Басты ақпарат

Дін саласына да сілкініс, өзгеріс керек

Әйтпесе молданы имам деп атағанмен, беделі артпайды

Молдалықты місе тұтпады ма, осы күнгі ақ шапан киген дін өкілдері өздерін имам деп атағанды қалайды, солай қалыптасып келеді. Біздің дүниетанымда имам қадірлі ұғымды білдіретін. 12 имам, Әбу Ханифа секілді мықтылардың есімімен ілесе айтылатын. ҚМДБ құрылғалы бірнеше мүфти өзгерсе де, алғашқысына басқасының болмысын дін басшысы дей алмадық. Содан ба, бүгінгі имамдарды бедел көрмек түгіл, оларға қалай қарайтынымызды білмейміз. Бұл мәселе тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана емес, бүкіл елімізде маңызды. Осы себептен қоғамның түрлі өкілдерінің пікірлерін білуге тырыстық.

[smartslider3 slider=2285]

Бақытжан ӨТКЕЛБАЕВ, Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы:

Имам немесе ұстаз

– Жалпы имам сөзі «алда тұрған» деген мағынаны білдіреді. Яғни, алда тұрып намаз оқытқан соң, халықты жақсылыққа, имандылыққа бастайтын адам ретінде айтылады. Сол үшін ислам әлемінде иман атауы берілген. Молда атауын дөрекі деп айтпаймын. Бірақ, бұл Кеңес өкіметі кезінде «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген секілді жағымсыз стереотип қалыптастырды. Әйтпесе, молда да арабтың сөзі, қазақшаласақ, «мен ешкім емеспін» деген мағынаны білдіреді. Ертеректе бұл сөз ғалымдарға айтылған. Өйткені сұрақ қойған кезде «мен ешкім емеспін» деп кішіпейілділік танытқан. Қазіргі таңда діни қызметкерлерге имам немесе ұстаз деп айтқан дұрыс.

Болат ҚОРҒАНБЕКОВ, филология ғылымдарының кандидаты:

Діндегі ала-құлалық абырой әпермейді

– Қазіргі дін мәселесін реттеу деген өте күрделі. Қазіргі дін өкілдерінің халық арасында беделі төмен деп айтуға болады. Неге десең, халық мешітті, ондағы дін қызметкерлерін жаназа, неке қию, бала сүндеттеу сияқты тұрмыстық рәсімдерді атқарушы ретінде ғана танып, сол кезде ғана қажет деп есептейді.  Одан басқа кезде оларға деген мұқтаждық туып, имамдарды іздеп жатқаны шамалы. Осындай қажеттіліктің айналасынан қандай бедел жинауға болады деп пайымдауға болады. Солай болғанда да дін қызметкерлерін түсін түстеп  кінәлауға болмайды. Себебі бұл – біздің ұзақ ғасырлар бойы дәстүрлі дінімізден қол үзіп қалғанымыздың нәтижесі. Оны билік те реттеп, бақылай алмайды. Оның дұрыс жолын анықтап, жоғын түгендеп, елді соған бұру үшін білім керек, тәжірибе керек. Халықтың талап ететін қағидаттарынан,  дәстүрлі дініміздің жолынан ажыраңқырап қалған. Жаңасы халықтың ақпараттық кодын жаңғыртып жарытпады, елді нұсқаған жолына түсіре алмады. Сол себепті дінді шын мағынасында қабылдап, мойынсұна алмай, көпшіліктің басқа ағымдарға, тіпті басқа діндерге өтуіне көп себепші болды. Дін қызметкерлерінің өздері себеп болатын келеңсіз көп нәрселерді айтар едім. Біріншіден, жалпы дін ұстанушыны мұсылман дейміз. Мұсылмандық пен ислам екеуі бір-бірімен қатысты нәрсе болғанымен, екеуін бір деп қарау  қателікке ұрындырады. Біздің бабаларымыз бала кезде үйрететін иман шарттарына байланысты сұрақтарды мұсылмандық үш нәрсемен болады деп құлаққа құятын. Иман, ислам, ихсан. Қазіргі дін қызметкерлерінің көпшілігі мұсылмандықты тек қана исламмен өлшейді. Бес парыздың ішіндегі көзге көрінетін құлшылықты жалпы ислам деп атайды. Ал иманды неге бес парыздың ішінде болған деп қарайды дегенде, ол сенім мәселесіне тіреледі. Яғни адамның сеніміне. Рәсім-ғұрыптарына емес, сеніміне байланысты. Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңі бар еді ғой. …Иман емес, тағатты біздің ата-бабаларымыздың ұғымында иманды жастайынан баланың бойына егу керек, ол исламға одан ихсанға апаруы керек. Ихсан дегеніміз не? Ол – құлшылықты ерекше ықыласпен атқару. Ал ол үшін адамға  махаббат деген нәрсе  керек. Оны ояту бір күннің мәселесі емес. Қазақи діни сенімімізде осы үшеуінің тұнығында тұрған басшылары бар. Иман  тұрғысында басшымыз – Имам Матруди, ислам жөніндегі басшымыз – имам ағзам Әбу Ханифа, Ихсан жөнінде біздер басшылықа алатын тұлғамыз – Қожа Ахмет Ясауи. Имам Матрудидің еңбектері араб-парсы тілінде болғаннан кейін оны діни ғұламалар ғана оқыды. Оқымысты молдаларымыз халыққа әдет-ғұрып, салт-сана етіп түсіндіріп, дүниетанымын кеңейтті. Осылайша санамызды орнықтырды. Қазіргі күнде біздің қоғамда төл жолымыз Әбу Ханифа масхабы деген көзқарас қағида есебінде қабылданып кеткен. Ислам яғни біздің жолымыз Әбу Ханифа масхабы деп діни басқарманың халықтың санасына кіргізіп, қағидаға айналдырып жібергендігінен олардың мұсылмандықты тек исламмен болады деп есептейтінін қате көзқарасын осыдан тануға болады. Ал енді кез келген діни құлшылық емес, өмірдегі дүниедегі жақсылықтардың бәрі махаббатсыз болуы жағымсыз құбылысқа айналады. Мысалы, адам әділетті болса, әділет деген өте жақсы қасиет. Бірақ ол махаббатсыз атқарылған кезде басқаша сипат алады. Ақыл мен қайратқа махаббат серік болмаса, адамның да әрекеті  құрғақ ақыл айту, көк езумен тынып, жұртты мезі қылуға апарады. Махаббатсыз атқарылған амалдар адамды ығыр қылады, бездіреді. Діни ғұрыптар да солай. Тек өзгелерді ғана емес, имамдардың өзін жалықтырады. Өзін де құлшылықты тастап кетуге мәжбүр етеді. Тастамаса да күнкөріске айналдырып, оны көңілдің қошымен емес, қиналыспен атқарады.

Діни басқарманың мәліметінше, қазіргі таңда елордада 12 мешіт бой көтерген. Тек Ақмола кезінде ашылғаны болмаса, «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешіті – еліміздегі тарихы тереңде жатқан мешіттердің бірі әрі елордадағы алғашқы мешіт. Ал «Әзірет Сұлтан» мешіті қазіргі таңда еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы ең үлкен мешіттердің бірі саналады. Сондай-ақ, «Астана» медресе-­колледжі бар

Міне, ата-баларымыз сол жолмен жүрген, сол жолды көрсеткен Қожа Ахмет Ясауи жөнінде, ясауи ілімі жөнінде, оның ілімінің негізгі қайнар көзі бізге жеткен «Диуани хикмет» жөнінде діни басқарманың ауыз ашпайтыны, ең бастысы, ихсанға көңіл қоймайтыны мешіт қызметкерлерінің халықтан алшақтауына себеп болды. Иман, ислам, ихсанға қатысты әңгіме бұл. Осыларды тұтастық деп қабылдамай исламға ғана мән беріп, қателікке ұрынуы жамағатын адастырды. Екіншіден, дінді сегіз сағаттық жұмысқа  ұқсатып тіршіліктен қоғамның өзге салаларынан бөліп қарау да халық арасын суытады. Діннің адам өмірінің мәніне айналып кетуі тиіс екендігін олардың өздері де сезінбейді. Дәстүрімізден қол үзгендігі соншама, «бұл нәрсе біздің дінімізде бар, салтымызда жоқ», я болмаса «салтымызда бар, дінімізде жоқ» дегендей әңгімелерді айтады. Бұл – қазақ мұсылмандығын түсінбегендерін одан тым алыстығын танытатын әңгіме. Осы діни қызметкерлердің теріс түсінігінен қазір діни дәстүрлерімізде ала-құлалық пайда болды. Кезінде қазақтың дін сенімінде айырмашылық болмаған болса, қазіргі діндарлар халықтың басын қатырып отырған жайы бар. Бір жерлерде дүниеден өткен адамның қырқына дейін әр бейсенбі сайын шелпек пісіріп, құран бағыштауды тоқтатты. Мәйітті жерлеуде де дау туып жатады. Біреулері үйден мүрдені аяғымен шығару керек десе, енді біреуі басымен шығару керек дейді. Бұлар – мәни-мәнсіз нәрселер. Баспен шығарса да,  аяқпен шығарса да, өлік тіріліп келмейді. Бірақ бұл жердегі нәрсе – халықтың мың жылдарда қалыптасып қалған дәстүр-ғұрпын бұзу. Бұрындары адамның жаназасы оқылып, жерлеп болып, құран оқылып болғаннан кейін моладан қырық қадам кейін кеткен кезде мәңкүр-нүңкірдің сауалы жеңіл болсын деп қырық қадам ұзап құран оқитын, бұл бүкіл қазақтың бәрінде болатын. Бұл да адамға деген махаббаттың белгісі болатын. Соны қазір мақсатты түрде оқытпайды. Тыйымдар әлсіз жерде сақталып қалған, тыйып тастаған жерде мүлдем оқылмай, ұмытылып барады. Мәйіт жерлеп болғанда басына барғандардың құран оқи білетіндерінің бәрі бағыштайтын. Қазір жалғыз имам оқиды да, құтылуға асыққан адамша жылдам қайтып кетеді. Өлікке құрмет, ажалға қарсылық жоқ. Осылайша тек қана адамды соңғы сапарға аттандырудың өзінде қаншама ала-құлалық пайда болды.

Құдияр БІЛӘЛ, дінтанушы:

Молда халықтық атау болатын

– Молда – халықтық атау. Әу баста оған «қожа» сөзі телініп айтылатын. Соған орай «қожа-молда» деген сөз тіркесі діни айналымға түсті. Осы қос сөз мәнінен-ақ молдалықтың, негізінен, қожаларға тән болғандығын аңғаруға болады. Жалпы екеуі – бір ұғым. Ілгергі дәуір молдаларының абыройлы болғандығы сондықтан.

Кейін бұл екі ұғымды бір-бірінен ажыраттық. Кеңестік дәуір саясаты қожалар абыройын барынша түсіріп бақты. Қамады, жер аударды. Олардың орнын шала сауатты дүмшелер алмастырды. «Дүмше молда – дін бұзар» деген мақал соған орай өмірге келді. Сонымен бірге молдалықтан да қадір кетті. Тәуелсіздік алдық. Өшкен дінімізбен қайта қауыштық. Алайда бұл бөгде дін еді. Соған орай бұл дінді ұстанған молдалар да абырой биігіне көтеріле алмады. Соны білгендіктен шығар, Діни басқарма өкілдері «молда» терминін «имаммен» алмастырды. Имам – ресми дін өкілі. Сондықтан да біз оларды көп шенеуніктің бірі деп қабылдаймыз. Ал қай шенеунікті де халық онша ұната қоймайды. Олар киген ақ шапан да имамдарды халықтан оқшаулап тұр. Ал халықтың іздегені – ишандар. Ишан – дәстүрлі дін өкілдері. Біз сол дінді қайта ұстанған күні қай молда да абырой биігіне көтеріледі.

Махсат АЛПЫСБЕС, тарих ғылымдарының докторы:

Ұлттық қазығымызға байлану керек

– Әдетте, елгезек балаға «мұғалім бол» деп бата беріп жатады. Бұл кешегі кеңес заманында жиі айтылатын. Қазір ондай бата беретін адамдар да қалған жоқ. Бүгінгінің үлкендері бата берудің жолынан қалып барады. Бұл қазақтың «молда бол» деген тілегінен шыққан. «Молда бол» деген батаның өзі нені білдіреді? Молда деген – оқымысты, білімдар адам. Демек, балаға да сондай оқымысты, білімді бол деген тілектен шыққан. Ендеше молданың ең бірінші сипаты – білімдар болуы керек. Халықтың алдында жүретін, үнемі назарында ұстайтын тұлғаның бойында зиялылық, әдептілік, парасаттылық болуы тиіс. Ендеше молда қоғамдағы өзінің әлеуметтік қызметіне орай өзінің әлеумет алдындағы абырой-беделін біліп лайықты болуы тиіс. Молдаларды абыройдан жұрдай ететін нәрсе – ол саясатқа арласуы. Молдалар саясатқа араласайын деп араласпайды ғой. Оларды билік өкілдері амалсыз араластыратын сияқты. Әлеуметтік желілерде айтылып жатқан нәрсе, жұма намаздарындағы уағыздың тақырыбын ресми орын ұсынады деп айтып жатады. Бұл намазхан қауымның теріс пікірін қалыптастырады. Дін мемлекеттің ішкі шаруасына, саясатына, саяси шешімдеріне араласпау керек деген шешім бар. Молдалардың ішінде өзі молда бола тұрып теріс діни ағымның жетегінде кеткендері болатын болса,  бұл мәселе мүфтият тарапынан қатаң бақылануы керек. Қоғам тарапынан мүфтият ішінде де теріс діни ағымдардың ілімдерінің өкілдерімен байланысы бар деген пікір қалыптасатын болса, бұл молдалардың беделін  арттырмайды. Өйткені қазіргі қоғамда діннің халықты қараңғы соқыр діни сенімге шақыратын тұстары өте алаңдатып отыр. Мүфтияттың сайттарына  имамдардың өздерін ұстауы туралы нұсқаулықтарын көреміз, бұл да –  олардың жағымды имиджін қалыптастырудағы құптарлық нәрсе. Ендігі мәселе – дін-насихат амалдарының халыққа ұнамды болу мәселесі. Ол қандай деген кезде біріншіден, дін насихаты исламдық тұрғыда біздің ұлттық құндылықтардан, ұлттық таным-тұрғысынан ажырап жатпауы керек. Қазақтың дін хикметтерін айтқан тұлғалары тарихта өткен Жүсіп Баласағұни,  Әл-Фараби, Ясауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин, Нұржан Наушабаев жыраулардың мұрасы негізінде дін насихаттары құрылуы керек. Өйткені біздің қазақ ортасына дін уағыздарымен бөтен  мәдениеттің ықпалы тым күшеймеуі тиіс. Қоғамда арабтық мәдениеттің насихатталуына наразылық қалыптасып келеді. Ол халықтың ұлттық болмысына теріс әсер тигізе ме деген қауіпті ескеру керек сияқты. Дін насихатын қазақ мәдениеті, әдебиеті, ұлттық құндылықтар тұрғысынан көп ескерілетін болса, сол беделін көтереді. Медреселерде, болашақ дін мамандарын оқытқан кезде бағдарламаларында қазақ әдебиеті, түркі әдебиеті, көне түркі тарихы, қазақ тарихы сияқты пәндердің оқытылуына оның пәндік мазмұны өте сапалы болуына мән беру керек.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button