Жаңалықтар

ДӘУРЕН

Мағыналы сөз. Дәурен заманға қатысты айтылса керек. Дәурен әдетте өткен шақты білдіретін түсінік ретінде қалыптасқан.

Қазақ, әсіресе, елге танымал болған тұлғаларға қарата «дәурені өтті» деп жатады. «Өтті дәурен осылай» деп айту да дәстүрге айналған лексикалық түсінік. Сонда дәурен дегеніміз адамның басына кезінде қонған баққа қатысты айтылғаны ма? Сірә, солай болса керек.

Заманында болып-толып тұрған отбасы немесе бір жолы болған адамның, бүгінгі күні жағдайы мәз болмағанда, «дәурені өтті» деп аяушылық білдіріп жататынымыз бар.

Бастан бақ құсының ұшқаны, дәуреннің өткені. Жағдай осылай болса, қазақ ұл балаларына Дәурен деген есім беруді неге әдет қылған. Бала деген келешек, үміт емес пе? Сірә, дәурен тек өткен шақпен анықталмаса керек. Бұл мағынада Дәурен тілекке де қатысты. Жас баланың алдағы ғұмыры қызыққа, дәуренге толық болсын деген ниет аңғарылмай ма? Аңғарылады.

Олай болса, дәурен өткен шақты да, келер шақта да қолданылатын ұғым. Сөз басында дәурен заман ағымына қатысты дедік. Осы бағытта ой өрбітсек, дәурен заманмен бірге әр адамның өміріне бақ боп енетін мезет. Дәурен – уақыт өлшемі. Бақ дегеніміз мәңгілік емес, ол ауыспалы, өзгермелі, сондықтан, оны Бақ құсы деп атаған. Құс деген – тұрақсыздық символы. Оның табиғаты – ұшу, бір орнынан екінші, одан әрі тағы басқа өзіне қолайлы, жайлы жерлерге көшіп-қона беру. Ұшпаса, ол құс емес.

Бақ та солай, ол мәңгілік, тұрақты емес, мәселе сонда, адамдар бастарына қонған бақ құсын мәңгі деп алданып қалады. Бақ құс болса, ол қалайша тұрақты, мәңгілік болмақ? Құс қонған сәтінен-ақ ұшуды мақсат тұтпақ. Ұшқалы тұрған бақты малдануға бола ма? Осы бақтың құс болып ұшуын, көшуін білдіретін ұғым – дәурен. Ол жыл құсындай береке, мерекесімен келіп, өмірді құс базары етеді де, уақыты жетіп базарды тарқатады, осы сәтті «өтті дәурен» деп атаған. Бұл қайғы емес, өзгерістің табиғаты, болмысы, оны дәурен деу, соған сай көңіл-күйдің болуы, уақыт экзистенциясы. Өзгермелі дүние, өзінің табиғи бояуларын айқындап жатыр, оны адамдар өз түсініктеріне салып, соған орай өз көңіл-күйлерін білдіріп, анығын айтқанда, нәпсіқұмарлықтарын меңгере алмай «өтті дәурен осылай» деп өкініш білдіріп жатады, бұл пенделіктің философиясы. Асылында қирап, шашылып қалған ешнәрсе жоқ, баршылық, тоқшылық бір ыдыстан бір ыдысқа ауысып, құйылып жатыр, келешекте де солай болмақ. Ыдысы босап қалған ағайын, дәурен өтті десе, ыдысы, ырысы толған ағайын дәуренім келді дер. Бар болғаны осы.

Дәурен заман ағысының уақыт өлшемі. Уақыт деген – береке, ырыс, бақтың сауыты.

Мәселе, уақытты бағылып, уақыт ішінде өтетін ғұмырыңа жинақы бол,

сонда «өтті дәурен» деген өкініш болмай, ауыспалы, өзгермелі бақтың орнына, заманнан заманға өтетін құтты ғұмыр өз салтанатын құрмақ.

Бақ адам болмысының өзгермелі, ауыспалы табиғаты, ол – дәурен. Құт адамзаттың табиғатын айқындаушы – мәңгілік асыл қасиет, ол дәуреннен тыс болмыс.

Құттың өрістері – береке, ырыс, несібе. Дәуреннің өткенін мойындау – құтты қашыру емес, оны қабылдай білу. Дәурен өтті деп қайғыға салыну – құтты қашыру, Жаратушы берген береке, ырыс, несібеден айырылу.

Мұсылман дүниетанымында бастан дәурен өткенде сабыр, тәуба, қанағат, шүкіршілік ету деген адам аялдамалары бар. Бұл қамкөңіл, алаң көңіл аялдамалары, адам ең бастысы, өзінің басы амандығына тәуба етуі керек. Қазақ «басы аманның малы түгел» деп бекер айтпаған. Бұл мағынада дәурен де адам баласына бір сынақ. Баста дәуреннің тұрмайтынын, сол дер кезінде сезінгенің абзал, бірақ ол үшін адамға екі қасиет қажет: кісілік және парасаттылық.

Қазақ бастан бақтың қайтуын «дәурен өтті» дейді. Кәрілік келсе, жастық ғұмырды дәуренім деп жоқтайды.

Жастық, әрине, бақ құсы қонған шақ. Нағыз дәурен, бал дәурен, бірақ оның дәмі күні өткен соң тым тәтті болатыны несі!?

* * *

Екі мезгілде сөзге сақ болу керек. Үйге кіріп келе жатқан және үйден шығып бара жатқан адамға қарата айтқан сөзге. Бұл ырыс, несібе, қазақшалап айтсақ, құттықашырмаудың амалдары.

* * *

Сөз ауыздан, отыз тістен шыққанша өзіңдікі, одан кейін ол өзгенікі. Сөзге сақ болу – өнегеліліктің басы. Өнегелі адам аузына сақ келеді.

* * *

Тән жарасы жеңіл, себебі, оның емі бар, сөз жарасы ауыр, оның емі жоқ.

* * *

Өзге болам деп әуреге түспе. Өз табиғатыңнан асып-төгіле берсең, күлкіге қаласың.

* * *

Дәурен өмірдің тәтті дәмі, өзі өткенімен ауызда дәмі қалмақ, соны місе тұт.

* * *

Дәурен бақ құсы, ол алысқа ұшып кетпесін десең, шошытпа, үркітпе!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button