Жаңалықтар

ДИПЛОММЕН – ЖҰМЫСҚА

ERM_4090

Астана қаласы әкімдігіне қарасты Жұмыспен қамту орталығы кеше түлектерге арналған бос жұмыс орындар  жәрмеңкесін өткізді. Айтулы шараға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін электроэнергетика, радиотехника, электроника және телекоммуникация  мамандығы бойынша оқуын биыл бітірген жастар қатысты.

Шағын-аукционға техника саласындағы 5 кәсіпорын 20 шақты бос жұмыс орнын ұсынды. «Мекемеміз жол қозғалысын реттеумен айналысады. Бағдаршамдық шаруашылық бөліміне инженер-электрик қажет. Тәжірибесі жоқ жас маманды жұмысқа тартып көрмекшіміз. Оларға осы істің қыр-сырын үйрететін кәсіби жетекшіні бекітеміз. Ең басты талап – жоғары білімнің болуы. Еңбекақы – 130 мың теңге» дейді кадр қызметкері Ирина Бойко.

Жәрмеңкенің уақыты дип­ломды салтанатты түрде табыстау рәсімімен тура кел­гендіктен, бітірушілердің бар зейіні көптен күткен сәтті тойлауда болды. Өкінішке қарай, жұмыс берушілердің ұсыныс үстеліне қызығушылық танытқандар қатары көп бола қойған жоқ. «Түлектер қазір қуаныш үстінде. Дипломдары қолына тиді. «Бәрі бізді құшақ жая қарсы алады» деп асықпайды. Әдетте жастар еңбек нарығындағы бәсекелістікті күзде ғана ұғады. Сол кезде жан-жақтан жұмыс іздеп, ширақ қимылдай бастайды» дейді Жұмыспен қамту орталығының маманы Ардақ Жексембина.

Оның айтуынша, техника сала­сындағы жұмыс берушілер осындай шақыртуларды қуа­на қабылдайды. Жұмыс бе­ру­ші­лердің арасында жас маманды өз қаражатына оқы­тып, жұ­мыспен қамтуға мүд­делі кәсіп­орындар да бар екен. Мә­селен Астанадағы бір­қатар ғи­ма­рат­ты өртке қарсы құрыл­ғы­лар­мен жабдықтайтын кә­сіп­орын­ның бірі инженер-жобалаушы қызметіне қағілез жастарды іздеп келіпті. «ҚазАТУ-дың білім беру жүйесіне ризамыз. Олардан жақсы инженерлер шығады. Теориялық білімдері терең, біз тек практикаға баулимыз» дейді Инна Магда есімді қадр қызметкері.

Түлектердің бірқатары әңгімелесуден өтіп, жұмыс берушілерге түйіндемелерін қалдырды. Дипломын енді алған түлектер үшін осындай жәрмеңкелер алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button