Әлеумет

Деректі фильмдер қоғамды оятудың құралы

Бас Прокуратураның ресми мәліметіне сүйенсек, елімізде әртүрлі жағдайда жоғалған адамдар саны10 мыңнан асыпты. Олардың 2 мыңдайы із-түзсіз жоғалғандар тізімінде тұр. Орта жасы 30 бен 40-тың төңірегінде. Көбісі үйінен өз аяғымен кетіп, сол күйі оралмаған. Автокөлігімен алыс жолға шығып, кері қайтпағандар да бар. Жұмыстан шыққан соң жұмбақ жағдайда жоғалғандар да кездеседі. 

Шынар Досанова қоғамдағы осындай өзекті мәселені зерттеп, арнайы мақалалар мен деректі фильмдер жасап жүрген журналистің бірі. Оның дайындаған арнайы жобалары бұған дейін бірнеше рет отандық телеарналардың эфирінен көрсетілді.

Елімізде жыл сайын шамамен 3000-дай бала жоғалады екен. Олардың басым көпшілігі бірнеше күннің ішінде табылып, ата-аналарына қайтарылады. Бірақ, іс-түссіз кететіндері де аз емес.

«Осыдан бірер жыл бұрын бала ұрлығы тақырыбында арнайы жоба түсіргенім бар. Сол кезде елімізде 25-35 жылдан бері іздеуде жүрген балалар бар екенін білдім. Бас прокуратураның арнайы сайтын қарасаңыз олардың аты-жөндері, суреттеріне дейін тұр. Ата-аналары олардан небәрі  4-5 жасында көз жазып қалған. Егер тірі болса, алды 30-дан асып 40-қа толатындай уақыт өтті. Бірақ, өкінішке орай олар туралы бүгінге дейін бір де бір мәлімет жоқ. Құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалған бәрі. Өзіңіз ойлап көріңізші, тірі болған күннің өзінде олардың қазіргі келбетін іздеу тобының мүшелері, тіпті өз ата-аналары да танымауы мүмкін ғой. Өйткені, 5 жасында жоғалған баланың  түр-әлпеті мүлде өзгеріп кететіні айтпаса да түсінікті. Іздеу жұмысының қаншалықты қиын екенін осыдан кейін өзіңіз бағамдай беріңіз» – дейді ол.

Шынар Досанова осы жоба барысында құқық қорғау органдарының өкілдерімен, психолог мамандармен сұхбаттасқанын айтады. Сонда олар

балалардың ең көп жіберетін мынадай қателіктерін тізіп берген.

«Мысалы, балалардың 85 проценті ата-анасының телефон нөмірін жатқа білмейді екен. 75 проценті екінші рет көріп тұрған адамын жақыны санайды. Көршісіне, танысына оп-оңай есік аша салатындар да көп. Сосын балалардың көпшілігінде «тек бетперде киіп, қару ұстағандар ғана қылмыскер» деген түсінік бар, соның кесірінен бетіне күле қараған адамның соңынан еріп кете беруі мүмкін. Ал, балалардың бұл шалалығын өз пайдасына жарататын топтар бар. Сондықтан, біз қоғамды ақпараттандыру жұмысын күшейтуіміз керек», – дейді.

Журналистің айтуынша, адам ұрлығы, адам саудасы, жыныстық сауданың құрбаны болу секілді мәселе бүгінде АҚШ сияқты алпауыт елде де өте өзекті. Федералдық тергеу бюросы, «Lost Persons» мәліметтер базасының дерегінше АҚШ-та жыл сайын шамамен 600 мыңға жуық адам жоғалады. Бұл – балалар мен ересектерге қатысты жалпы статистика. Олардың жоғалу себептері де әрқилы, кейбір ересек адамдар психологиялық ауытқуға ұшырап немесе есірткіге тәуелділіктің кесірінен ізім-қайым жоғалады. Ал балалар отбасылық дау-жанжал кезінде үйден кетіп қалады немесе ажырасқан ата-аналарының бірі ұрлап кетуі мүмкін. Кейде расымен де адам саудасының, жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болатындар да бар.

«АҚШ-та қоғамдық резонанс тудырған шулы оқиғалар да өте көп. Соның негізінде түсірілген көптеген деректі фильмдерді көріп шықтым. Бұл фильмдер мәселенің психологиялық және отбасылық салдарын, бала ұрлығына қатысты тергеулер мен кедергілер жайлы баяндайды. Сондай-ақ мұндай жобалардың қоғамды ақпараттандыруға, халықтың құқықтық сауатын ашуға көмегі зор. Олардың кейбірі елде арнайы бағдарламалардың қабылдануына, қауіпсіздік шарасының күшеюіне ықпал ете алды. Мысалы, 1996 жылы Техас штатының Арлингтон қаласында ұрланған 9 жасар Амбер Хагерманның оқиғасы АҚШ-та «AMBER Alert» жүйесінің іске қосылуына себеп болды» дейді Шынар Досанова.

 «AMBER Alert» жүйесі бала жоғалған заматта тұрғындардың ұялы телефонына жедел хабарлама жібереді. Хабарлама ол адамның қашан және қай жерде жоғалып кеткені туралы, егер ұрлаған жанның кім екені белгілі болса, оның да сипаттамасы, көлігі  жайлы ақпарат қоса жазылады. Бұл көпшіліктің назарын бірден аударары анық. Мұндай хабарлама алған адамның бірі болмаса екіншісі оқиғаның куәгері болып шығуы мүмкін. «AMBER Alert» жүйесі бүгінге дейін 7 мыңға жуық баланың өмірін сақтап қалды деген ақпар бар. Қауіп-қатерге ұшыраған балаларды іздеуде бұл жүйе өте тиімді нәтиже беріп отыр.

Қазақстанда әзірге бүкіл ел аумағын қамтитын мұндай жүйе жоқ. Біздегі төтенше ақпарат көбіне полицияның ресми сайттарында, әлеуметтік желілерде, интернет-платформаларда жарияланады. Осы орайда қоғамды ақпараттандырып, құқық қорғау органдарының назарын аудару үшін журналистердің дайындаған арнайы жобалары өте маңызды.

Бүгінде АҚШ-та білім алып жүрген журналист Шынар Досанова болашақта адам ұрлығы, оның ішіндегі балалардың жоғалу дерегі бойынша деректі фильмдер, подкасттар түсіріп, осы арқылы мәселенің алдын алуға үлес қоссам дейді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button