ӘлеуметМәселе

«Декретке»миллионмен қалай шығады?

Әлеуметтік желілерде «Декретке миллионмен шығудан» шеберлер қаптап кетті. Олардың «Декретке миллионмен» атты онлайн марафондарынан көз сүрінеді. Қайсыбіріне сенеріңді білмейсің. Бірінің парақшасына тіркеліп едім, өзін жеке кәсіпкермін деп таныстырып, мені ЖК-ге жұмысшы ретінде тіркеп, ай сайын 30-40 мың теңгеден төлеп отырсам, босанғанда есеп-шотыңа миллион түседі деп уәдені үйіп-төкті. Тіпті мұндай көмегі үшін ақы да алмаймын дейді, ақкөңіл ме әлде алаяқ па? Тегін дүние жоқ, әсіресе миллиондар деген түсініктегі мен бұл не деген батпан құйрық дедім. Сөйтсем, жұрттың әйелдері «декретке» де дайындалып шығады екен. Толығырақ бухгалтер, бұрынғы салық қызметкері әрі екі сәбиінде де миллиондарға қол жеткізген Гүлнұр ШОЛПАНҚҰЛ түсіндіріп берді.

[smartslider3 slider=668]

Елімізде барлық жүкті əйелге бірдей төленетін жəрдемақылардан бөлек, әлеу­меттік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақы алуға мүмкіндік бар. Олар соны пайдаланады. Декреттік демалысқа миллионмен шығу үшін сіздің әлеуметтік аударымдарыңыз кемінде 7 АЕК болуы керек. Қазір бір айлық есеп көрсеткіші – 42500 теңге. Оны 7-ге көбейтсек, 297 500 теңге шығады. Декреттік демалысқа шыққан кезде сіздің айлық есептік көрсеткішіңіз 7-ден асса 1 млн 200 мың теңге шығады. Оның 10 пайызы зейнетақы қорына аударылады. Демалыс күндері тәттісін пісірсе де, әйтеуір бос жүрмей ақша тауып жүрген жұрттың пысық әйелдері жүкті екенін біле сала миллион алу үшін өздерін жеке кәсіпкер ретінде тіркейді. Яғни, ЖК ашады. Көбісі салықтан қашады, оны артық шығын деп есептейді. Сөйтіп, тіркеуден бас тартады. Жеке кәсіпкер ретінде (ЖК) тіркеліп, өзіңізге әлеуметтік төлем мен зейнетақы аударсаңыз, декреттік демалысқа шыққан кезде босануға дейінгі жәрдемақы арқылы кеткен шығынды өзіңізге қайтарып аласыз. Ал енді ЖК ашқысы келмейтіндер басқа адамның ДК-сына жұмысшы ретінде тіркеліп, зейнетақы қорына табысының 10 пайызын, әлеуметтік сақтандандыру қорына 3,5 пайыз және табыс салығы, медициналық сақтандыру бойынша төлем жүргізіп отырса болады.

«Жұмыс істеп жүрген кезде әлеуметтік сақтандыру қорына ақша төлеп отырсаңыз, жұмысқа қабілетсіз болған кезде сізге сақтандыру қоры ақша төлейді. 7 айдан кейін жұмыс істеу сіздің және балаңыздың өміріне қауіпті болғандықтан, сақтандыру қоры ақша бөледі. Сондықтан, босануға дейінгі жәрдемақы зейнетақыдан емес, әлеуметтік сақтандыру қорынан есептеледі» дейді Гүлнұр Шолпанқұл.

Әлеуметтік төлемді мүлдем жұмыс істемейтін адам төлей алмайды. Әлеуметтік төлемді сіз үшін жұмыс беруші төлейді немесе жеке кәсіпкер ғана өз-өзіне төлей алады. Сондықтан сіз жұмыс істемей, үйде отырған болсаңыз, жеке кәсіп ашу арқылы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу арқылы ғана әлеуметтік төлемдерді жасай аласыз. Әлеуметтік төлем болғанда ғана миллион алуға мүмкіндік бар. Ол үшін ертерек әрекет жасау керек, жүктіліктің 3 айынан ассаңыз немесе босанған болсаңыз, ЖК ашуға кеш. Салған ақшаңызды ақтай алмай қаласыз. Сондықтан 1 жыл бұрын жоспарлы түрде әрекет ету керек.

«Кешіксеңіз де, жүкті екеніңізді білген сәттен бастап 5 ай салсаңыз, 460 мың теңге алатын мүмкіндік бар. ЖК-ті үйден шықпай-ақ онлайн түрде Халыққа қызмет көрсету орталығынан ЭЦҚ алып, egov.kz сайты арқылы тіркей аласыз. Екінші жолы, Салық басқармасына барып, қағаз күйінде өтініш жазсаңыз, бір күнде тіркеледі. ЖК тіркеген кезде салық режимін таңдайсыз. Олар: жалпыға бірдей салық режимі, оңайлатылған салық режимі, патент. Патент 1% (табыс салығы) – 2 970 теңге. Зейнетақы қоры 10% – 29 700 теңге. Әлеуметтік төлем 3,5% – 10 395 теңге. Бастапқыда сіз осы 3 төлемді ғана төлейсіз. Ал егер оңайлатылған салық режимі болса, айырмашылық тек қана табыс салығында болады. Табыс салығы 1,5%-ға тең. Және табыс салығы – 4 455 теңге. Ал қалған төлемдер дәл сол қалпында қалады. Патент болса, төлемдер ай сайын жіберіліп отырады, ал оңайлатылған салық режимінде алты айда бір рет төлем жасайсыз» деп түсіндірді Гүлнұр Нұрланқызы.

Сонда ЖК өз атыңызда болған жағдайда, 1 айлық табыс 297 000 теңге болса: Зейнетақы қорына аударым: 29 700 теңге (10 пайыз), әлеуметтік сақтандандыру қорына аударым: 10 395 теңге (3,5 пайыз), табыс салығы: 2970 теңге (1 пайыз патент болған жағдайда), медициналық сақтандыру бойынша төлем – 2970 теңге (2020 жылға дейін тек жалдамалы жұмысшыларға), ДК иесі төлемейді. Сонда жалпы ай сайынғы шығын 43 065 теңгені құрайды. Мұны уақытылы төлеп отырсаңыз, мақсатыңыз орындалады.

Басқа адамның ДК-сына жұмысшы ретінде тіркелгенде жалдамалы шығыныңыз көбірек болады дейді маман. Жүктіліктің 7-айы болған кезде гинеколог-дәрігерден еңбекке жарамсыздық парағын аласыз. Алдын ала есепке тұрған кезде өзіңізде ЖК барын және еңбекке жарамсыздық парағы керек екенін ескертуді ұмытпаңыз. Еңбекке жарамсыздық парағын қолға алғаннан кейін, егер сізде ЖК болса, екінші бетін өзіңіз толтырасыз. ЖК-ні растау үшін ЖК-нің ашылғанын растайтын құжат, жеке есеп-шот бойынша көшірме, салық есебі (оңайлатылған – №910 форма, патент – №911форма), салық есебінің тапсырылғанын растайтын құжат өткізесіз. Сосын екі аптаның ішінде «расталды, осындай көлемде босанғанға дейінгі жәрдемақы аласыз» деген хабарлама келеді. Егер келмесе, уайымдаудың қажеті жоқ. Құжаттарыңыз реттеліп, қалпына келтірілгеннен кейін міндетті түрде жәрдемақы қолыңызға тиеді. Әрі қарай ЖК-ні тоқтатуға немесе жауып тастауға болады.

Балаға бір жылға дейінгі декреттік төлемдерін тіркеу үшін паспорт, жеке куәлік, баланың (балалардың) туу туралы куәлігі (куәліктері) немесе туу туралы актілік жазбадан үзінді көшірме, банктен анықтама және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шотының нөмірі туралы құжат қажет.

«Кейбір қыз-келіншектеріміз миллион аламын деп алаяқ­тардың арбауына түсіп қалып жатады. Әккілер сіз маған ақшаңызды берсеңіз, мен сіздің атыңыздан төлем жасап, миллионыңызды алып беремін деп сендіреді. Жеке парақшама осылай ақшамды ала алмай жүрмін деп көмек сұрап жазатындар көп. Жас аналар, көпбалалы аналар үйде отырып, мүлдем жұмыс істемей ақшаға кенелемін деген ойдан аулақ болса екен деймін. Ақшаңызды бейтаныс адамға беріп, ол әлеуметтік сақтандыру қорына төлеп, табыс салығын төлемейтін болса, миллион былай тұрсын, берген ақшаңызды да қайтара алмай сан соғып қалуыңыз мүмкін. Себебі миллионды сізге ешкім жайдан-жай бермейді» дейді Г.Нұрланқызы.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button