Димаш атындағы кабинет ашылды
Астанадағы Абай Құнанбайұлы атындағы № 87 мектеп-гимназияда Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергенге арналған кабинеттің ашылу салтанаты өтті. Оған әртістің ата-анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат және Светлана Айтбаевтар, «Astana Dears» фан-клубының жанкүйерлері қатысты.
Димаш Құдайберген атындағы жаңа кабинет музыка сыныбымен қатар, мұражай ретінде де қызмет етеді. Қанат пен Светлана Айтбаевтар, сондай-ақ әртістің жанкүйерлері мұражайға түрлі жәдігерлерді тарту етті. Алдағы уақытта коллекция әртістің кітаптарымен, газеттерімен, журналдарымен және естелік сыйлықтарымен толықтырылады. Мұның бәрі музыка мен өнерге құштар балаларға арналған. Кабинет заманауи және дәстүрлі музыкалық аспаптармен жабдықталған.
Аталмыш мектеп-гимназия директоры Айгүл Ондағанқызының айтуынша, ол Жапонияға сапары барысында сондағы білім жүйесі музыкаға ерекше көңіл бөлетінін көрді. Сол тәжірибені мектепке «Он минуттық ән айту» жобасы ретінде енгізді. Әр сынып сағаттарында оқушылар 10 минут ән айтатын дәстүр қалыптасты. Музыка кабинетін кімге арнау керек деген сұрақ туындаған кезде бүгінгі таңда балаларды шабыттандыратын және оларға үлгі болатын адамдар арасында қарастырылды. Осылайша кабинетті Димаш Құдайбергеннің есімімен атау туралы шешім қабылданды.
Кабинеттің ашылуы барысында Димаштың репертуарындағы әндер шырқалды. Соның ішінде елордадағы Ермек Серкебаев атындағы №3 балалар музыка мектебінің ұстазы Баян Мұқанова, мектеп оқушысы Бақтияр Мұқанов, жалпы өнерлі әулет Мұқановтар отбасылық ансамблі өнер көрсетті.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ