Мәдениет

Денис Мацуев: ӨНЕР– ӘЛЕМНІҢ БЕЙБІТШІЛІК ҚҰСЫ

Мацуев_чб

Атағынан ат үркетін әйгілі пианист Денис Мацуевті білмейтін жан кемде-кем. Ресейдің халық әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты атанған дарынды тұлғаның өмір жолы да өзгеше. Таным түйсігі де бөлектеу. Ол – үш жылдан бері дәстүрге айналған «Astana Piano Passion» халықаралық конкурсының көркемдік жетекшісі. Талай талантты өнер ұясынан баптап ұшырған ұлағатты ұстаз. Осындай айтулы музыка майталманымен  фестиваль аясында кездесіп, сұхбаттасқан едік.

– Біздің елімізде «Astana Piano Passion» халықаралық конкурсы осымен үшінші мәрте өтуде. Сіз осынау ауқымды жобаның жетекшісі ретінде байқау жайлы кеңірек айтып өтсеңіз?

– Расында, классикалық музыкаға жан-тәнімен ден қойған, талантты жас үшін байқаудың маңызы өте зор. Сондықтан да болар, жыл сайын арнасы кеңейген өзендей фестивальдің де көкжиегі кеңейіп, қанаты қатайып, әлемдік деңгейде беделі күшейіп келеді. Дүниенің төрт тарабынан сайысқа қатысам деген үміткерлердің саны көбейді. Биылғы бәйгеде 30 талапкер бақ сынамақ. Және олардың барлығы өз елдерінде шашасына шаң жұқтырмаған жүйрік өрендер екенін біліп қойыңыз. Қазылар алқасы да әлемге есімдері танымал білікті мамандардан құралған. Осыдан-ақ, конкурстың халықаралық брендке айналғанын аңғаруға болады. Ауқымды жоба әуелден-ақ ерекше сонылығымен әлемдік ондыққа еш кедергісіз енді. Бастысы, әрбір жастың фортепианода өздері ойнаған сиқырлы әуезді бойына сіңіріп, өнерге деген ынтасы оянса, біздің мақсатымыздың орындалғаны деп есептеймін. Әсіресе, қазақ балаларының классикалық музыкаға деген құлшынысы қы­зықтырды. Алғашқы байқауда, бір қазақ баласы ғана лауреат атанса, екіншісінде олардың қатары көбейіп, бес-алты өрен бәйгенің алдында жүрді. Бұл – шынымен де мақтаныш. Қазақстан маған қатты ұнайды. Мұнда өзімді үйімде жүргендей еркін сезінем. Уақыт есептеулі болса да, осы елде алты күн қатарынан қонып жатырмын. Тіпті, өзім туған Иркутскіде бұлай болмаймын. Конкурс үшін де елорданың орны ерек. Әдемі әсерге толы, көз тоярлық жас қала. Осындай өнер тойын ұйымдастыру деңгейі де жоғары.

– Жалпы, классикалық музыканы екінің бірі жіті түсіне бермейді. Ол үшін адамға биік өре мен терең таным да қажет секілді…      Сонда мұның сыры неде?

– Дұрыс айтасыз, классикалық өнердің күрделі екені рас. Осы жанрда шығарма жазған композиторлар да оңай тұлғалар емес… Табанды еңбек пен терең білімді талап ететін бұл өнердің болмысы да жұмбақтау. Дәлірек айтқанда, кіді мінезі бар, ақсүйек өнер. Көп көрерменге асау тұлпардай алдыра бермейді. Біз – композитор мен тыңдарман арасындағы жылы шуақты жалғайтын алтын көпірміз. Әрине, бүгінгі таңда қоғамның адамға артып отырған міндеті де, уақыттың жүгі де ауырлау. Сондықтан ол адамдардың психологиясына әсер етпей қоймайды. Кейінгі кезде көпшіліктің көңілі құлазуға бейім. Оған толғауы тоқсан тірліктегі сапырылысып жатқан қарбалас пен арпалыс, түрлі келеңсіз жағдайлар мен жағымсыз ақпараттардың ықпалы да бар. Сондай көңіліңіз қабарған сәттерде бір мезет классикалық музыкаға құлақ түрсеңіз, жүдеп жүрген жаныңыз жадырап, ерекше күйге бөленесіз. Бір жағынан классикалық музыканың ауырған адамның дертіне шипа болатын қасиеті де бар. Өз басым, мыңдаған көрермен жиналған орталарда өнер көрсетіп жүрмін. Сонда олардың ішінен осы музыканы жан дүниесімен шынайы ұғынып, терең түсінген он адам шықса, онда менің мақсатымның орындалғаны деп ойлаймын. Кейде сиқырлы музыканың әуезімен тербелген шақтарда, залда мыңдаған көрермен отырса да масаның ызыңы да естілмейтін беймарал тыныштық орнайды. Осы тылсым маған қатты әсер етеді. Кәдімгідей шабыт сыйлайды. Оны мен көрмесем де жан діріліммен сезінемін. Әрбір концерттен соң міндетті түрде көрермендерге алғысымды білдіремін. Өйткені, олардың ықыласына бөленгеннен артық абырой жоқ. Солардың риясыз пейілдерінен күш алып, қуат жинаймын. Бәріне жылы шуақ сыйлағым келіп тұрады. Сондықтан классикалық музыка – ешқашан тот баспайтын саф алтындай жарқырап тұратын мәңгілік дүние.

– Сіз біздің елімізге жиі ат басын бұрасыз. «Сырт көз – сыншы» демекші, қазақстандық өнерпаздар жайлы, отандық өнер туралы ойыңызды білсек дейміз?

– Негізі, мен халықты бөлмеймін. Және ол өнер адамына тән қасиет емес. Сондықтан барлық елді, жерді қадір тұтамын. Өйткені, менің тыңдармандарым бүкіл мемлекетте бар. Біз кезінде бір одақтың құрамында болдық. Сондықтан болар, табиғатымыз да, көзқарасымыз да жақындау. Тәлім алған өнер мектептері де ортақ болды. Мәселен, конкурстың қазылар құрамындағы Жәния Әубәкірова мен Төлеген Мұхамеджановтың есімдерінің өзі – биік мәртебе. Жәния Әубәкірова – Мәскеу консерваториясын бітірген, үлкен ұстаздардың алдын көрген тұлға. Осы кісінің Қазақстанда өз мектебі қалыптасқан. Қаншама шәкірттері әлемге танылды. Бұл – үлкен еңбек. Ал Төлеген Мұхамеджановтың жүрек тербейтін туындыларының өзі – бір төбе. Өз басым осындай талантты әріптестерімді аса құрметтеймін. Қазақ өнер десе, ішер асын жерге қоятын халық. Мәдениетті жоғары бағалайды. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі деп білемін. Өнерді ілгері дамыту үшін қаншама ғимараттар салынды. Бір «Астана Опера» театрының өзі неге тұрады. Өнер – әлемнің бейбітшілік құсы, ақ көгершін секілді. Оны қару-жарақпен, әскермен салыстыруға болмайды. Елмен елді достастыратын, жақындастыратын, татуластыратын дүние – өнер. Мәселен, осы байқауға жиналған дарынды балалардың арасынан күні ертең әйгілі музыканттардың шығатыны хақ. Өткен жылғы конкурста жеңімпаз болған дарынды жас Санжарәлі Көпбаевтың өзі қандай? Оның болашағынан үлкен үміт күтемін. Осындай ізгі шаралардың арқасында талай дарынды балғынның өнердегі тұсауы кесілді. Қазақстанда классикалық музыканы түсіне білетін көрермендер легі қалыптасқан.

– Біз көп жағдайда баламызды бесіктен белі шықпай жатып, музыкалық үйірмелерге беруге құштармыз. Әрине, оның ішінен топ жарып шығатындар да бар. Алайда, бәрі де «жұлдыз» болып кетпейді ғой… Осы дәстүр дұрыс па, әлде бұрыс па?

– Бұл пікірдің екі жағы бар. Қазір техникалық үдеріс жылдам дамып барады. Ол музыкаға да келді. Мәселен, музыкалық мектепте оқып жүрген түйсігі күшті он жастағы бала Рахманинов шығармаларын пианинода еркін ойнайды. Әрине, ол композитордың ойлы туындыларын терең түсінбесе де, жаңа музыкалық техника арқылы мінсіз орындайды. Жалпы, мен «вундеркинд» деген сөзге қауіппен қараймын. Сөз жоқ, тумысынан дарынды туған бала Шопеннің күрделі шығармаларын да төгілтіп орындап береді. Ол – Құдайдан дарыған қабілет. Егер сол баланы қамқорлыққа алып, дұрыс бағыттай білсек, кейінгі өмір жолы да жарқын болмақ. Ал керісінше болса ше…? Сондықтан, баланы жасынан қинамау керек. Оның бойын «жұлдыз» ауруынан алшақ ұстаған жөн. Мысалы, әйгілі пианист Евгений Кисин  жасынан «вундеркинд» бала атанды. Жұлқынып тұрған өнерімен елге аты ерте шықты. Бірақ соған ата-анасы мен ұстаздары дұрыс бағыт-бағдар бергендіктен ғана өнерден алшақтамай, өз жолын таба білді. Даңқты болды. Кейде ата-аналар балаларын қинап, он сағат бойы музыкамен айналысуға жүктеп қояды. Бұл – қате ұғым. Ол он сағат айналысса да, музыканы түк түсінбеуі де ғажап емес. Ал дарынды бала екі-үш сағаттың ішінде бәрін ұғып, музыкалық аспаптың құлағында ойнауы мүмкін. Сондықтан, баланың миына салмақ салуға мүлде болмайды. Әр нәрсе өз ретімен болғаны дұрыс. Бала бала болып ойнауы қажет, киноға да, спортқа да баруы керек. Кітапты да оқыған жөн.

– Ал сізді ата-анаңыз өнерге қалай бағыттады?

– Мен бала жасымнан классикалық музыкаға жақын болдым. Музыкалық мектепте оқыдым. Әке-шешем де өнерден қаражаяу адамдар емес. Он бес жасыма дейін Иркутск қаласында тұрдық. Мен осы жасқа дейін өнердегі барлық белесті бағындырдым. Енді үлкен сахналарға шығып, өресі биік ұстаздардан тәлім алғым келді. Осы ойымды ата-анам да түсінді. Сөйтіп, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Мәскеуге көшіп келдік. Сұп-сұр қала… Кейін үйреніп кеттім. Ол уақыт қиын болса да, әке-шешем барлық ауыртпалықты көтере білді. Ақыры олардың үміттерін ақтадым. Мен үшін олардың орны бөлек. Үнемі тілектес болып отырады. Сондықтан дарынды балаға әуелі ата-анасы қолдау көрсету қажет. Ал ұстаз бойынан ұшқын көрген жастың бетінен қақпай, қолдан келгенше байыпты білім беріп, ізгі жолға бағыттаған дұрыс.

– Бүгінгі таңда өнер адамдары туралы парасатты сын сирек жазылады. Сіз сынға қалай қарайсыз?

– Біріншіден, сын болмаса өнер ешқашан дамымайды. Сондықтан сынның болуы – заңды құбылыс. Әрине, сын әділ болу керек. Ол кез келген өнерпаздың шамына тимейтіндей байыпты жазылуы қажет. Алайда дәл бүгінгі күні парасатты сын жоғалып барады. Ол қазір  шоу бизнестің бір бөлігіне айналды. Бірде ойда-жоқта қолыма 1973 жылы шыққан  «Музыкалық журнал» түсіп, онда атақты пианист Станислав Нейгауздың шығармашылығы жайлы жазылған сынды оқыдым. Оқыдым да, тәнті болдым. Жазған автордың шеберлігі, танымы, музыканы жіті білетіндігі – бәрі-бәрі мені таңғалдырды. Осы дүниені оқып, өзім рухани күш алдым.  Бізге қазір осындай шыңыраудың суындай тереңнен толғап жазған сын жетіспейді. Әрине, өмірде мен үшін шынайы сын кездесті. Нью-Йорк қаласындағы «Карнеги-холл» сахнасында өнер көрсеткенімде «Нью-Йорк Таймс» газетінің бір бетін тұтас алған мен туралы мақала жарық көрді. Авторын ұмытып тұрмын, сол дүниеде менің шығармашылығыма тереңірек үңілген. Содан алған әсерім мол. Шеберлігімді  де шындай түстім. Қазір құндылықтар өзгеріп барады. Тіпті талантты шығарманың өзі елеусіз, бағаланбай, қағыс қалады. Бүйте берсек, танымы терең классикалық музыкалар құрдымға сіңген өзендей жоғалып кетеді.

– Сіз 2014 жылы өз еліңізде өткен Сочи қаласындағы ХХІІ Қысқы Олимпиадалық ойындардың жабылу салтанатында өнер көрсеттіңіз…

– Иә, ол менің өмірімдегі жарқын сәттердің бірі деп білемін. Жалпы, олимпиада өте қызықты өтті. Мәдени шаралары да жоғарғы деңгейде ұйымдастырылды. Жабылу салтанатының өзі көркемдігі келіскен өнер туындысы десе болады. Сондықтан сан елдің басы қосылған ұлы думанда өнер көрсеткенімді мақтан тұтамын. Бұл да бір екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақыт деп білемін.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button