Руханият

Депо музейі қайта ашылды

Елордадағы «Астана локомотив» пайдалану ­депосының музейі жаңартылып, қайта ашылды. Мұражайдың ашылуына депо басшылығы мен кәсіподағы айтарлықтай үлес қосты.

[smartslider3 slider=2522]

Тарихи шынайылықты анықтау үшін «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени ­музей-қорығының сарапшылары тартылды. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, жылыту, жарықтандыру жүйе­лері ауыстырылды, өткен ғасырдың ауанын сезінуге мүмкіндік беретін экспозициялар жаңартылды. Қайта құру 8 ай бойы жүргізілді. Жаңартылған музейдің ашылу салтанатында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС локомотив шаруашылығы департаментінің бас менеджері Мақсұт Ибраев: «Темір жол – бұл тек өткеніміз ғана емес, сонымен қатар болашағымыз» деп тарихи сәттің маңызына тоқталды.

«Музейді ашу баяғыда жоспарланған болатын, бірақ оған індетке қарсы шектеулер кедергі келтірді. Тарихты сақтау, әрине, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады» деп атап өтті депо директоры Дулат Ахмадиев.

Жаңартылған музейде үш зал бар, онда сала тарихынан сыр шертетін көптеген құнды артефактілер қойылған. Экспозиция бөлімдері депоның қалыптасуына, Ұлы Отан соғысына қатысқан теміржолшыларға, сондай-ақ теміржолдың қазіргі тарихына арналған. Ақмола тарихын қайта құру бойынша бөлек зал да бар. Әр тарихи кезең үшін арнайы музыка таңдалған. Мәселен, әскери және соғыстан кейінгі кезеңге арналған залда «Вставай, страна огромная!» маршы ойналады. Музей экспонаттарының қатарын пойыз модельдері, құралдар, шамдар, құрмет грамоталары және басқалар толықтырады. Ең «көнелерінің» тарихы 90 жылға таяған. Локомотивтер макеттерін шеберлер ағаштан және металдан ерекше дәлдікпен жасаған. Машинистер мен машинистердің көмекшілері, бұрынғы теміржолшылар музей қорын жинақтауға көп үлес қосыпты. Қазіргі зейнеткер, бұрынғы машинист көмекшісі Далабай Байғожин жарты жыл бойы депоның дамуы, оның адамдары мен әулеттері туралы бірегей фотосуреттер жинаған. Сирек суреттер арнайы барқыт альбомдарға салынған.

Құрметті теміржолшы, машинистердің үшінші буыны­ның өкілі, бұрынғы машинист-нұсқаушы, қазір құрметті демалыстағы Владимир Ульяненко – музей қорының сақтаушысы. Ол – теміржолдағы танымал және құрметті адам.

– Енді музей осы қалпында қалмай, үнемі толығып, дамуы керек. Музейіміз 10 жыл бойы жабылып қалды. Бүгін біз оған жаңа өмір сыйладық. Теміржолға келген әр буын артынан өз жетістіктерін қалдырып отырады. Біз тәлімгерлер берген барлық материалды сақтауымыз керек. Жас ұрпақтың міндеті – эстафетаны әрі қарай жалғас­тыру. Әр дәуірдің артында ауыр салмақты пойыздар, электр­лендіру, әскери кезең, ең алдымен, еңбек адамы тұр, – деді ол.

Музейде Владимир Ульяненко­ның жақсы көретін экспонаттары да бар. Мысалы, керосин қыздырғышы немесе ішінде «тінтуір» түріндегі шамы бар теміржолда белгі беру шамдары. Оның пікірінше, ең құнды экспонат – Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі кеңес халқының ерлік еңбегін куәландыратын стахановтық үздік жұмысы үшін құрмет грамотасы. Музей есігі депо тарихымен танысқысы келетіндердің барлығына да ашық.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button