Мәслихат

Депутаттар спорт мекемелерін аралады

Соңғы бес жылда Астанада спортпен шұғылданушылар қатары екі есеге дейін өскен. Қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы мүшелерінің қатысуымен өткен көшпелі отырыс барысында елордалық Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы осыны мәлім етті.

 

Халық қалаулылары алдымен Астанадағы №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебіне ат басын бұрды. Одан соң №3 БЖСМ-де және «Астана» су добы спорттық клубында болған депутаттар бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ дене шынықтыру- сауықтыру бағытында бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды.
Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы Елбасы тапсырмаларын, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын басшылыққа ала отырып,  бұқаралық спортты дамытуға барынша үлес қосып жүр. Басқарма басшысы А.Қорғамбаевтың айтуынша, биылғы тоғыз айда  Астанада 505 бұқаралық спорт және сауықтыру шаралары ұйымдастырылып, оған 120 мыңнан астам адам қатысса, былтыр 21 спортшыға «Халықаралық деңгейдегі спорт шебері», 82 спортшыға Қазақстан Республикасының спорт шебері атақтары берілген. 2009 жылы 74 217 адам дене тәрбиесімен және спортпен айналысса, қазіргі уақытта жалпы тұрғындардың 20,6 пайызы  немесе 159 318 адам спортпен тұрақты түрде шұғылдануда.
Басқармаға қарасты спорттық мектептерде тәрбиеленіп жүрген 6 673 баланы 392 білікті бапкер жаттықтырады. Жалпы, спорт және дене шынықтыру саласында 1800 адам қызмет атқарады екен.
Депутаттармен кездесу барысында Астанадағы спорт мектебінің басшылары жас спортшылардың жетістіктерімен бөлісті және спортты дамытудағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Бұқаралық спортты дамытудағы еңбектерін ескере келе, депутаттар оларға игі тілектерін білдірді. Осыған орай, депутат А.Күрішбаев өзі жетекшілік ететін С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет студенттерінің арасында да Азия орындарының чемпиондары, бокстан әлем чемпиондарының барын мақтанышпен атап өтсе, депутат А.Байгенжин болашақ чемпиондар тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосып жүрген бапкерлер мен елордалық спорт мекемелерінің басшыларын өзі басқаратын Ұлттық ғылыми-медициналық орталық арқылы толық скринингтік тексеруден тегін өтуге шақырды.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button