2022 - Балалар жылы

Дені сау бала – бақытты

Елордада медицина қызметкерлері жылдағыдай биыл да 1 маусымда дүниеге келген нәрестелерді құттықтады. Одан басқа қала көлемінде көптеген емдеу мекемелерінде балалар мерекесі ерекше атап өтілді.

[smartslider3 slider=3125]

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мереке күні босанған бақытты аналарды қала басшылығының атынан қос мерекемен құттықтап, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің Алғыс хатын табыстады. «Бүгін сіздер үшін екі бірдей мереке. Дүниеге әкелген ұл-қыздарыңыз еліміздің абыройлы, беткеұстар азаматтары болсын! Тек сіздің отбасыңыздың ғана емес, барша Қазақ елінің мақтанышы болып өссін. Болашағы жарқын болсын!» деді құттықтау сөзінде басқарма басшысы. Сәбилердің аналарына естелік сыйлықтар, атап айтқанда, серуендеуге арналған арбалар, жаңа туған нәрестелерге жиынтық және т.б. бағалы сыйлықтар табысталды.

Сонымен қатар Мамандандырылған балалар үйінде балаларды құттықтауға арналған мерекелік іс-шара өтті. Мекеме тәрбиеленушілерін қала әкімдігінің, қоғамдық қорлардың, елшіліктердің және т.б. ұйымдардың өкілдері құттықтады. Қала емханаларында Ашық есік күндері, аниматорлардың қатысуымен мерекелік бағдарламалар ұйымдас­тырылды.

Сондай-ақ №11 қалалық емхана ұжымының Қырқыншы станциясындағы филиалында жылдағыдай осы мекемеде тіркеулі тұрған мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар балаларын жинап, қайырымдылық іс-шара өткізілді. Емхана директоры Жаңалық Сағандықов Балалар жылының мақсатына тоқталып, өскелең ұрпақты қорғау үшін ең алдымен, билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз» дей келе ол, аталған шараға демеушілік еткен қайырымды жандарға Алғыс хаттар табыстады. Мерекелік концерттік бағдарлама «Теміржолшылар» тұрғын алабындағы балабақшалар мен мектеп балаларының және №11 емхана қызметкерлерінің өнерпаздарының өнерінен құралды. Демеу­шілер атынан қатысқан 50 шақты балаға сыйлықтар мен тегін балмұздақ таратылды.

Балаларды қорғау күніне орай «Балаларға күлкі сыйла» акциясы ұйымдас­тырылды. Соның аясында елордадағы жеке стоматологиялық емханалар балалардың тістерін тексеріп, емдеп, тегін қабылдауда. «ӘМСҚ» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының бастамасымен өткізіліп жатқан бұл акцияға Қор базасындағы жеке меншік стоматологиялық клиникалар қатысуда. Акцияға қатысып жатқан тіс емханаларының қатарында – «Стоматология» оқу-клиникалық орталығы» ЖШС, «Асыл-Ай Stom» ЖШС, «М32» ЖШС, «Тұмар «стоматологиялық клиникасы», «Er-Stom» стоматологиялық клиникасы, т.б. бар. Елордалық ата-аналар аталған жекеменшік емханаларға барып, балалардың тістерін тегін қаратуына болады. Солардың ішінде «ER-Stom» стоматология емханасы диспансерлеу жүйесі бойынша жұмыс істейді. Ең жақсы және қолжетімді емдеу жоспарын таңдау үшін бірден бірнеше маман кеңес береді. Жүкті әйелдер мен 18 жасқа дейінгі балалар үшін МӘМС жүйесінде көрсетілетін терапевтік қызметтердің барлық түрлерін, сондай-ақ хирургиялық, сүт тістерін, тұрақты тістерді де жұлып тастау сияқты қызметтерді тегін жасайды. Жеңілдік санатындағы топтарға, яғни зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектерге шұғыл көмек көрсетеді.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button