Денсаулық – ұдайы назарда
№2 қалалық көпсалалы ауруханада Астана қаласы мәслихатының көшпелі отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыруды талқылады.
Жалпы бағдарлама аясында 186 іс-шара жоспарланған, оның 183-і инфрақұрылым, ал 3-еуі кадрлық әлеуетке қатысты. 2023-2024 жылдарға 31 инфрақұрылым объектісі бойынша 130 іс-шараны орындау көзделген. Бүгінде 42-сі аяқталып, 15-і іске асуда. Жоспарланған 8 нысанның 5-еуінде күрделі жөндеу аяқталғаны қуантады. Сондай-ақ құрылыс және қайта құру жұмысы белсенді жүруде. Жоспарланған іс-шаралардың 25 пайыздан астамы орындалды және 17 нысан бойынша жұмыс жалғасуда, оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 көпбейінді аурухана, оның бірі – балалар ауруханасы, 9 емхана, қабылдау-диагностикалық кешен, №8 емхана корпусы арасындағы өтпелі құрылым, патологиялық-анатомиялық бюро, №2 балалар ауруханасының реконструкциясы.
Бүгінгі таңда мемлекеттік секторда 11 мыңға жуық денсаулық сақтау қызметкері жұмыс істейді, оның ішінде 3,2 мыңға жуық дәрігер, 6 мыңнан астам орта медицина қызметкері және 2 мың кіші медициналық персонал.
«Медицина қызметкерлерінің білігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Биыл 56 резидент оқуын аяқтап, жыл соңына дейін жұмысқа орналасады. Сондай-ақ шетелде 35 маман оқыды, жыл соңына дейін тағы 52 маманды оқыту жоспарлануда. Бұл қызмет көрсету сапасын арттырады» дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды аспект – тұрғын үй мәселесі. Дәрігерлерге қолжетімді баспана беру үшін қолдау бағдарламаларын құру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Бұл денсаулық сақтау жүйесінде білікті мамандарды тартуға және сақтауға көмектеседі.
«Емханаларға жүгіну саны артып келеді, бұл халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін білдіреді. 2035 жылға қарай халық саны 2,3 миллионға дейін өседі деп күтілуде, бұл дамудың жаңа перспективаларын ашады. Бірлескен күш-жігермен біз денсаулық сақтау жүйесін айтарлықтай жақсартып, халық үшін де, дәрігерлер үшін де қолайлы жағдай жасай алатынымызға сенімдімін» деп атап өтті басқарма басшысы.
Айта кетейік, денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын Астана қаласының әкімдігі мен мәслихаты әзірлеген еді. Бағдарлама медицина жабдықтарын сатып алуды, ғимараттар мен инфрақұрылымды күрделі жөндеуді, жаңа медициналық мекемелер салуды, жалақыны көтеруді және тағы басқа мәселелерді шешуді көздейді.