Басты ақпарат

ДӘУРЕН СЕРҒАЗИН: МЫНА «РЕВИЗОРМЕН» ТЕАТР АШУҒА БОЛАДЫ ДЕП ЕДІ

Қыркүйектің соңғы күндерін ала елордалық «Жастар» театры жаңа VI- маусымының шымылдығын түрді. Жуырда ғана Оралдағы фестивальден жүлделі оралған Н.Гогольдің «Ревизорымен». «Жастардың» бұл «Ревизоры» классикалық тұрпаттағы қойылымдардан әлдеқайда бөлекше. Бес жыл әр ғимаратты паналап келген театр күні кеше ғана тұрақты қоныс тепкен Оқушылар сарайының сахнасындағы  алғашқы шығармашылық қадамын осындай трагифарспен бастады.

Сахнадағы көріністен алғашқы сәтте әлдебір өзгешелік байқала қоймайды. Классикалық туынды. Классикалық қойылым күтіледі. Алайда, кейіпкерлердің киген костюмдері, сөйлеу мәнерлері, спектакльге қиюласа кіріктірілген әр заманның әндері,  Хлестаковтың қитұрқылығы бүгінгі күннің алаяқтарынан бір аусашы. Режиссер Н.Жақыпбаевтың айтуынша, ол бұл қойылымды орыстың емес, бүгінгі қазақтың проблемасына арнаған. Ғасырлар алмасып жатқанымен, адамдардың көрсеқызар әулекі қылығын, іштарлығын, үркектігін, жылпостығын ештеңе  өзгерте  алмаған. «Баяғы жартас – бір жартас»  деп дана Абай айтпақшы, уақыт жымын білдірмей келе жатқан адамзат баласына тән мінез-құлық еш өзгеріссіз. Өркениет алға сүйреген сайын кежегесі кері тартып тұрған қоғам дерті қойылымның өн бойынан сезіліп тұрды. Жастардың ұсынып отырған спектакліндегі иілгіш пластика сюжетті көп әрлендірген. Хлестаковтың жеңілтек, ылдым-жылдым жүріс-тұрысы, көпсөзді қулығы, кісі аямас аярлығы, әпербақан алаяқтығы  ойынды  жандырып жіберді. Мұның барлығын ұшып-қонып, билеп жүріп көрсеткен жас әртіске көңіл тоғаяды. Сөзі ісіне сай кеп тұрды. Басты рөлді сомдаған  жас дарын Дәурен Серғазинмен  аз-кем сұхбаттасудың сәті де түсті.

Дәурен, алдымен өзіңіз туралы айтсаңыз? Актерлыққа қалай келдіңіз?

– Мен Теміртау қаласында дүниеге келгем. Бірақ ата-анам менің кішкентай кезімде атамның ауылына көшеді де, мен Талдықорғандағы Қапал деген жерде өстім. Орта мектепті бітірген соң оқуға түсе алмадым. Бір жыл бос жүрдім. Сонда үлкен ағам менен «кім болғың келеді» деп сұрайтын. Мен балалық бар ынтаммен «актер болғым келеді» деген едім. Ағам «егер арманың алдамасын десең, оған қанат байла» деп, менің қалтама азын-аулақ қаржы салып Алматыға жіберді. Қуанышымда шек болмады. Ауылдың қаратабан баласына әртіс болу оңай олжа емес-ті. Ол жәй қиял-ғажайып сияқтанушы еді. Ағамның демеуінің арқасында үлкен қалаға келдім. Арқама гитарамды асып алғам. Ол кезде театр дегенді білмеймін де. Ойым киноактер болу. Емтихан өтетін залға кірдім. Нұрқанат Жақыпбаев деген кісі отыр екен. Емтихан тапсырдым. Ән салдым. Мен ұнаған әндеріме өзімше сөз құрастырып алып құбылта беретінмін. Соным ұнады ма? Әлде басқа қырымнан ұнатты ма, мені қабылдады. Бұл 2002 жыл еді. Театрға алғаш барып, театрмен ауырып, енді қазір театр және кино актеры мамандығы бойынша қызмет етіп келем. 2006 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірдім. Ал, 2007 жылы бізді осы Астанаға жаңа театрға шақыртты. Курспен тұтас келдік. Бұл да біздің асқақ арманымыздың бірі еді. Жігіміз ажырамаса деген. Ұстазымыз бастап, осы театрды құрып, елге етене жақын спектакльдерімізді ұсынып жатырмыз.

– Үйде өнерге жақын біреу болды ма?

– Жоқ. Өнерге қатысты ешкім жоқ үйде. Қарапайым отбасынан шыққам. Гитарада ойнауды ағам үйретті. Көшеде жүріп қой баяғы.

– Бес жыл бұрынғы Хлестаков пен бүгінгі Хлестаковта айырмашылық бар шығар?  

– Әрине, бар. О баста 2-курста шағын ғана үзіндіден басталған еді бұл спектакль. Қыздар өздеріне үзінді алып келіпті. Арасында Хлестаковтың сөзі бар. Арықтау, бет әлпеті, түр-сипаты келіңкірейді деп маған Хлестаковты қиды. Емтиханға жақсы үзінді жасадық. Ағайдың тәжірибесінде мұндай классикалық дүние болмаған екен. Студент кезде тайталас, не керек, бар қабілетіңді салуға тырысасың. Трюктерді қостық. Замана жастарына икемдедік. Ағайға қатты ұнады. Сөйтіп, келе-келе оны спектакль етіп ұлғайтып, бәріміз рөл алып, үлкен дүниеге ұластырдық. Бітірген кезде көп-көрім спектакль болып шықты. Тіпті өзіміз күтпеген қойылым болды. Нұрқанат ағай орыстың әндерін әкелді. Қазақша да әндер қостық ішіне. Шығармашылық байланыс болды. Шәкірт  пен ұстаздың арасындағы ізгі түсіністік қалыптасты. Заманауи десем де болатын шығар. Қазіргі көрерменге сай етіп жасалды.

Қазіргі көрермен қандай?

– Көп сөзді қажет етпейтін, ақылдымсуды, үйретуді ұнатпайтын көрермен келе жатыр.

– Неге олай деп ойлайсыз?

– Өйткені, әлем көрерменнің алақанында  ғой. Кез келген ақпарат интернетте толып тұр.

Театрдың не керегі бар ендеше?

– Адам болған соң қызығушылық болады. Әр адам өзгенің жан дүниесінің құбылмалылығын бақылағанды ұнатады. Біз сахнадағы әрекетпен кез келген адамға ой саламыз. Бейжай қалдырмаймыз. Кинода мән беріле бермейтін нәрсе театр сахнасында басқаша сипат алады. Біздің мақсатымыз көрерменге әсер ету. Көп сөзсіз. Бимен, әнмен, іс-қимылмен. Қазақша, орысша деп бөле-жармай, жалпы жұртшылыққа түсінікті пластикамен сахнаны жанартау сияқты лапылдатып жіберуге талпынамыз. Бағытымыз осындай. Үлкен, кіші көрерменді таңдай бермейтін қойылымдар жасаймыз ылғи да.

Хлестаковтың алғашқы табысы осы Оралдағы жүлде ме?

– Әлемнің үздік дипломдық спектакльдері деген өнер додасына қатыстық. Мәскеудегі. 2007 жылы. Ол жерден біз орын алмадық. Бірақ жан-жақтан келген сыншылар жақсы баға берді. Мына «Ревизормен» театр ашуға болады деп айтқан еді. Солай болды да ақыр соңында.

Қазіргі театрларда мынадай бір тенденция байқалады. Шетелдің бір әртісін, режиссерін, болмаса тұтас бір қойылымды әкеп біздің көрерменнің назарына ұсынады. Сізге сондай ұсыныс түсіп, шетелге шақырту келсе, кетер ме едіңіз?

– Менің кіндік қаным тамған жер Қазақстан болғандықтан, жұмысым, отбасым, достарым осында болғандықтан, маған өз туған елімнен қымбат жер жоқ. Бізді тәрбиелеп, жеткізген еліміз. Осы жердің өнеріне барынша үлес қосуға талпынып жүрміз. Сол өмірлік мақсатымнан айнығым келмейді. Ал, Қазақстанның аумағындағы басқа театрға шақырса, еш ойланбастан барар ем. Шетелдегідей бізде де болады деп ойлаймын келешекте ондай дәстүр. Басқа театр, басқа әртістермен сахналас болуға, басқа режиссермен жұмыс жасауға келісер едім.

Білуімізше бірнеше киноға түстіңіз?

– Иә, «Алдар көсе», «Жау жүрек Мың бала», «А-ға оралу» көркем фильмдерінде ойнадым. «Жас ұлан» деген сериалға түскенмін. Қазір енді «Көшбасшы жолы» деген фильмге түсіп жатырмын. Бас кейіпкердің досын сомдаймын. «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы.

– Басқа салада да көрініп қалып жүрсіз?

– «Қымызханада». Мен онда даяшы болып ойнадым. Сосын көбіне дубляжға қатысам. Кино, деректі фильмдер, мультфильмдерді дубляждаймыз. Түрлі арналармен келісім-шарт жасасамыз. Әртістердің алып жүретін қосымша мамандықтарының бірі.

Сұхбаттасқан Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button