Денсаулық

Денсаулықтың кілті – салауатты өмір салтында

Астана қаласы мәслихатының  әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы елордадағы салауатты өмір салтын қалыптастыруға байланысты атқарылып жатқан шараларды талқылады. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрашева баяндама жасады.

3

– Биылғы жылға арналған салауатты өмір салтын қалыптастыру және аурулардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сай, жұмыстар 29 бағыт бойынша жүргізіліп келеді. Олардың ішінде онкологиялық аурулардың, туберкулездің, астманың, қан қысымының, басқа да адам өміріне қауіпті сырқаттардың алдын алуға бағытталған шаралар жеткілікті, – дейді Сәуле Қуанышқалиқызы.
Бірақ мемлекет тарапынан жұртшылықтың денсау­лығын қорғауға байланысты қолға алынған мұндай шаруаларға қарамастан, тұрғындар тегін медициналық тексерілуге онша құлықты емес. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қағидат әрбір азаматтың қаперінде жүруге тиіс. Өйткені денсаулықтың кілті алдымен адамның өзіне, жүріс-тұрысына, тамақтану жағдайына байланысты. Алайда жұмысбасты жұрттың көбі салауатты өмір салтын ұстануды, дәрігерге дер кезінде көрінуді қажет деп санай бермейді. Бұл мәселеге ұйымдар мен өндіріс орындары да мән бере бермейтіні өкінішті» дейді басқарма басшысының орынбасары.
Көпшілікті салауатты өмір салтына баулудың төте жолын іздестірген Денсаулық сақтау басқармасы
«Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС-мен бірлесіп, халықты ақпараттандырудың бірнеше заманауи әдісін ұсынып отыр. Оның біріншісі – салауатты өмір салтын ұстануға және скринингтік тексеруден өтуге шақырған ақпараттарды көпшілікке SMS-хабарлама арқылы тарату.
Екінші, қоғамдық орындарда денсаулық дүңгіршектерін ашу қажет. Бұл – дамыған мемлекеттерде бар тәжірибе.
Осы дүңгіршектерде адам күнделікті қысымын, дене қызуын, салмағын, бойын өлшеп қана қоймай, денсау­лығында қандай да бір кінәрат болса, тиісті мекемеге жолдама да ала алады. Осы жобаны жүзеге асырудағы қаржы шығынын оңтайландыру үшін мамандар дүңгіршектерді электрондық нұсқада ашуды ұсынып отыр.
Үшінші, аурулардың алдын алуға, денсаулықты сақтауға қатысты білгір дәрігерлердің ақыл-кеңесін жұртшылыққа жеткізу үшін телеарналардан байыпты бағдарлама ашу және осы тақырыпта әлеуметтік бейнежазбалар әзірлеп, телекөрерменге ұсыну.
Мәслихаттағы әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, депутат Мәжит Шайдаров тұрғын үйлердегі пәтер иелері кооперативтерімен, аула клубтарымен тығыз байланыс орнатып, балаларды жастайынан денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйрету мәселесіне көңіл бөлу керектігіне тоқталды. Ал депутат, №17 мектеп-гимназиясының директоры Рамзия Өмірбаева «Сала­уатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» мамандары мектеппен дұрыс байланыс орнатпағанын сынға алды. Депутаттың айтуынша, балаларын қаладағы спорт кешендеріне жаттығуға апаруға кез келген ата-ананың қалтасы көтермейді. Сондықтан спорттың түрлерін
мектептерде дамытқан жөн.
Жиынға қатысушылар салауатты өмір салтын қалыптастыруға байланысты шараларды өткізуді тек Денсаулық сақтау басқармасына ғана жүктеп қоймай, басқа мемлекеттік мекемелер де оған атсалысу керектігін еске салды.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button