Сұхбат

Діни кітаптар арнайы орындарда сатылуы тиіс

Азамат ЖАНАХМЕТОВ, Астана қаласы прокуратурасы Экстремизм және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңдылықты қадағалау бөлімінің аға прокуроры:

Еліміздің «Дiни қызмет және діни бiрлестiктер туралы» заңына сәйкес, діни мазмұндағы әдебиеттер мен өзге де ақпараттық материалдар бұдан былай кез келген жерде сатылмайды. Қоғамдық орындарда таратылатын діни кітаптарға тосқауыл қойылды. Бұл жөнінде қалалық прокуратураның аға прокуроры Азамат Жанахметовпен тілдескен едік.

– Заң бойынша діни мазмұндағы әдебиеттер қайда сатылуы тиіс?

– Дiни мақсаттағы әдебиет пен насихат парақтарын тек ғибадат үйлерінде, діни бiлiм беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың жергiлiктi атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға ғана жол беріледі.

– Астана қаласында қандай орындарда сатылуға рұқсат берілген?

– Заңға сәйкес Астана қаласы әкімдігінің қаулысымен діни мақсаттағы әдебиеттерді тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайдың тізімі бекітілген. Олар – қаланың әр даңғылында орналасқан ≪Күлтегін≫, ≪КиК≫, ≪Вороненко И.М.≫ , ≪Абай≫, ≪Кәусар≫ , ≪Алматы≫, ≪Книжный Эльдорадо≫ және ≪Эльдорадо≫ дүкендері.

– Дiни мазмұндағы кітаптар қаланың рұқсат етілмеген орындарында сатылса, қандай шаралар қолданылады?

– Қолданыстағы заңда діни қызмет және діни бiрлестiктер туралы заң талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды адамдарға және діни бiрлестiктердің басшыларына жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал заңды тұлғаларға қызметін үш ай мерзімге тоқтата тұрып, екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлету көзделген. Мұның бәрі дін саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылық көріністерінің алдын алу мақсатында қолға алынған. Сондықтан қала тұрғындарына заң талаптарын бұзуға болмайтынын айтқымыз келеді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button