Мәдениет

«Дарынмен» дараланды

Астана қаласы әкімдігіне қарасты Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының «Классикалық вокал» бөлімінің әртісі Әйгерім Аманжолова «Классикалық музыка» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының биылғы лауреаты атанды.

«Дарынмен» дараланған дарынды әнші Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Гүлнар Хамзинадан дәріс алды. Өнерін шыңдау мақсатында Милан университетінің профессоры, режиссері және «Giacosa di Ivrea» театрының көркемдік жетекшісі Паоло Босисионың, Барокко дәуірінің ән салу мектебінің оқытушысы маэстро Ф.Опаның, Одесса опера театрының солисі Э.Погосовтың шеберлік сабақтарына қатысты. «Астана Опера» халықаралық опера академиясында опералық ән салу маэстросы, Милан консерваториясының профессоры А.Гусевтің сыныбында өнерін шыңдады.

Әйгерім Аманжолова – көптеген республикалық және халық­аралық байқаулардың лауреаты. Атап айтқанда, 2017 жылы «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХ халықаралық байқауында, Ахмет Жұбанов және Ғазиза Жұбанова атындағы І республикалық вокалистер байқауында лауреат атанды. Бибігүл Төлегенованың VIII халықаралық вокалистер байқауында және «Романсиада» ХІХ халықаралық вокалистер байқауында екінші орынды алды. Мұқан Төлебаев атындағы VI халық­аралық байқауы­ның және КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев атындағы V халықаралық вокалистер байқауының бас жүлдесін иеленді. «Le concurse du Roi Louis» XIV халықаралық байқауында және «Орфей» ІІ халықаралық вокалистер байқауында бірінші орынды алды. Жеңістің 70 жылдығына арналған республикалық патриоттық әндер байқауы мен «Salve Regina» І республикалық вокалистер байқауында топ жарды. Бұған қоса, Қазақстанның Х және ХІ Ұлттық Дельфий ойындарына екі рет қатарынан қатысып, екеуінде де екінші орын (Күміс медаль) иеленді.

Әйгерім Қазақстанның көптеген қалаларында және Ресей, Словакия, Венгрия, Австрия, басқа да елдердің сахналарында ән шырқады. Өмірлік қосағы Алтынбек Әбілда да – Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының әншісі. Екеуін өнер табыстырды. Алтынбек те – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Ол бұл сыйлықты екі жыл бұрын алды. Сонымен бір шаңырақта «Дарынның» қос лауреаты болды. Құттықтаймыз!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button