Басты ақпаратИмантаразы

Дінтану діңгегі мықты болса, адаспаймыз

Ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар қашан да өзекті. Ұрпақ тәрбиесінің шегесі босап, рухани жұтаңдану сезілгеннен-ақ нағыз рухани аштық басталады. Мұндайда ұлттың өзегін жалғап, таңдайына су себер – ұлттық әдебиет, мәдени мұралар, дәстүр мен дін болары сөзсіз. Рухани жаңғыруға бет бұрып отырған бүгінгі таңда Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп мұраларын оқып-танудың маңызы зор. Біз бүгін қоғамның әсіресе, діни сауатын көтеріп, елдегі діни жағдайды сараптап, ғылыми түрде баға беретін, ағартушылық бағыттағы сауалдарымызды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Дінтану кафедрасының меңгерушісі Мұрат СМАҒҰЛОВҚА қойған едік.

– Мұрат Нұрмұхамбетұлы, жалпы әлемдік кеңістікте экстремизм мен терроризм  мәселесі күйіп тұр. Таяу Шығыс елдеріндегі жағдай да көңілге алаң туғызады. Исламды әлемге терроршы ретінде көрсеткен содырлар әрекеті тыйылар емес. Дінді тануда ұстаздың орны, жалпы дінтанушы маманның қоғамдағы ролі қандай?

– Иә, XX ғ. соңы мен XXI ғ. басы әлемдік қауымдастықта терроризм мен экстремизмнің көріністері артып, әлемдік қақтығыстар мен бақталастықта жаңаша қайшылық түрі пайда болғандай. Оның үстіне әсіредіни радикалды топтар да осы қайшылықтардың арасынан орын алып жатқандығын көріп жатамыз. Жалпы түпкі мақсатында экономикалық және геосаяси мүдделер жатқанымен, қарапайым азаматтар осындай лаңкес топтардың қатарына діни мақсатта кіріп кетіп жатыр. Таяу шығыстағы қақтығыстарға қатысқан, кейіннен «Жусан» арнайы операциясы арқылы елге әкелінген азаматтардан да байқайтынымыз, оларды діннің атынан қармаққа түсірген немесе дін үшін, Құдай үшін деген ұрандарға еріп кеткен. Осы орайда халықтың діни-­саяси сауаттылығы аса маңызды. Еліміздегі азаматтардың басым көпшілігінің діни немесе дінтанулық сауаттылығы төмен. Сол себептен де дұрыс пен бұрысты дәстүрлі дін мен ағымды ажырата алмай жатады.

Идеологиялық түрде адамның санасына сыналап кірген діни наным оңайлықпен өзгермейді. Адасып жүрген адамның өзі «менің әрекеттерім қате» деп ойламайды. Міне, осы тұрғыдан бұл бағыттағы ұстаздардың және білікті дінтанушы мамандардың рөлі барынша артып отыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Дінтанушы» маманның жұмыс бағыты белгісіз, тіпті олардың қоғамға не үшін керектігін айқындай алмаған болсақ, қазірде елімізде білікті мамандардың әлі де жетіспейтіндігі байқалады. Демек, қоғамдағы теріс ағымдардың алдын алуда, дін мен мемлекет қатынастарында зайырлылық талаптарына сай байланысты, құқықтық негіздерді қалыптастыруда дінтанушы маманның орны мен рөлі зор.

Қазіргі таңда Астана қаласында 32 діни ғибадат ғимараттары бар. Сондай-ақ қалада Астана медресе колледжі жұмыс істейді. Онда қазір 140-150 шақты мектепті бітірген бала оқып жатыр. Астанадағы Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институтында оқыған балалар тео­лог маманы ретінде жұмысқа орналасады. Онда қазір 40-тан астам бала білім алуда. Жалпы, біздің елімізде теолог маман даяр­лайтын бірнеше оқу орындары бар. Олар – Ясауи атындағы ХҚТУ және Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәде­ниеті университеті

– Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің мемлекетте бөлініс жоқ. Дініне, жынысына, көзқарасына қарап ешкімді қудаламайды, қысымға алмайды. Зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет құру – басты парызымыз. Зайырлы мемлекетте білім, ғылымға ұмтылудың қажеттілігін қалай түсіндірер едіңіз?

– Зайырлы деген сөздің басты мағынасы – құқықтық, яғни қоғамдық қатынастар құқықтық негізде айқындалатын мемлекет деген сөз. Өкінішке қарай, «зайырлы» деген терминді «атеистік» деп түсінетіндер бар, ол дұрыс деуге келмейді. Әрбір діни конфессия, әртүрлі этнос өкілдері, әртүрлі дүниетанымдағы азаматтар бейбіт қатар өмір сүру үшін бұл ұстаным аса маңызды. Дегенмен, мемлекет қоғамнан бөлек дүние емес. Қоғамның сапасы мемлекеттің де әлеуетін білдіреді. Сондықтан да қоғамдық қатынастарда қайшылықтардың аз болуы – қоғамдық сананың биіктігіне байланысты мәселе. Адамдар басқа адамдардың да құқы екендігін түсіне білуі керек. Діндарлар мен дінсіздер, әртүрлі конфессиялар өкілдері, әртүрлі қоғамдық топтар қарсы тарапқа өз танымы негізінде қараса көптеген қайшылықтар туындайды, ал құқықтық тұрғыдан қараса түсіністік қалыптасады. Әрбір адам өзгенің құқы басталған кезде өзінің құқы аяқталатындығын түсіне білуі тиіс. Ол үшін қоғамдағы азаматтардың санасы жоғары болуы шарт. Ал бұл үшін білімді болу аса қажет. Сондай-ақ қоғамның дамуы, алға басуы, өркениетті жолға түсуі тікелей білімге байланысты.

Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салғызған.

Айшылық алыс жерлерден

Жылдам хабар алғызған, – деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қазір – білім мен өнердің заманы. Білім мен өнер кімде болса, өркениет пен дамуға сол ие. Бірақ, жалаң ғылым мен білім тәрбие бола алмайды. Сондықтан ұрпаққа білімді тәрбиемен қоса беру қажет деп ойлаймын. Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы», демек, жастарға келгенде құрғақ ақпаратқа қарағанда іліммен бірге тәрбие маңыздырақ болуда.

– Дінаралық татулық – мемлекетіміздің басты ұстанған саясатының бірі. Дін – діңгек. Дінаралық татулық бар жерде елдің бірлігі те мығым болады. Бәрін мемлекет реттеп отырады. Оған талас жоқ. Дін жұмырбасты пенденің жан дүниесіне рухани  тұрғыдан тірек болады. Бірақ, сенім бар да, адасу деген бар. Мемлекеттен арнайы бөлінген теологтар мен психолог-мамандар осы бағытта жұмыс істейді. Болашақ  теологтарды даярлаудың қандай қиындықтары бар?

– Жоғарыда да айтып өткеніміздей, елімізде дінге бетбұрушылық жоғары қарқынмен жүріп жатқандықтан, кеңестік шектеулерден шыққан халқымыз руханият пен дәстүрге деген құлшынысының жоғары болуынан және шекарамыз барша әлемге айқара ашылғандықтан, көптеген ағымдар мен топтар еліміз аумағында ондаған жылдар уағыз айтып көптеген азаматтарды қатарына қосып үлгерді. Заңдық тұрғыдан тыйым салынған радикалды ұйымдардың саны да артқанын білеміз. Алайда радикализммен күрес, дінмен күрес болмағандықтан немесе барша діни ұйым атаулыға тыйым салу мүмкін болмағандықтан, кейде азаматтарымыз әртүрлі уағыздарға еріп адасушылыққа барып жатыр. Кейбірі отбасына, еліне қарсы шығып рухани құндылықты сырттан іздеп жүрсе, енді бірі әртүрлі шет елдік уағыз­шылардың етегінен ұстап ел ішіне іріткі салып жүр. Міне, бұл олқылықтың орнын байыпты түсіндіру мен оңалтудан іздеген еліміз үшін теологтар мен психологтардың да қажеттілігін сездік. Дегенмен, ондаған жылдар теріс идеологиямен тәрбиеленген, тіпті шет елдердегі арнайы оқу орындарынан білім алған адасушы топ өкілдерімен таласқа түсу оңайға соқпайды. Оның үстіне дінде әртүрлі мазхабтардың, бағыттардың орын алуы бүгін ғана емес қой. Біздің халқымыз үшін ислам біреу болды, діндарларымыз мазхабтарға бөлінген жоқ. Қазір шет елдердегі діни орталықтарда білім алып келген жастар біліммен бірге салтын, діни ұстанымдарын, мазхабтық ерекшеліктерін де алып келіп жатыр. Бұл да қоғамда көптеген түсінбеушіліктерге себеп. Осыған байланысты білікті теолог даярлау ең басты мәселелердің біріне айналды. Біздің елімізде теолог маман дайындайтын бірнеше оқу орындары бар. Олар – Ясауи атындағы ХҚТУ және Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университеті. Ал басқа оқу орындарында теология бағыты жоқ.

– Дінтану мамандығы – еліміздегі ең жас мамандықтардың бірі. Дінтану мамандығын оқып шыққан студенттер қандай қызметтерге орналасады, түлектердің жұмысқа орналасуы туралы нақты деректер бар ма?

– Қазір ЖОО-ның басты артықшылығы оларды бітірген түлектердің жұмысқа орналасуымен өлшенетіндігін білесіз. Сондықтан әрбір оқу орны барынша осы бағытта қарқынды жұмыс жасайды. Біздің мамандыққа келер болсақ, жас мамандықтардың бірі болғандығына қарамастан түрлі бағытта қызмет етуге мүмкіндігі бар мамандық. Облыс орталықтарындағы және үлкен қалалардағы Дін істері басқармалары, Діндерді зерттеу орталықтарынан бастап түзету мекемелерінде, ҰҚК сапында, ІІМ экстремизммен күрес орталықтарында да қызмет атқара алады. Біздің түлектеріміз осы салалардың барлығында табыс­ты қызмет етуде. Жұмысқа орналасу бойынша көрсеткішіміз өте жоғары саналады. Нақты деректерді біз жыл сайын жинап отырамыз. Оның үстіне бітіруші мамандарға үш жыл елге қызмет ету міндеттелген. Сондықтан бітіруші түлектер жұмыспен толыққанды қамтылған.

– Дін тануда мына үш тұлғаның ролі ерекше: әдебиеттің ұлы тұлғалары Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасын жеке-­жеке тақырып бойынша сараласақ, үлгі мен өсиетке, тәрбие мен тағылымға құралған туындыларын бөліп қарастыра аламыз. Бұлар – ХХІ ғасырда да өзегін жоғалтпаған құнды мұралар. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп есімдерінің бірге аталуының сыры тереңде. Себебі қазақтың үш алып тұлғасы да – ұлттық ойлау жүйемізді сақтап, дініміз бен дәстүріміздің берік сабақтастығын бұзбай бүгінгі ұрпаққа табыстаған ұлылар. Алаштың үш ғұламасының еңбектері ғылыми зерттеулермен пара-пар. Себебі бұл еңбектерде дінтану, жантану, тәнтану, педагогика, психология, тарих, этнография сияқты көптеген салалар қамтылып, түрлі сауалдарға нақты жауаптар берілген. Осы үш тұлғаны университетте оқытудың жолдары қандай, айрықша тақырыппен диплом қорғаған, яки курс жұмысын жазған түлектер бар ма?

– Дінтану – зайырлы мамандық. Дегенмен, ұлттық құндылықтарымыз бен ұлт тұлғаларын зерттеу – әрбір отаншыл азаматтың борышы. Сондықтан біздің түлектеріміздің арасында жылына кем дегенде екі-үш дипломдық жұмыс, магистрлік диссертация жұмысы ел ағартушыларының еңбектеріне арналады. Мәселен бір ғана мысал, магистратура деңгейінде «Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы адамгершілік құндылықтар» және «Мәшһүр Жүсіп еңбектеріндегі кемел адам түсінігі» атты екі диссертация өткен оқу жылында қорғалды. Ал Абай және Шәкәрім еңбектері де – үнемі назарымызда. Бабаларымыз­дың еңбектерінен бейхабар жастар ділінен, салт-дәстүрі мен тұғырынан айрылатыны бәріне мәлім, сондықтан бұл бағытқа мемлекет тарапынан және университетіміз жағынан да ерекше көңіл бөлінуде.

– Дінтануда ғылымның алдында тұрған мақсат пен міндеттер туралы не айтасыз?

– Кез келген ғылымның мақсаты – елді өркениетке бастау. Ал өркениеттілік тек техникалық және экономикалық дамумен ғана болмайды. Халықтың рухани бірлігі, ішкі көзқарастар үйлесімі, діни бірегейлік деген мәселелер маңызды. Сондықтан елдің ішкі руханиятын, түрлі керітартпа ағымдар мен солардың насихаттарына деген ішкі иммунитетті қалыптастыратын және дінтанулық ағартушылық – біздің мамандықтың басты мақсаты. Бұған қоса елімізде дінтануды теологияның бір түрі немесе баламасы деп түсінетіндер жоқ емес, сондықтан бүгінгі күні бұл ғылымдардың аражігін ажыратып алу қажеттігі бар.

– Қазіргідей әлемдік тынышсыздық жағдайында (соғыс­тың болуы, табиғи апаттар, содырлардың әрекеттері және т.б.) діни сауаттылыққа жету, дәстүрлі діндерді насихаттау қаншалықты нәтиже береді деп ойлайсыз?

– Зайырлы дінтану мамандығының міндетіне дәстүрлі діндерді насихаттау жатпайды. Себебі заң бойынша мемлекет пен дін бөлінген. Мұнымен тікелей ҚМДБ және РПШ айналысады. Ал діни бірлестіктердің қызметін мемлекеттік мекемелер қадағалайды. Дінтану мамандықтың басты міндеті – әлемдегі діндердің ерекшеліктерін студенттерге түсіндіру, олар тұралы хабар беру, белгілі дінді насихаттау емес.

– Ғалымдар, философтар, дін өкілдері дін және мемлекет қатынасының теориялық негізін анықтауы тиіс. Ортақ жүйе, ортақ платформа болмай діни сауаттылықты арттыру мүмкін емес. Осыған не дер едіңіз? Дін мен дәстүрді жақтайтын Ясауи ілімін, Имам ағзам Әбу Ханифа жолын қазіргі заманға лайықтап насихаттаудың жолдары қандай?

– Бұл да жоғарыдағы сұраққа ұқсас. Бұл бағыт-бағдармен тікелей теологтар мен дін өкілдері айналысады, дінтанушылар емес.

– Мектептің оқу бағдарламасындағы дінтану пәні мазмұнымен таныссыз ба? Сіздіңше, оқушы деңгейі ескерілген бе, сонымен қатар, оқулық мазмұны осы пәнді енгізудегі мақсатқа сай ма?

– Иә, мектептерде оқытылып жатқан «Дінтану және зайырлылық негіздері» пәнінің жалпы мазмұнымен таныспын. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2006 жылы нұсқамалық хатымен орта жалпы білім беретін мектептерде «Дінтану негіздері» курсын енгізуді ұсынғаны белгілі. Бұл шешім көптеген дау туғызды. Біреулер бұл курссыз сауатты түлек дайындау мүмкін емес дегенді алға тартса, екіншілері бұл курс зайырлы мемлекеттегі онсыз да аз емес діндар отбасыларының қатарын толтырады, үшіншілері, мұғалімдер маңызды материалды тиісті деңгейде жеткізетін сауатты мамандардың жоқтығын алға тартты. Бірақ қалай дегенмен де, бұл іс жүзеге асып, қазір орта білім беретін оқу орындарында оқытылып келе жатыр. Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрінің 2014 жылғы 15 шілдедегі № 281 бұйрығымен Жалпы білім беретін мектептердің 9-сыныбына арналған «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсының бағдарламасын бекіту туралы шешім шығып, 2016-2017 оқу жылынан бастап «Дінтану негіздері» пәні «Дінтану және зайырлылық негіздері» пәні ретінде оқытылып келеді. Негізінде бұл пәнді оқытудағы мақсат – еліміздегі жастардың дін туралы сауаттылығын арттырып, болашақта әртүрлі теріс ағымдардың соңынан еріп кетудің алдын алу екендігі дау­сыз. Алайда бұл қаншалықты деңгейде тиімді орындалуда деген сұраққа ешкім толық жауап бере алмайды. Себебі курс факультатив деңгейінде болғандықтан, оған барынша мән беріп оқытылады деп айту қиын. Оқушыларға да баға қойыл­мағандықтан, зейін салып оқымайды. Оның үстіне өтпелі кезеңдегі 9-сынып оқушылары мұндай тақырыпқа қызықпайды. Ал білім беріп жүрген ұстаздардың көбі тек сағат үшін алады немесе тарихшы болғаны үшін жүктеледі. Сондықтан да бұл пәннің оқыту сапасы, оқулықтың сапасы деген дүниелер әлі де жетілдіруді қажет етеді деп санаймын.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button