Мәслихат

Депутаттар: кездесу мен кеңесу

Астананың мәдениет мекемелерi үшiн осы апта «ашық есiк күнiмен» есте қалды. Олай болатыны, көрермендерiнiң арасында халық қалаулылары болды. Әрi бiр емес, бiрнешеуден, топ-топ болып барды. Мәслихат депутаттары алдағы сессияға тыңғылықты дайындалып жатқанын бұған дейiн де жазғанбыз. Мiне, сол үрдiс осы аптаның төрт күнiнде жалғасын тапты. Қалаулылар өздерiн үкiлеген сайлаушыларымен дидарласып, олардың көкейiн тескен мұң-мұқтаждарымен танысып қайтты.

Астаналық цирк әртiстерi депутаттарға: «Өнер, мәдениет саласын реттейтiн заңдарда «цирк әртiсi» деген атымен жоқ» деп мұңын шақты. Сондай-ақ, осыған дейiн көп айтылып келген тағы бiр мәселе – арена әртiстерiнiң зейнетке шығу жасын төмендету қажеттiгi де сөз болды. 50 мен 60-тан асқан әртiстерге аренада ойнақтап өнер көрсету оңай еместiгiн жақсы түсiнсе де, бiздiң қоғам сол мәселенi түбегейлi шешiп бермей-ақ қойды. Ал көршiлес Өзбекстан мен Қырғызстанда бұл баяғыда-ақ ше-шiмiн тапты. Қалаулылар мұның бiр күнде шешiлетiн iс еместiгiн айтып, сол мәселенiң соңына түсетiндерiне сөз бердi. «Дәрiгерлер мен сiздердiң жұмыстарыңыз бiрдей. Бiз адам тәнiн емдеумен айналыссақ, сiздер олар-дың рухани өрлеуiне көмектесесiздер, яғни жанын емдейсiздер. Жағдай-ларыңызды түсiнемiз. Бiз, депутаттар – тағайындалған емес, өздерiңiз таңдаған адамдармыз. Сондықтан, қолдан келгенше сiздердiң мәселе-лерiңiздi шешуге тырысамыз», – дедi мәслихаттың мәдени-әлеуметтiк даму жөнiндегi тұрақты комиссиясының төрағасы Абай Байгенжин.
Келесi күнi депутаттар С.Сейфуллин атындағы мұражай, «Наз» мемлекет-тiк би театры, «Қуыршақтар театры», «Тәуелсiздiк», «Бейбiтшiлiк және келiсiм», «Жастар» сарайлары мен елордалық филармонияның ұжымдарымен кездесiп, салиқалы сұхбат құрды. Қазiргi заман өнер мұра-жайының қызметкерлерi де осы аптада депутаттардың жүзiн көру мәртебесiне ие болды. Оң қолының сұқ саусағына қазақтың «құстұмсық» жүзiгiн таққан мұражай директоры Нелли Шиврина меймандарға қабырғаға iлiнген картиналарды мақтанышпен көрсеттi. Тiптi, әр суреттiң тарихы мен туынды авторларының өмiрбаянын да баяндап бердi. Қонақтарды «қуыс үйден құр қол шығармайын» дедi ме, мұражайдың мұңын жасырып қалмады. Ондағысы – жеке коллекционерлердiң қолына өтiп кеткен құнды картиналарды сатып алуға мәслихат қосымша қаражат қарастырса деген өтiнiш. Мәселе қаржыға келгенде қылқалам туын-дыларына сүйсiнiп, таңдай қағып тұрған депутаттардың өңi бiрден салиқа тартты. Сөйтiп, бұл мәселенi сессияның еншiсiне қалдыруды ұйғарды. Айтпақшы, кейбiр депутаттар осы сессияға дайындық барысында қаладағы мәдениет мекемелерiн аралап қалғанын қуанышпен жеткiздi. Әсiресе, бiздiң сұхбаттасымыз Қаршыға Құлмұханов онысын ашық айтты. Ол: «Шынын айту керек. Бұған дейiн уақыт тапшылығы мен жұмыстың көптiгiнен кейбiр мекемелерге бара алмадым. Ендi мiне, алдағы сессияға дайындықтың арқасында, бiраз дүниенi көрiп қалдым…» деп ағынан жарылды.
Сөйтiп, ағымдағы аптаның төрт күнiн мәдениет мекемелерiн аралауға арнаған депутаттар кеше қалалық әкiмдiкте жиналды. «Астана қаласындағы мәдениет саласының жағдайы мен дамуы және оның елор-далық тұрғынның дүнетанымын қалыптастырудағы рөлi туралы» дөңгелек үстел мәжiлiсiн өткiздi. Аты айтып тұрғандай, жиын Астананың мәдени ахуалын саралауға арналды. Оған мәслихат депутаттарынан бөлек, Мәдениет басқармасына қарасты ұжымдардың басшылары қатысты. Мақсаты – аталған саланың ахуалымен танысып, артық-кем қалған тұстарымызды түгендеу. Сала мамандарын сөйлетiп, өзекжарды мәселенi бiрлесiп шешу үшiн кеңесу. Өнер өкiлдерi өкпелерiн айтып, нақты ұсыныс-тарын ортаға салды. Мәселен, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттiк академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртiсi Тiлектес Мейрамов жас буынның театрға келмейтiнiн айтып кейiдi. Егер, көрермен театрға өз аяғымен келмесе, оны күштеп әкелу керек. «Әуезов театрына адам келмей, орын толмай қалғанда, мектеп оқушыларын алып келгенде, актерлер: «ба-ла-шағаны неге әкелесiздер?» деп ренжитiнбiз. Сонда Әзiрбайжан Мәмбетов: «Әй, неге ренжисiңдер? Бiр күнмен өмiр сүруге болмайды ғой. Бүгiнгi оқушы – сенiң ертеңгi көрерменiң. Театрға келудi олар бүгiннен бастап үйренедi» дейтiн. Сондықтан, осы мәселенi сiздердiң алдарыңызға қойып отырмын. Өйткенi, мұны тек театр ғана шеше алмайды», – дедi Т.Мейрамов.
«Атамекен» этно-мемориалдық мұражай кешенiнiң директоры Үмiтхан Мұңалбаева да «мұражайға оқушылар келмейдi» деп мұңын шақты. Оның айтуынша, бәрiне кiнәлi – ұстаздардың селқостығы. Сондай-ақ, жиналғандар мәдениет мекемелерiнiң жарнамасы аздығын алға тартты. Оны депутаттар да қостады. Депутат В.Петрущак осы орайда балалық шағын есiне алды: «Бiздiң бала күнiмiзде қала көшелерiнде «құрмет тақтасы» тұратын. Сол тақтада оқу, өнер, еңбек озаттарының суретi iлiнетiн. Бiздер оны көрiп, елiктеп, солар сияқты болуға талпынып өстiк. Менiңше, кеңестiк жүйенiң сол ынталандыру әдiсiн енгiзу керек».
Ақылдасуға жиналған қалаулылар мен атқамiнер шенеунiктер ұжым басшылары айтқан тiлек ұсыныстың бiрi қалмай, сессияда қаралады деп тарқасты.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button