Басты ақпаратМәселе

Дене шынықтыру пәні неге дұрыс жүргізілмейді?

Дені сау ұлтты тәрбиелеу, бұқаралық спортты дамыту, болашақ спортшыларды спортқа ынталандыру, сайып келгенде, барлығы мектептегі дене шынықтыру сабағынан басталады. Ойды да, бойды өсіретін пән «міндеттілердің» қатарына кірмейді. Қосымша, екінші деңгейлі сабақ ретінде жүреді. Содан болар, бүгінгінің гаджетке телмірген нәзік баласының ғана емес, қоғамның да дене шынықтыру пәніне салғырт қарауы белең алып келеді. 

Мектептерде дене шынықтыру сабағының барысын көргеннен кейін сондай ой еріксіз қалыптасады. Сабақ басталар кезде ойынға қызығатындар доп қуалап, баскетбол, футбол ойнап кетсе, өзгелері ұялы телефондарынан көз алмай отыра берді. Енді бірі топ болып әңгіме айтысты. Оқушыларға ғана емес, мектеп мұғалімдері үшін де ол қалыпты жағдай секілді. Ал сырт қараған көз тек балалардың қатысып жүргенін көреді де қояды. Бастысы, спорт киімі мен аяқ-киімі болса болғаны.

Рас, міндетті пәндердің қатарына кірмейтін дене шынықтыруды бала түгілі, үйдегі ата-ана да «менсінбейді». Жақында ақтаулық 1-сынып оқушысының анасы дене шынықтыру пәнін аптасына үш емес, бір сағат та өткізсе жеткілікті деп, пәнді Әліппеге ауыстыруды сұрағаны соған айғақ. Ата-ананың ойынша, пән сағаттары тым көп. Сәйкесінше, бұл басқа маңызды пәндерді игеруге кедергі жасайды екен-мыс.

Саны көп, сапасы жоқ

Биылғы оқу жылында министрліктер тарапынан пәнге қатысты өзгерістер енгізіліп, тіптен халықты сарсаңға салған жаңалықтар да айтылды. Нақты айтсақ, жаңа оқу жылы басталардың алдын ҚР Оқу-ағарту министрінің 3 тамыз­да бұйрығы жарияланды. Бұған қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы наразылық білдіріп, мұғалімдердің мүддесін алға тартқан еді. Оның негізгі себебі – дене шынықтыру сабақтарын өткізу кезінде сыныптарда гендерлік принципке сай ұлдар мен қыздар болып, топтарға бөлмеу. Мұғалімдер бұл өзгеріс пән бойынша сағаттар санының едәуір қысқаратынын және мыңдаған мұғалімдердің жұмыссыз қалатынын, әрі сабақтың сапасы төмендейтінін айтып, дабыл қақты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған хаттамада мұғалімдер 45 минут ішінде баланы оқу сапасын сақтай отырып, топқа бөлмей оқыту мүмкін еместігін, әрі осы мәселеде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де барын ашына жазды.

– Бұл бюджет қаражатын үнемдеу үшін жасалған шығар. Бірақ денсаулықтан қалай үнемдеуге болады, әсіресе балалардың денсаулығын, елдің болашағын қалай үнемдеуге болады?! Біріншіден, топтарға бөлуді алып тастау арқылы оқушылардың сабақта физиологиялық дамуға сәйкес қажетті білімді, дағдыларды барынша алуға мүмкіндігін де тартып алады. 25 сыныбы бар мұғалімге (мұғалімдердің 40-қа дейін сыныптар бар!) әр материалды жеткізуге физикалық тұрғыда уақыты жетпейді. Қазіргі заманғы дене шынықтыру сабағы жай ғана «допты лақтыру және жүгіру» емес. Сабақта баланы сауықтыру, оның талантын, бейім­ділігін ашу міндеттері тұрады деп жазылған. Ал гендерлік принципке сай бөлек оқыту енгізілетінін министрлік мамыр айында ғана мәлімдеп еді.

Ұстаздардың бұлай шамдануына да негіз бар. Жүктемесі көп болған сайын жалақы да сәйкесінше жоғары. Алайда оқытушылардың да санға емес, сапаға қарай көсілгені құба-құп болар еді. Осы тұрғыда, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдерге берген жауабында сабақтың сапалы әрі өнімді өтетініне мән беру керектігін атады.

«Бұрын дене шынықтыру мұғалімдері 1,7-2 ставкамен жұмыс істеп келген. Ал енді сыныпта екі мұғалім емес, біреуі ғана сабақ беретін болса, әрқайсысына орташа жүктеме 1,2 ставканы құрайды. Кейбір әріптестерім бір жарым емес, екі ставка бойынша жұмыс істегісі келетінін түсінемін. Бірақ қаншалықты тиімді екеніне де қарау керек.

Әр сыныпқа бір мұғалімнен болады. Егер бір сыныпты екіге бөліп, бүгінде әріптестеріміз талап етіп отырғандай екі педагогтан беретін болсақ, онда бір спортзалда бір сабақ кезінде 6 ұстазға жұмыс істеуге тура келеді» деді ол.

Расымен, осы уақытқа дейін мектептің бір спортзалында алты, аз дегенде төрт мұғалім сабақ беріп келген. Топқа бөлінбей сабақ жүргізгенде, мұғалімдер саны екі есе қысқаратыны белгілі. Алайда оқушы саны сол қалпында қалатын болса, мәселен, үш сынып бірдей сабақ өтсе, әрқайсысындағы 30 (жалпы саны 90 бала) оқушы үшін толыққанды сабақ өтуге тағы бір мәселе бар. Кеңістік аз. Үш емес, екі сыныптың өзіне де спортзалда орын жетпейді.

Шынығатын спортзал аз

Шынтуайтына келгенде, мемлекет елдегі демографиялық өсу қарқынды жүрген кезде «қол қусырып қалды». Сөзіме дәйек – ұлттық статистика бюросының мәліметі. Ресми ақпаратқа сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстанда оқушылар саны 2,5 миллионнан 3,5 миллионға дейін өскен. Туу көрсеткіші басым елді мекендерде, мәселен, Түркістан облысында 2020-2021 жылдағы оқу жылында 499535 оқушы болса, биыл өңірдегі оқушылардың жалпы саны 511158-ге жетіп отыр. Оларға облыс бойынша мыңға жуық мектеп қарастырылған.

Елордада оқушылардың жалпы саны 230 мыңға жетіп отыр. Қаладағы 149 мектептің 99-ы – мемлекеттік. Бас қаладағы мектептерде спортзалдарға деген қажеттілік аса ушығып тұрған мәселе емес. Сонда да бала саны жыл сайын артатынын ескерсек, спортзал түгілі, жаңа мектептердің қажеті бар.

Елде оқушы саны артса, мектептердегі спортзалдарға да салмақ артады. Келер жылдары да бұл мәселе шешілмесе, қиынға соққалы тұр. Себебі пандемия уақытынан басталған «бэби-бумды» ескерсек, соңғы екі жылда миллионға жуық бала дүние есігін ашқан еді. Бес-алты жылдан кейін енді мектеп табалдырығын солар аттағалы отыр. Оларды мектеппен, спортзалдармен қамтамасыз ету – негізгі міндет. Спортзал жетпегенде, құрал-жабдықтар жайты онсыз да белгілі. Расында инфрақұрылымның ақсап тұрғаны – көп дүниеге тосқауыл.

Жасыратыны жоқ, еліміздің кей білім беру мекемелерінде сабақ спортзалдарда емес, кабинеттерде өтеді. Спортпен айналысу керек болған балалар дене шынықтыру сабағы қалай өту керектігі жайында конспект жазады. Әкімшілік мектеп құрылысына миллиондап қыруар қаржы шығарады да, аумағы кемінде 150 шаршы метрлі спортзалдарға қаражат жетпейтіні қызық.

Жаңа оқу жылында не өзгеріс?

Бүгінгі таңда елімізде дене шынықтыру бойынша 500 мыңнан астам сағат берілген, 30 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

«Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 2-тармағына сәйкес, дене тәрбиесі жалпы білім беретін мектептерде аптасына кемінде үш сағат өткізілуі тиіс. Пән бойынша бағдарламаның әрбір үшінші сағаты білім алушылардың қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуіне сәйкес, жаңа оқу жылында да 1-11-сынып оқушылары аптасына 3 сағат дене шынықтыру сабағы өтеді. Дене шынықтыру сабақтарының саны бойынша ештеңе өзгермейді. Мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес жаңа оқу жылынан бастап бір сыныптың барлық оқушысы дене шынықтыру сабағын, сондай-ақ басқа да пәндерді бірге оқиды. Мектеп бағдарламаларында қыздар мен ұлдардың дене шынықтыру жаттығуларының жекелеген нормативтері бар, олар сабақта міндетті түрде сақталуы тиіс.

2021 жылдан бастап енгізілген бір жаңалық – дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне 3 сағаттық спорт секциясын өткізгені үшін жалақысына қосымша 100% төлем төлене бастады. Бұл секцияларға да оқушылар қатысады. Мұның бәрі оқу жоспарларының шамадан тыс жүктемесін азайтып, балалар арасында бұқаралық спортты дамытуға жағдай жасайды. Халықаралық тәжірибеде (Жапония, АҚШ, Германия, Корея, Финляндия және т. б. елдерде) бір сыныпқа сабақ өткізу үшін екі дене шынықтыру мұғалімін бөлу қарас­тырылмаған. Өзге елдерде дене шынықтыру сабақтары аптасына кемінде үш рет өткізіледі, ең көп сағаттар – бастауыш сыныптарда. Еліміздің білім беру ұйымдарындағы оқу жүктемесінің саны бір дене шынықтыру мұғаліміне орта есеппен 18 сағат, яғни бір мөлшерлемеден сәл артық.

Оң көзқарас қалыптастыру – басты қажеттілік

Мамандардың айтуынша, дене шынықтыру пәні десе, бейқамдық танытатын баланың да, тәрбиелеп отырған ата-ананың да көзқарасын өзгерту керек.

15 жылдан артық уақыт мектепте шәкірт тәрбиелеп отырған Самат Қуандықұлының айтуынша, бұрын оқушылар спорт десе алдарына жан салмай, волейбол ойнау үшін таласатын еді.

– Қазір сабақта телефондарын тастамайтын балалар бар. Өз басым, гаджеттерді жинап аламын да, ұстамауларын талап етемін. Менің оқушыларым оны біледі. Жалпы дене шынықтыру пәніне балаларды қызықтыру, ата-аналармен байланыс жасау – тікелей мұғалімнің қолындағы міндет, – дейді Binom мектебінің мұғалімі.

Дене шынықтыру – негізгі тәрбие құралдарының бірі. Ал тәрбие отбасынан басталады. Баланың пәнге ыждаһаттылығын арттыру алдымен, ата-анаға жүктелетінін, сондай-ақ кез келген пәнді тек дені сау бала ғана игеріп кете алатынын қоғамның түсінгені маңызды.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button