Дертке дауа тапқан…
Дәрігердің қай-қайсысы да адам жанының арашасы ғой. Әсіресе емханада, ауруханада дәрігер-гематолог таптырмайтын маман қатарында. Астаналық Бақытгүл Тастанбекова – сондай аз гематологтың бірі. Бақытгүл Мейрамқызы елордадағы №1 көпбейінді қалалық ауруханасы гематология бөлімінің меңгерушісі. Дәрігер-гематологтың жұмыс өтілі – 22 жыл.
Қан құрамын тексеру маңызды
Гематология – қан және қан түзілу жүйесін, құрылысы мен қызметін зерттейтін, түрлі қан ауруын анықтап, емдейтін медицинаның бір саласы.
Мамандардың айтуынша, қан ауруларының түрі көбейген. Әсіресе соңғы кезде жүкті әйелдерде фолат циклының бұзылуы, қанның ұю сапасының өзгеруі (антифосфолипид синдромы) және апластикалық анемия сияқты аурулар жиілеп кеткен. Жыл сайын аурудың түрлері де көбейіп келеді. Соңғы кезде қанның ұю сапасының бұзылуы, яғни антифосфолипид синдромы жиі кездесіп жүр. Оны қаншалықты ерте анықтасақ, жүктілікті соңына дейін сақтап қалуға соншалықты мүмкіндік аламыз. 20 жыл бұрын гематологқа тек ауыр дәрежеде анемиясы бар әйелдерді ғана жіберетінбіз. Қазіргі кезде, өкінішке қарай, темір жетіспеушілігі бар анемия, аралас анемия көбейіп кетті. Хаттама бойынша анемиясы бар болашақ ана міндетті түрде гематологтың кеңесін алуы шарт. Елімізде гематологияның ересектерге және балаларға арналған екі түрі бар. Балалар гематологиясы соңғы жылдары арнайы мамандық болып бөлінген. Балалар онкологиясы мен гематологиясын Астана қаласындағы «University Medical Center» корпоративтік қорының «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығы және Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жүргізеді. Ересектер гематологиясы бойынша әр аймақта қан ауруларына шалдыққан науқастарға арналған арнайы кабинеттер бар. Сондай-ақ Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы мен Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты – еліміздегі ересектер гематологиясы бойынша жұмыс істейтін ең үлкен екі орталық.
Қатерлі ісіктің алдын алады
– Гемоглобин жетіспесе, анемия ауруы пайда болады. Анемиясы бар болашақ ана міндетті түрде гематологтың кеңесін алуы тиіс. Гемоглобиннің қалыпты жағдайдағы нормасы әйелдерде 120-150 г/л, ер адамдарда 130-160 г/л. Егер гемоглобин мөлшері шектен тыс көп болса, қан қоюланып, жүрек-қан тамыр ауруына шалдығады. Қан құрамы дұрыс болмаса, қанның ұюына кедергі келтіретін ауру – гемофилия, қандағы инфекция – сепсис, қан жасушаларына әсер ететін қатерлі ісік – лейкоз немесе лимфа түйіндері мен тамырларына әсер ететін қатерлі ісік – лимфома, орақ жасушалы анемия, талассемия, денеде қызыл қан жасушалары жеткіліксіз болатын жағдай анемия, терең тамыр тромбозы сияқты ауруларға ұшырауы әбден мүмкін. Лейкоз – бұл қан мен сүйек кемігінің қатерлі ісігі. Ол – балалар мен ересектерде ең көп тараған онкологиялық ауру. Дәл қазір бөлімшеде 35 адам ем алып жатыр. Теміртапшылықты анемияның ең күрделі түрімен ауырғандар ауруханада стационарлық режимде емделеді, ал жеңілдеу түрлерін емханаларда емдейді, – дейді Бақытгүл Мейрамқызы.
Дәрігер-гематолог кез келген этиологиядағы қан және қан өндіру жүйесі (цитопения және анемия, лимфопролиферативті аурулар, гипокоагуляциялық синдром) аурулары бар науқастарды диагностикалау және емдеумен айналысады, осы аурулардың себептерін анықтайды. Басқа мамандар гематологқа көбінесе қанның негізгі көрсеткіштеріндегі ауытқуды анықтағаннан кейін жібереді, оны тіпті жалпы қан анализінен де көруге болады. Гематолог ауруды дәл анықтауға, патологияның ауырлығын бағалауға көмектесетін емтихандарды тағайындайды. Әрі қарай емдеу тактикасын анықтайды немесе басқа мамандарға жібереді.
– Өзім ауруханадағы бөлімшедегі барлық науқасты қараймын, әсіресе жансақтау бөліміндегі, қарқынды терапия палатасындағы ауырған адамдарды қараймын. Жұмысымыз, әрине, оңай емес. Адамдардан алғыс алғанда қуанып қалатынымыз рас. Бірақ шынымды айтсам, балаларымның дәрігер мамандығын таңдамауын қалар едім, – дейді гематолог дәрігер Бақытгүл Тастанбекова.
«Жастар гематология сияқты қиын мамандықты көп таңдай бермейді. Гематологтарды дайындау резидентурадан басталады. Ол үлкен еңбекті, ұзақ оқуды қажет етеді. Оның үстіне мотивация жетіспейді» дейді ол.
Гематология бөлімшесінде емделіп, еміне шипа болған Айзада Тұрғалиқызы дәрігерлерге алғысын жеткізді. Қазір ол бөлімшеде апластикалық анемия ауруы диагнозымен ем алуда.
– Гематология бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Мейрамқызына және емдеуші дәрігер Анастасия Леонидқызына алғысымды білдіргім келеді. Бөлімге келгенде қиын жағдайда едім, дұрыс ем-домнан соң денсаулығым түзеліп, қатарға қосылдым. Сондықтан барлық медициналық қызметкерге кез келген секундта көмектесуге дайын болғаны үшін, жылы ықыласы мен кәсібилігі, жауаптылығы үшін алғыс білдіремін, – дейді А.Тұрғалиқызы.
P.S: Мемлекеттік тапсырмаларға сәйкес, Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың ауқымды жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұған халықтың өмір сүру ұзақтығының өскені дәлел. Бұл жерде, әрине, дәрігерлердің еңбегі зор. Ақ халатты жандар адамдарды емдеп, өмірін құтқарып, ұлы іс атқарып жатқанын әрбір осындай білікті медициналық қызметкерді жазған сайын сене түсесің.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ