Жаңалықтар

Диктант тақырыбы – «Мәңгілік Ел»

Кеше еліміздің барлық облыс орталықтары мен үлкен қалаларындағы және аудандық кітапханаларда, сондай-ақ, жоғары оқу орындарында ниет танытқандар «Мәңгілік ел» патриоттық актісін арқау етіп, қазақ тілінде ашық диктант жазды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашы болған акция Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында да өтті.

– Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІV сессиясында Елбасының тапсырмасымен «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды. Оның мәтіні өткен жылдың маусым айында 3 мың адамның қатысуымен өткен патриоттық форумда алғаш рет талқыланды. Диктанттың тақырыбы ретінде де патриоттық актінің қазақша нұсқасы алынып отыр. Бұл тектен-тек емес. Біз ең алдымен қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мәртебесінің өсе түсуін көздеп отырмыз. Былтыр Қазақ­стан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Мың бала» жобасын қолға алдық. Сонда бір жылдың ішінде мың балаға қазақ тілін үйретіп шығаруды басты мақсат етіп қойдық. Ол жоба 235 мың баланы қамтып, олардың арасында өзге ұлттардан шыққан 44 мың жеткіншек мемлекеттік тілді меңгеріп шықты. Мемлекет басшысы ең алдымен мемлекеттік тіл – қазақстандықтарды бірік­тіру­ші фактор екенін айтады. Яғни, қазақ тілі елдегі әрбір аза­маттың қоғамдық-саяси өмірге араласуының кепілі ретінде қарас­тырылып отыр. Бірлігі жарасқан, елдігін ойлаған мемлекеттің ғана туы биікте желбіреп тұратыны сөзсіз. Биылғы тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы – соның айғағы. Әр осындай іс-шараларымыз елдің бірлігіне тікелей оң әсерін тигізетін болады деп сенеміз, – деді акцияның ашылуында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов.
Одан кейін сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Мәңгілік ел» идеясының бастауы қайдан шыққанын тарқатып айтып берді.
– Адам баласы дүниеге келгеннен бастап жақсы өмір сүруді аңсайды. Жиделі Байсын аталған жер біздің ата-бабаларымыздың сол арманын көрсетеді. Бұл идея бір күнде туа қалған жоқ. VII-VIII ғасырларда Түрік қағанаты салтанат құрды. Біз соның құрамында болдық. Қағанатты құрған Бумын мен Естемі қағандар «Біз Мәңгілік ел орнатамыз» деген идеяны алғаш рет шығарды. Содан 1300 жыл өткенде, тәуелсіздігімізді қолымызға алып берген, мемле­кетімізді қалыптастырған, Қазақ­станды бүкіл әлемге танытқан Елбасымыз сол идеяны жаңғыртты, – деді М.Жолдасбеков.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button