Еске алу

Дегдар азамат еді…

Белгілі ғалым, абайтанушы, филология ғылымының кандидаты, доцент, Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы Қыдырбек Қорғанбекұлы Әлқожаев мезгілсіз дүниеден озды.

[smartslider3 slider=3858]

«Сендер – ғапылсыңдар» дейді Құранда. Расында да, жақсының қадірін дүниеден өткен кезінде ғана біліп жататынымыз рас қой. Қасымызда жүрген Қыдырбек бір-ақ сәтте жалған-дүниені тастап жүре береді деп кім ойлаған?..

1971 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Қожакент ауылында дүниеге келген Қыдырбек Әлқожаев мектепте жүргенде-ақ Мэлс Қосымбаев, Жәкен Омаров секілді арқалы ақындармен сөз таластырып, ел аузына іліккен еді.

1995 жылы Әл Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскенде бірауыздан топ старостасы болып сайланған болатын. Ол сол кезде-ақ көшбасшылық қабілетімен көзге түсті. Факультеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы болды. Университеттің мәдени өміріне де белсене араласты. Үкілі Ыбырайдың «Қалдыр­ған» әнін шырқағанда  бағзының сал-серілері тіріліп келгендей әсер қалдыратын.

1995 жылы университетті тәмамдағасын алғашқы еңбек жолын Қазақ мемлекеттік заң университетінде оқытушы болып бастады.

1998-2002 жылдары ҚазМУ-дың филология факультетінде еңбек етті.

1999 жылы ҚР ҰҒА академигі Зәки Ахметовтің жетекшілігімен «Абайдың эстетикалық мұрасы  және ислам құндылықтары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады.

2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін тәмамдады. Сол кезден бастап біржола осы салаға бет бұрды.

2002-2003 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтында «Қазақ тілі» кафедрасының  меңгерушісі болды.

2003-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотында бас консультант, «Мемлекеттік тілді дамыту және редакциялық-баспа жұмыстары» бөлімінің сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2014-2017 жылдары Астана қаласы Алматы ауданы №2 аудандық сотының судьясы;

2017-2020 жылдары Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері бойынша ауданаралық арнаулы сотының төрағасы;

2020 жылдың 8 шілдесінен бастап Нұр-Сұлтан қаласы қылмыстық істер бойынша ауданаралық арнаулы сотының судьясы қызметін атқарды.

Оның еңбегі лайықты бағаланып, мемлекеттік марапаттар иеленді.

Бабасы би болған, атасы ауылдық кеңестің төрағасы, әкесі педагог болып еңбек еткен Қыдырбектің өн бойы­нан тектілік, дегдарлық аңғарылып тұратын.  Ол қай қызметті қолға алса да, тиянақты атқаратын. Заң саласын қазақтың байырғы дәстүріне сай жүргізу жөніндегі ұсыныстары да көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Әсіресе, БАҚ арқылы отбасы институтының берік болуы, шаңырақтағы әкенің беделін арттыру, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғау мәселелерін жиі көтеретін. Жақында ғана өте бір ауыр істің нүктесін қойып, әділдіктен мүлде күдер үзген бір отбасының өзіне алғыс айтқанын мерейлене айтып еді.

 Қыдырбек үлгілі отбасының егесі еді. Зайыбы – тамаша ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Эльмира Нұрланқызы Оразалина екеуі алтын асықтай үш перзент тәрбиелеп өсірді.

Әділдікті ту ғып көтерген, өмірді өлердей сүйген жүрек бір сәтте кенеттен тоқтады. Өнегелі өмір сүріп, өзі жиі айтатын «Қалдырған» әніндегідей артына жылы естеліктер қалдырып кете барды.

 Алла алдыңнан жарылқағай, Қыдырбек дос! Біз сені ешқашан ұмытпаймыз!

ҚазМУ-да бірге оқыған курстастары

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button