Сұхбат

ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ТҮСЕТІН ЖҮК ЖЕҢІЛ ЕМЕС

Сәкен ЕСІРКЕПОВ, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының бас маманы:

– Сәкен Зиябекұлы, қазір экстремизм мен терроризм, түрлі радикалды ойлардың таралуы жаңа ғасырдың жаһандық проблемасы­на айналды ғой. Елордамызда айрандай ұйыған қоғамның берекесін қашырған ақ­­параттар тасқыны мен идеялар тайталасына қарсы қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Ең алдымен, теріс пиғылды идеялардан құтқаратын бірден-бір жол – сауатты сана. Терең біліммен қаруланған, жат пиғылды топтардың әрекетін жан-жақты зерделейтін, жүрегі Отан деп соққан азаматтар ғана өз елінің тірегі болмақ. Осы орайда, Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы дін саласында қызмет етуші мемлекеттік және қоғамдық мекемелермен бірлесіп, қала тұрғындарының дін саласындағы сауатын арттыру, экстремизм мен терроризмге қарсы сана қалыптастыру, халықпен ашық диалог орнатып, көкейдегі сауалдарға жауап беру үшін жоғары оқу орындары, елді мекендер және өндіріс орындарында насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұған мысал ретінде биылғы сәуір-мамыр айларында елордада орналасқан 14 жоғары оқу орны мен бірнеше елді мекендерде кездесулер ұйымдастырылды. Шараға «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Қорғаныс қабілетін арттыру және қауіпсіздікті нығайту» бағыты бойынша сараптама тобының елімізге белгілі, өз ісінің маманы ретінде танылған Қ.Сүлейменов, Ж.Жарасов, М.Әзілханов, Т.Ай­жұ­лов, К.Адамбеков, Е.Қалиев, С.Те­мір­­болатов сынды мүшелері мен Қ.Сұлтанов, С.Сейдуманов, Ж.Дәуренов, Е.Смағұлов және Т.Козырев сияқты сарапшы-мамандар және қоғам қайраткерлері қатысып, баяндама жасады. Кездесу барысында жас-тарды алаңдатқан әртүрлі сауалдарға жауап берілді. Жастар діни экстремизм мен терроризмнің халықаралық байланыстары, мемлекеттің бұл салада атқарып отырған алдын алу шаралары, сауатты кадрларды даярлау мәселесі, заңнамаларды жетілдіру жолдары, экстремистік топтарға берілетін сипаттама, ғаламтор арқылы келетін қауіптен қорғану жолдары, терроризм мен экстремизмнің әлеуметтік астары, заңсыздықтар орын алса, азаматтардың алдымен қандай қадамға баруы қажеттігі жөнінде сауалдар қойып, тиісті жауаптарын алды.

– Ал, еліміздегі діни ахуалдың осыншама күрделену себебі неде деп ойлайсыз?

– Қазақстан тәуелсіздік алып, азаттық таңы атқан кезде бізді үлкен өзгерістер күтіп тұрды. Өзін демократиялық, зайырлы және құқық­тық мемлекет ретінде заң жүзінде шегелеген Отанымыз ой мен сенім еркіндігіне ерік беріп, жаһан жұртына бейбітшіл үнмен құшақ ашты. Алайда, қазақтың ашық пейілін жымысқы пиғылына қолданып, ынтымағы ұйып отырған, сан ғасырлар іргесі сөгілмей жалғасып келген рухани сабақтастықты бұзып, ел ішіне іріткі салған топтар да аз болмады. Мысалы, 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы либералды болғандықтан, елдегі діни бірлестіктердің саны артып, миссионерлердің көше аралап, еркін уағыз жүргізуіне тиімді жағдай қалыптасты. Атеистік идеяның кесірі жат пиғылды топтарға қарсы иммунитеттің әлсіреуіне себеп болған еді. Осы олқылық жат елдік діни топтардың жиырма жылда айтар­­лық­тай «жақтас» жинауына сеп болды. Заң бойынша азаматтардың сенім бос­­тандығына кепілдік берілген. Сон­­дай-ақ, «мемлекет діннің ісіне ара­­­­ласпайды» деп көрсетілген. Алай­­­да, бұл «діни топтардың ісіне еркін­­дік берілді» дегенді білдірмесе ке­­рек. Талай отбасының берекесі ке­­тіп, шаңырағы шайқалып, ел ішінде мем­­ле­­кеттің конституциялық құры­­лы­­мы­на көңілі толмайтын, оны түрлі жол­­мен өзгерткісі келетін, өзге діннің өкіл­­деріне төзімсіздікпен қарайтын аза­­маттар пайда болды.

– Шын мәнінде, бұл үрдіс мемле­кет­­тің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндірді дейсіз ғой?

– Әрине, түрлі идеологиямен улан­­ған жастар өз анасының пісірген асын же­­мей, үлкеннің ақылына шекеден қарай­­тын жағдайға жетті. Жұмыс барысында бір дастарқан басында дұрыстап бірге тамақтана алмайтын адамдардың пайда болғанын да көріп жүрміз. Себеп біреу – діни көзқарастарының сәйкессіздігі. Өз тарихына терең қанықпаған көптеген жастарымыз «шет елдің миымен» жасалған бір-екі брошюраны оқып, ғасырлар бойы қалыптасқан ата-баба дәстүрін ширкке балап, ақыл үйретуге құштар болып алды. Бұрындары ғұламалар дінде бірнәрсе айту үшін қаншама жыл білім алып, мықты ұстаздардан тәлім көріп қана кесімді сөз сөйлеген. Ал, сол ата-баба дәстүрі ғасырлар бойы сын тезінен өтіп, бүгінгі күнге жетіп отыр емес пе?!.

– Иә. Сондықтан бізге дін мен дәстүр арасындағы байланыс пен сабақтастықты жеткізе білетін мамандар қажет…

– Дұрыс айтасыз! Былтыр елорда мектептерінде «Дінтану негіздері» пәнінен дәріс беретін оқытушылармен жекелеген кездесу өткізілген болатын. Енді алдағы уақытта дінтанушы ұстаздардың біліктілігін арттыру курстарын өткізу жоспарлануда. Өйткені, мектеп жастарымен тікелей жұмыс істейтін ұстаздардың біліктілігі жоғары, талаптарға сай болуы тиіс. Келешекте дінтанушы ұстаздардың мәртебесін мектеп директорының дін мәселесі бойынша кеңесшісі ретінде орнықтыруды қолға алу қажет деп есептейміз. Жылына екі рет қалада қызмет ететін мешіт имамдары мен шіркеу қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстары өткізілуде. Басқосуда дін саласында қызмет ететін мем­лекет­тік­ орган қызметкерлері, профессор-оқы­ту­шылар және дін қызметкерлері сала­­дағы өзекті мәселелерді талқылап, заң­­­­намалар бойынша түсіндіру жұмыс­­та­­ры жүргізіледі.

Сондай-ақ, неке мәселесі де маңызды. Ислам дінін радикалды түрде үгіттеушілер шариғаттағы «талақ» сөзін пайдаланып, қарындастарымыз бен апаларымыздың тағдырына балта шабуда. Өзі ұнатқан қызға қосылып, уақыт өте келе «талақ» сөзін қолдана отырып, екінші біреуге үйленіп шыға келеді. Бұл адамдар отбасы, некелесу сияқты өмірлік маңызды ұғымдарды ойыншыққа айналдырып алған. Кейбір әйелдердің он шақты рет тұрмысқа шығып, ажырасқанын естігенде, жүрегің ауырады. Дінді ойыншыққа айналдырушылар Мұхаммед пайғам­бар­­дың (с.ғ.с.)­ «Алла тағаланың ең жек көретіні – сендердің ажырасқандарың» дегеніне көз жұмып қарайды немесе оны әдейі айтпайды. Сондықтан бұл мәселеде дін қызметкерлеріне түсетін жүк жеңіл емес.

– Дін тұрғысында атқарылған жұмыстардың бас-аяғы жоғарыда тоқталып өткеніңіз ғана емес шығар?..

– Ол іс-шара – атқарылған барлық жұмыстардың бергі жағы ғой… Мысалы, ел тұрғындарының радикалдануы кейбір өңірлерде орын алған террорлық актілермен жалғасын тапты. Ал, заң бойынша ең басты құндылық – елдің азаматтары, оның бостандығы мен амандығы. Азаматтардың құқығына қол сұғып, үрейде ұстау, мемлекеттің конституциялық тәртібін күшпен өзгертуге тырысушы радикалды топтардың пайда болуы мемлекет тарапынан тиісті қадамды талап етті. Осының негізінде Елбасының Жарлығымен 2011 жылы 18 мамырда Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Оның бас-тамасымен 2011 жылы 11 қазанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталған заңның аясында саны 4 жарым мыңға жуық діни бірлестіктердің үштен бірі қайта тіркеу нәтижесінде жойылды. Миссионерлердің көшеде жүріп, кез келген жерде діни-ақпараттық материалдарды таратуына шектеу қойылды. Осыған орай, Астана қаласы әкімінің 2012 жылғы 31 шілдедегі №111-1076 қаулысымен діни әдебиет және діни мақсаттағы заттардың сатылуы үшін 8 сауда орны бекітілді. Сондай-ақ, Заңның 9-бабының 2-тармағына сәйкес, діни әдебиет пен діни мақсаттағы заттарды қалада ресми мемлекеттік тіркеуден өткен 47 діни бірлестік өз ғимараты мен ауласында тарату құқығына ие. Яғни, қаулымен белгіленген 8 орынға 47 діни бірлестікті қоса алғанда, Астана қаласында жалпы 55 орында діни бағыттағы материалдар таратылуда. Қазіргі таңда діни әдебиеттердің халыққа барынша қолжетімді болуы үшін қаулыға өзгеріс енгізу, сауда орындарының санын көбейту мәселелері пысықталуда.

Сонымен қатар, биыл Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының жанынан «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл мекеменің іске кірісуімен келелі істер жалғасын табады деп күтілуде. Дінтанушы, психолог мамандардан құралған мекеме деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық, ақпараттық және құқықтық көмек көрсетіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу және талдау орталығына айналатын болады.

Бұл ретте, дін саласындағы профилактикалық шаралар қысқа мерзімде жемісін беріп, ахуал бірден жақсарып кетеді деуге болмайды. Идеология жұмысы белгілі бір уақытты қажет етеді. Мұны жерге қағылған қазықпен салыстыруға болады. Қазықты бір дегенде суырып алу оңай емес. Оны алдымен жан-жаққа ырғап отырып, түбірі босаған кезде ғана ала аласың.

Барынша ашық, әрі қызық­ты пікірлесу барысында азаматтары­мыздың көбі елдің тағдырына алаңдайтынын, радикалды түсінік­тер­ден аулақ болу және мемлекет қа­­уіп­сіздігі үшін барша азаматтардың жұ­­мыла әрекет етуі керектігін ашық ай­­тып отыр. Ал, мемлекет қауіпті қуушы емес, алдын алушы болуы тиіс. Осы бағытта, интернет сайттар мен блогерлердің жұмысына да қолдау көрсетудің маңызы зор.
Көршілес Ресейде сайт мәселесін реттеудің тиімді бір механизмі бар екен. Арнайы мамандар интернет сайттарына талдау жасаумен айналысады. Қандай да бір сайтта елдің заңына қайшы келетін немесе азаматтар арасында діни, саяси, ұлттық араздық қоздыратын идеялар болса, сол сәтте сайттың әкімшілігіне хат жазылады. Хатта аталған идеялардың ұлттық қауіпсіздікке қайшы келетін тұстары көрсетіліп, аталған мақаланы алып тастауы тиістігі, әйтпесе, сайттың мемлекет территориясында таралуына тыйым салынатыны хабарланады. Осы арқылы көптеген теріс идеялардың жолын кесуге болады.

Қазіргі таңда Қазақстан территориясында «Таблиғи жамағат», «Хизб-ут-Тахрир», «Мұсылман бауырлар», «АУМ Синрике» сияқты бірқатар ұйымға сот шешімімен тыйым салынған.

– Сондай-ақ, әр облыс пен Астана және Алматы қалаларында әкімдердің басшылық етуімен арнайы комиссия құрылды емес пе?
– Сіздің айтып отырғаныңыз – 2013 жылы 8 қаңтардағы «Терроризмге қарсы тұру туралы» Қазақстан Рес-публикасы заңының талаптарына сәйкес құрылатын комиссия. Иә, оның басты мақсаты терроризмге қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастыру, осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіру болмақ. Осылайша ақпараттық-насихат жұмыстарының қарқыны тағы да арта түспек. Өйткені, мемлекет халыққа барынша жақын болып, ұдайы пікірлесіп отыруы тиіс. Осы арқылы көкейдегі сауалдарға жауап беріліп, мәселенің бағыт алу ауаны анықталып отырады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button