Жаңалықтар

Депутаттар майдангерлерге құрмет көрсетті

ERA_5129

Мерейлі мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Серік Жақсыбеков пен қалалық мәслихаттың депутаты Есенжол Бекішев денсаулықтарына байланысты қалада ұйымдастырылған кездесулерге қатыса алмаған соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, оларды Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.  

Алдымен С.Сейфуллин көшесінде тұратын соғыс ардагері Федор Иванович Белоконьевтің үйінде болған халық қалаулылары майдангерді мерекемен құттықтап, кір жуғыш машина мен азық-түлік пакетін сыйға тартты.
Одан соң депутаттар Ұлы Отан соғысының ардагері Ақан Тұрқанов ақсақалдың үйіне келді. Ол кісі қонақтарды кемпірімен бірге қарсы алды. Ақан ата 1925 жылы дүниеге келгенін, буыны бекімей жатып, еңбекке араласқанын, ал ел басына күн туған сол бір сұрапыл соғыс жылдарында әскер қатарына алынып, сол жерден соғысқа аттанғанын, майдан даласында Отан үшін жаумен бетпе-бет шайқасқанын әңгімелеп берді. Халық қалаулылары болса, барлық жастық ғұмырын бүгінгі бейбіт заман үшін сарп еткен майдангерге ең ізгі тілектерін жеткізді. Соңынан ардагерге заманауи теледидар мен азық-түлік пакетін тапсырды.
Майдангерлердің қай-қайсы болсын Елбасының бүгінгі таңда ардагерлерге көрсетіп жатқан қамқорлықтарына ризашылықтарын білдіріп, жастарға бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр тіледі.
Қарттардың мереке алдындағы көңіл-күйі көтеріңкі. Олар депутаттармен емен-жарқын әңгімелесіп, өздерінің өмір жолдары жайлы сыр шертті.
Депутат Е.Бекішевтің айтуынша, округте барлығы он үш соғыс ардагері бар екен. Мереке қарсаңында олардың екеуіне бағалы сыйлықтар тапсырылса, қалған он бір ардагерге ақшалай сыйлықтар және жүз шақты тыл еңбеккеріне азық-түлік салынған пакеттер таратылды. Сұрапыл соғыс жылдарында от пен оқтың ортасында жүріп, ел қорғаған жауынгерлер қандай құрметке де лайық.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button