Рухани жаңғыру

Диграфтан апострофқа дейін

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиінің жаңа нұсқасы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі
институтының бас ғылыми қызметкері:

– Бірінші кезекте латын әліп­­биіне көшу мә­се­ле­сін қа­рапайым бір таңбаны екінші таңбаға ауыстыру екен деп түсінбеу керек. Мұны қазақ жазуына іргелі, күрделі, жан-жақты реформа жасау деп қарастыру қажет. Өйткені кез келген мемлекет уақыт алға озған сайын өзінің жазуын пысықтап, жетілдіреді. Жетпей жатқан тұстарын толықтырып, артық жерін алып тастап отырады. Тағы осы сияқты қосымша амалдарды пайдаланады.
Қазіргі кезде көпшіліктің түсінігі кирилл таңбасын латын таңбасына көшіру дегенге саяды. Ал әліпбиімізге реформа жасағанда, біріншіден, біз тіліміздегі төл дыбыстардың басын ашып алуымыз керек. «Осы уақытқа дейін төл дыбыстарымыздың басы ашылмады ма?» деген сұрақты қоюларыңыз мүмкін. Ашылған жоқ. «Қазақ тілінде қанша дыбыс бар?» деп кез келген қазақтан сұрасаңыздар, «42 дыбыс» деген жауапты естисіздер. Мектептен бастап қазақ тілінде 42 таңба бар деп үйретіп жатса, оған ешкімді кінәлай алмаймыз. Шындығында, қазақ тілінде
28 дыбыс қана бар. Біз осы 28 дыбысқа латын әліпбиінің таң­баларын баптап,қабылдап алуымыз керек деген мақсатты алдымызға қойдық. Оның арғы жағында әліпби қазақ тілінің үндестік әуезділігін, морфема құрамын, буын құрамын бұзбауы керек. Бір ескеретін нәрсе, басы бүтін, еш кемшілігі жоқ әліпби ешбір тілде жоқ. Кез келген әліпбидің арнайы ережемен, арнайы түсініктемемен жетілдіріп отыратын тұстары болады. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші мәселе – әліпбидің оңайы болмайды, оның бәрі қиын. Мәселен, оны қағазға сызып түсіргенде әдемі, жеңіл болып көрінеді. Ал мәтін жазған уақытта, мамандарды дайындағанда, оқу құралын жазғанда әліпбидің қиындығы білінеді.
Қазіргі кирилл негізіндегі әліпбидегі көп сөздеріміздің үндестік әуезділігі бұзылып отыр. Төркіні бөлек орыс тілінің емле-ережесін қазақ тіліне кіргізіп жібердік. Соның кесірінен емле-ереже қазақы болмағандықтан, кейінгі жастардың тілі өзгеріп бара жатыр. Жаңа әліпбиде қазақ сөзінің жазылым үлгісін өзінің айтылымына шақтап, келтіретін боламыз.
Ең бастысы, бір нұсқаға тоқ­тауымыз керек. Ол заңдас­ты­рылуы тиіс. Содан кейін жаңа әліпбимен орфография­лық, ор­фоэпиялық сөздіктер, оқу-
әдістемелік құралдар жасалады. Осыларды жасайтын мамандар бізде жеткілікті.

9 қазанда Елбасыға таныстырылған латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиі нұсқасында 32 таңба бар. Осы уақытқа дейін латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам хат келіп түсті. Бұл мәселені талқылауға 1,5 млн адам қатысты. Әліпби бойынша 20 мыңнан астам әртүрлі пікір айтылды. Бұл пікірлер үш топқа бөлінді. Алғашқы топ тұтас әліпби туралы, екінші топ жекелеген дыбыстарға қатысты, ал үшінші тобы әліпбиді
енгізуге байланысты пікірлерін білдірді

Ербол ТІЛЕШОВ,
Ш.Шаяхметов атындағы
тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры:

– Латын әліпбиінен ұлттық әліпби шығарудың негізгі үш жолы бар. Оның біріншісі – диграф арқылы, екіншісі – апострофтың көмегімен, үшінші – умляут (диакритика). Біз бастапқыда диграфты таңдағанбыз. Бірақ бұған байланысты көптеген мәселелер айтылды. Сосын жұмыс тобы жұмылып, осы апострофпен берді. Меніңше, бұл нұсқа халыққа жазылым, оқылым жа­ғынан оңайлау. Кейбір елдер диакритикамен әліпби жасап, кейін апострофқа ауысқан. Бұл тәжірибеде бар. Апостроф немісте де, ағылшында да, славян халықтарында да бар. Сосын Өзбекстанның кейіннен қабылданған әліпби нұсқасын қарасаңыздар, олар диграфтан кетіп, апострофқа келді. Осының бәрін біз жан-жақты зерделеп, әліпбиіміздегі тоғыз дыбыс дәйекше арқылы таңбаланды. Жазуымызда дәйекше жөнінде алғаш айтқан, оны ғылыми негіздеген қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы.
Қазіргі нұсқаны талқыла­ғанда «Ч» мен «Ш» дыбыстарын диграфпен беру ұсынылды. Бірақ бір жүйе болсын деп, әліпби апострофпен жасалғаннан кейін диграф қажет емес деп таптық.
Елбасымен кездескенімізде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Жаңа әліпби
бойынша мамандар 2018 жылдан бастап даярланатынын айтты. Елбасының өзі 2022 жылы бірінші сыныпқа баратын балалар латын қарпі негізіндегі қазақ әліпбиімен білім ала бастайтынын атап өтті. Елімізде іс жүргізу 2025 жылы толығымен жаңа әліпбиге көшіріледі деп жоспарланды. Қазіргі уақытта «Қазлатын» атты интернет-портал ашу жоспарланып отыр. Ғалам­торды қолданушылар латын әліпбиіне көшуге қатысты барлық жаңалықтарды содан таба алады.

Аманғали Қалжанов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button