Имантаразы

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТЫ ДІТТЕЙДІ

DSC_0280

Астана қаласы әкімдігінде «Қазақстандағы діни ахуал: азаматтардың діни танымын арттыру мәселесіндегі ақпа­раттық-ағарту жұмыстарының рөлі» тақы­рыбында­ дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға елордадағы дәстүрлі дін­дер жетекшілері мен өкілдері және дін­тану­шы­лар­ қатысты.

Басқосуды ашып, жүргізген Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы Жорабек Дәуренов бүгінгі діни ахуал жөнінде әңгімеледі. «Біз қаладағы еңбек ұжымдарымен, жұмыссыз жастармен, қалаға жақын елді мекендердегі тұрғындармен кездесіп, дәстүрлі, тарихи қалыптасқан дінді насихаттауымыз қажет. Еліміздің зайырлы екенін жеткізуге міндеттіміз. Барлық атқарған шараларымыз осы мақсатқа бағытталсын» деді басқарма басшысы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласындағы өкілі, «Нұр-Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов өткен жылы басқарма тарапынан ақпараттық насихат топтары құрылып, халықпен кездескенін, бұл жұмыс нәтижелі аяқталғанын әңгімеледі. «Алла бұйыртса, биыл да осы шаруаны жалғастыру жоспарда бар» деді ол. Наурызбай қажының айтуынша, бас мүфти Ержан Малғажыұлы биылғы жылды «Дін және дәстүр» жылы деп жариялады. Бұл зайырлы Қазақстандағы діни ахуалды реттеп, ұлттар мен конфессиялар арасындағы бірлікті нығайтуға септігін тигізбек.

Дөңгелек үстел отырысында Успен кафедралды шіркеуінің архимандриті Сергей Карамышев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Момынов сөз сөйледі.

Жиын барысында Астана қаласында конфес­сия­аралық келісімді нығайту, дін саласында ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізуде өзара ынтымақтастық жөніндегі үш жақты меморандумға қол қойылды. Бұл құжат аясында «Діни қызмет және діни бір­лес­тіктер туралы» заңның негізгі қағидалары түсін­діріліп, кон­фес­сия­аралық келісімді насихаттау жұмыс­тарын бірлесе ұйымдастыру қолға алынады. Елорда тұрғындары арасында діни төзбеушілік пен экстремизмнің алдын алу мен болдырмау басты назарда болады.

Айта кетерлігі, бүгінде қалада 14 конфессияны құрайтын 47 діни бірлестік, 7 мешіт, 4 католик және 28 протестанттық бағыттағы діни бірлестік бар.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button