2022 - Балалар жылы

Демалысты қалай өткізеді?

Карантиндік шектеулерден кейін биыл балалардың жазғы демалысын ұйым­дастыру ісі қайта жанданып жатыр. Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринованың айтуынша, жазғы уақытта 3,3 млн оқушыны қамту жоспарланған. Ал 2,3 млн оқушы сауықтыру лагерінде демалатын болады. Жалпы, ел бойынша жазғы сауықтыру науқанын қаржыландыру үшін 4,53 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар республика бойынша 11 мыңнан аса мектеп жанындағы, қала маңындағы, шатырлы, спорттық және киіз үй лагері жұмыс істейді.

[smartslider3 slider=3157]

Республика бойынша жазғы мектептер жұмысы 17 маусымға дейін жалғасады. Сабақтар математика, мазақ және ағылшын тілдері, физика, химия және т.б. пәндер бойынша ұйымдастырылуда. Жазғы мектептің ерекшелігі – музей мен тарихи нысандарға бару, таза ауада өтетін сабақтар деп айтар едік. Сондай-ақ үй тапсырмасы берілмейді. Жоғары оқу орындары жанынан ашылған  жазғы мектептер де бар. Онда оқушылар тіл, IT-технология мен робототехника, биотехнология, кәсіпкерлік негіздерін оқиды.

Нұр-Сұлтан қаласы бойын­ша, мектеп жанындағы лагерлерден бөлек, 2 профильді, 2 қала сыртындағы (Ақмола облысындағы Ақкөл ауданында орналасқан «Арман» және «Боровичок») және 2 шатырлы («Батыр» және «Тұлпар») лагерь жұмыс істейді. Бұл 176025 оқушыны қамтып отыр. Елордалық білім басқармасының мәліметінше, 2 қала сыртындағы (1440 бала), 2 шатырлы (960 бала), 2 бейінді (700 бала), сондай-ақ Оқушылар сарайы жанындағы жазғы лагерь (олар үш маусымға есептелген) жұмыс істейді.

Жаз айларында балалардың бос уақытын ұйымдастыру үшін жеке білім беру және мәдениет мекемелері өз ұсыныстарын әзірлеген. Атап айтқанда,  астаналық Stars Studio студиясында оқушылар үшін төрт бағыт бойынша топтық сабақтар ұйымдастырылады. Олар: актерлік шеберлік, вокал, би және бейнелеу өнері.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында балаларға арналған 3 орталық жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Sana» және «Tanym» креативті технологиялар орталықтары. Мұнда 1-11-сынып оқушылары робот, ойын мен қосымшалар жасауды тегін үйренеді. Ал «Нұрсая» тұрғын үй кешенінде орналасқан «Білім-парк» өнер-білім орталығында 15-ке жуық үйірме бар. Олардың ішінде хореография мен IT үйірмесіне сұраныс жоғары. Одан басқа оқушылар робототехника, кеме жасау, авиамодельдеу, видеографика домбыра, бокс, шахмат секцияларына тегін қатыса алады.

Қала сыртындағы демалыс

Нұр-Сұлтаннан 260 шақырым жерде Бурабай мен Щучинск курорттары орналасқан. Мұнда да балаларға арналған арнайы жазғы демалыс бағдарламасы бар. Бурабай көлінің солтүстік жағалауындағы Edelweiss Borovoe лагеріндегі 10 күндік демалыс үшін 75 мың теңге төлеу керек. «Жұлдызды континент» балалар сауықтыру-ойын-сауық орталығына 10 күнге жолдама 80-нен 95 мың теңге аралығында болады. Бірақ Нұр-Сұлтаннан лагерге дейінгі жол шығыны бұл бағаға кірмейді.

Шілде айынан бастап елордадан 30 минуттық жерде орналасқан Қызылжар орман шаруашылығы аумағында «Саржайлау» этнолагері ашылады. Мұнда балаларға ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлері үйретіледі. Сондай-ақ киіз үй құрылып, ұлттық тағамдардың жасалу әдісі көрсетіледі. Этнолагерь 12-16 жастағы балаларға арналған. Өтініштер 15 маусымнан бастап қабылданады.

Елордалық оқушыларға арналған ақылы шетелдік лагерлер де бар.  Мәселен, Түркиядағы Кемер қаласының Бельдиби курорттық қалашығындағы білім беру лагерінде 7-11 сынып аралығындағы оқушылар қабылданады. Бір оқушының 10 күндік демалысы 2750 еуроны құрайды. Бұл бағаға ұшу билеті (Нұр-Сұлтаннан), жатын орын, тамақтану, оқу және медициналық сақтандыру кіреді. Оқытудың әртүрлі форматтары  бар. Мұнда топтық экскурсиялар мен шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық үйретіледі.

Балалар төмендегі санаттар бойынша жазғы лагерге тегін жолдама алады:

  • атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар;
  • орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылар;
  • жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • отбасындағы балалар шұғыл көмекті қажет ететін отбасылар.

Тегін қызмет алу үшін egov.kz немесе білім басқармасына жазбаша өтініш беру керек.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button