумы кезінде Шри-Ланка елінен келген бір жазушымен сұхбаттастым. Сол кісі: «Сіздерде керемет екен. Біз осы жерге өзіміздің ақшамызбен келдік. Бізде әдебиетке онша қолдау білдірмейді, кітабымызды өзіміз шығарамыз. Сіздерде мемлекет тарапынан кітап шығаруға қолдау бар, әдеби сыйлықтар беріледі» деп айтты.

Олқылықтарды айтқанда, Астанада, өңірлерде жүрген кейбір жақсы-жақсы жазушылардың, таланттардың шығармалары еленбей қалып жатыр. Бір адамдардың шыққан кітаптары қайта-қайта шыға береді, кейбіреулер марапатты ылғи ала береді. Шетелдерге сапарларға да жылда «дежурный» адамдар бара береді. Бұлай болмайды. Жыл сайын берілетін Президент стипендиясын да бір адамдар ала береді. Мысалы, тәуелсіз­дігімізге отыз жылдан асты, сол стипендияны он жыл бойы, тіпті одан да көп уақыт бойы алғандар бар. Бұл дұрыс емес, алаламай, таланттарға тепе-тең қарау керек…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button