Имантаразы

Дінбасылар жиынының дәрмені қандай болмақ?

Астана Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті алқалы жиыны өтуде. Съезд хатшылығы басқосу барысында талқыланатын басты тақырыптарды белгіледі. Биылғы құрылтай тек діндер мен мәдениеттер арасындағы үнқатысу шеңберінен шығып, әлемнің баршамызға ортақ қауіпсіздігі мәселесін талқыламақ. Бүгінгі дау-жанжалдар мен соғыстарды тоқтату тығырыққа тіреліп, шиеленісіп тұрған жағдайда қауіпсіз және соғыссыз әлем мәселесі ең өзекті тақырып болып отыр. Съездің мұндай ауқымды мәселені күн тәртібіне шығаруы 15 жыл ішінде оның нығайып, салмағы арта түскенін айғақтайды.

Астананың осылайша әлемнің ең беделді діни лидерлерінің кездесу орнына, келіссөз алаңына айналуы кездейсоқ емес.  Тәуелсіздік жылдары елімізде сан алуан ұлт пен әртүрлі діни конфессия өкілдері тату-тәтті тұра алатын нағыз толерантты қоғам орнады. Қалыптасып қана қоймай, жаһандық деңгейде кең танылып, «Қазақстандық жол» деп аталатын жаңа үлгі қалыптаса бастады. Бұл ретте мыңжылдықтар тоғысында әлем сахнасына шыққан жас мемлекеттің дана да дара лидері болуының маңызы зор болғанын атап айтуға тиіспіз. Сондықтан да Астананың бұл бастамасы әлемдік қауымдастықта бірден жан-жақты қолдау тауып, 2003 жылғы ең тұңғыш басқосуының өзінде өте батыл да маңызды шешімдер қабылдап үлгерді. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі АҚШ-та болған жан түршіктірер террорлық әрекеттен соң іле-шала «ислам лаңкестері» деген қалыптаса бастады. Бұған Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірден наразылық білдіргенін замандастары Астанадағы дін лидерлерінің басқосуы барысында жиі айтып жүр. Атап айтқанда,  Катар мемлекетінің бұрынғы әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Тәни: «2001 жылдың қыр­күйе­гіндегі АҚШ-та Бүкіләлем­дік Сауда Ұйымы­ның үйі ғимараттарына шабуыл жасалғаннан кейін «ислам терроризмі» деген термин әлемге таратылды. Сонда біздер, араб жұртының басшылары, үнсіз қалдық. Сондай сын сағатта бір­ін­ші болып қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл – жала! Мен «ислам экстре­миз­мі», «ислам терро­риз­мі» деген тер­мин­дерді қолдануға үзілді-кесілді қарсымын. Әлемдегі соғыстар ешқашан исламнан бас­тау алмаған. Бізге исламды түрлі жаладан қорғайтын кез келді»– деп мәлімдеді. Содан кейін ғана басқаларымыз батылданып, өз пікірімізді жария ете бастадық» деген еді. Қазіргі кезде терроризмді тек ислам дінімен ұштастыру доғарылды. Бұған Астана мінберінен айтылған мәлімдемелердің ықпалы болғаны анық.

Қазіргі таңда қарапайым адамдардың діни наным-сенімдерін жекеленген арам пиғылды топтардың өз пайдаларына алдап-арбау арқылы пайдалану үрдісі етек ала бастады. Интернет, әлеуметтік желі сияқты технология жетістіктерін осы арам ойларын жүзеге асыру үшін шебер пайдаланған олар әр елдегі тұрғындардың санасын улап, соқыр сенімге иландыра отырып адамзатқа қарсы сұмдық қылмыстар жасатуын тоқтатар емес. Олардың торына оңай түсуге көптеген мұсылман елдердегі кедейшілік пен тұрмыстың ауырлығы себеп болатыны белгілі. Бұл туралы Астанада өткен Еуразия  мұсылмандары ғұламаларының жиынында Әлемдік және дәстүрлі діндер съезді хатшылығының басшысы, Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев орынды айтты: «Ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше арттыру қажет. Меніңше, бұл қазіргі заманның ең өзекті проблемаларының бірі болып табылады. Себебі, қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеттері кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалмен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде. Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестен алып шығатын пәрменді тетіктерді, идеологиялық және моральдық әдістерді іздестіруді талап етеді. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдырып, білім мен бейбітшілікке деген сүйіспеншілік туралы қасиетті Құран ілімдерін қайта жандандыруға тиіс. Бұл істе ғұламалар қасиетті жазбаның ұлағатты сөздерін күмәнді уағыздаушылар ұсынып жүрген жалған түсініктерге қарсы қоюы керек» деп атап өтті ол.

Орайы келгенде айта кеткен абзал, Ислам дінінде діни сенім бостандығына еркіндік берілген. Бұған айғақ ретінде Құран-Кәрімдегі: «Дінде зорлық жоқ» (Бақара, 256) деген аятты айтсақ, әбден жеткілікті. Хақ дінге өзге діни сенімді телуге болмайтындығы да Құран-Кәрімде: «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» де» (Кафирун, 6) деп ескертілген. Ал өзге дін өкілдерімен бір мемлекеттің қарамағында өмір сүруге болатындығы қасиетті Құранда: «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан қуып шығармаған адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла әділеттілік жасағандарды жақсы көреді» (Мумтахина, 7) деп баяндалған. Яғни, әділеттілік қағидасының негізінде мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен бір шаңырақтың астында ғұмыр кешуіне рұқсат етілген.

Осылайша Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің биылғы басқосуы ешқандай шекара мен қоршау тоқтата алмайтын «заманауи» сын-қатерлердің алдын алуды қарастырмақ.

Ғылым мен технология қарыштап дамыған қазіргі дүниеде «дін ығысып, ғылым-білімнен кейінгі орынға жылжиды» деген болжамдар әзірге орындалып отырған жоқ. Адамзат баласы мыңдаған жылдар бойы қалыптасып, санасына сіңген діни наным-сенімнен оңай бас тартар емес. Дүниежүзілік зерттеу ұйымдарының дерегіне қарағанда, дінге деген сенім керісінше бұрынғыдан да нығая түскен. Еуропалық Одақ жанындағы статистика қызметінің мәліметіне жүгінсек, мыңжылдық басында діни наным-сенімнен бас тартып, ғылым мен білімге ғана сенім білдіретіндердің үлесі 26 пайызды ғана құраған. Ал 1980 жылдары бұл көрсеткіш біршама жоғарырақ болатын. Сарапшылар дінге сене бермейтіндердің азайып, дінді белгілі бір деңгейде ұстанатындардың көбею үрдісін атеистік қағидаттарға негізделген коммунистік жүйенің құлауы себебінен болғанын айтып отыр.

Осыдан келіп діннің ықпалы, яғни онымен бірге дінбасылардың беделі едәуір атты. Сондықтан да Астанадағы дін лидерлерінің жиынынан батыл қадамдар күтуге әбден болады.

Оның үстіне Астана 2015 жылы өткен 15-ші съезден бері ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізіп, Сирия дағдарысы бойынша бірнеше кезеңдік аса ауқымды келіссөздер өткізіп біршама тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше бола отырып, өз төрағалығы барысында бірқатар игі бастамаларын жүзеге асыруда. Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» деп аталатын манифесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне ресми құжат ретінде бекітіліп, ондағы қауіпсіз әрі соғыссыз әлем, ядролық қарулардан ас тарту мәселелері сияқты құнды идеялары бойынша нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Осылайша халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі нығая түсті. Өзгелерге үлгі етіп көрсете алатын жетістігіміз де жоқ емес. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаһандану жағдайында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан айырылып қалмауға бағытталған.

Міне, Қазақстан дәстүрлі түрде тұрақты өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің 15-ші жылына осындай кемел дайындықпен келіп отыр.

VI съезден күтілетін өзіндік жаңалықтар да жоқ емес. Съезд хатшылығының ХV отырысында дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін арнайы Астана сыйлығын тағайындау, Съездің құрметті медалімен марапаттау сонымен қатар Бейбітшілік және келісім музейін ашу қатарлы бастамалар қарастырылған болатын. Өз кезегінде мұндай бастамалар алқалы жиынның маңызын арттыра түсетіні сөзсіз.

«Осы Съезд бізге керек пе? Қандай шешім шығарып, нақты не береді?» деген сұрақтың туындайтыны белгілі. Осы ретте ескеретін жайт, Съезд екі-үш күндік басқосумен біте салмайды. Оның жұмысы жиыннан кейін де жалғасын табады. Көтерілген мәселелерді жүзеге асыру, дінаралық диалогты нығайта түсу секілді жұмыстар тоқтамайды. Оның жұмысын үйлестіріп отыратын тұрақты Хатшылық бар. Сонымен қатар, әлемнің алыс бір елінде тұтанған өрт біздің елге жетпейді деп қамсыз отыратын заман емес қазір. Қазіргі сын-қатерлерден осындай жиындар арқылы алдын ала отырып қорғануға болады. Бұл сұраққа Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың алдағы діндер құрылтайында талқыланатын «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесіндегі мына жолдар дәл жауап: «Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар».

Бауыржан ЕСМАХАН,
ҚМДБ найб-мүфти

 

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button