Басты ақпаратМәдениет

Дирижердің сиқырлы таяқшасы

Элмар Бөрібаев «Астана Опера» театрының дирижері. Ол – қазақ­стандық классикалық музыка саласындағы жаңа есім. Румыниядағы опералық-симфониялық дирижерлер конкурсының дипломанты. Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясын және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академия­сын аяқтаған.

Болгария, Румыния, Италия елдерінің оркестрлерінде дирижерлік еткен. 2022 жылы Дж. Пуччинидің «Богема» операсымен Манчинелли театрында (Орвието, Италия) дебюті өтті. Элмар Бөрібаев «Астана Опера» театрының симфония­лық оркестріне жетекшілік ету асқан жауапкершілік деп санайды.  «Астана Операның» кәсіби біліктілігі өте жоғары. Биік шығармашылық белестерді бағындырары сөзсіз. Жуырда дирижермен арнайы барып сұхбаттасқан едік.

– Элмар Асқарұлы, музыка сізге ана сүтімен, әке тәрбие­сімен дарыды, жаныңызға жақын өнер қалайша өмірлік ісіңізге айналды? Осы туралы айтсаңыз.

– Мен кәсіби музыканттар отбасында дүниеге келгендіктен, ертеден келе жатқан осы дәстүрге сай білім алдым. Әуелі Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде виолончельден сабақ алсам, Алматыдағы консерваторияда опера-симфонияға дирижерлік ету мамандығы бойынша білім алдым, одан соң Милан консерваториясын бітірдім.

– Әлбетте, сізге басқа да білім көздері қолжетімді болған шығар?

– Иә, маған, негізгі консерваториялық білім алудан бөлек, Лондон, Берлин, Санкт-Петерборда және тағы басқа қалаларда халықаралық шеберлік сағаттарына қатысудың сәті түсті. Бұдан бөлек, үздік театрлар мен концерт залдарындағы концерттер мен спектакльдерден алған зор әсер, тәжірибе кәсіби қоржынымды толықтырып, байытып отырды. Ла Скала театрындағы заманымыздың ең атақты солистерімен және дирижерлерімен өткен спектакльдер мен дайындықтарды ұдайы тамашалау маған зор мүмкіндік сыйлап, талабымды ұштай түсті.

– Өкінішке қарай, барлы­ғының шетелге шығатын мүмкіндігі жоқ. Сіздің ойы­ңызша, Қазақстанда жақсы дирижерлік білім алуға бола ма?

– Біздің елімізде классикалық музыкалық білім беру лайықты деңгейде оқытылуда және дирижерді дайындау ісі дұрыс жолға қойылған деп санаймын. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Н.Жарасов, Б.Жаманбаев секілді терең теориялық, сонымен бірге зор практикалық білімге ие шеберлер дәріс бергенін ерекше атап өткім келеді және қазір де олар мықты музыканттарды тәрбиелеуден сырт қалған емес.

– Теориялық жағынан оркестрмен жұмыс барысына өз дүниеніңізді қосқыңыз келе ме?

– Дирижер мамандығы – бұл шығармашылық қызметтің жаңартуларға, өзгерістерге ең аз ұшырайтын саласы. Мақсат әрдайым оркестр музыканттарының бірге, бір қарқында, үйлесімді ойнауы болды және қазір де солай. Ал музыканың ішкі толысуы туындыны оқудан, әрине, ерекшеленеді, мәселен, 50 жыл бұрын басқаша болған. Біз, ХХI ғасыр музыканттары, заманауи техникалық мүмкіндіктің нәтижесінде осы немесе басқа туындының орындалуының ондаған, тіпті жүздеген нұсқасын тыңдай аламыз. Мұндағы мақсат – өзімізше пайымдауды меңгеріп, оркестрді соңымыздан ерту, өз интерпретациямыздың дұрыс екеніне көпшілікті сендіру.

– Оркестр музыканттарының сеніміне ие болу қиын ба?

– Оркестрдің сенімі кез келген шығармашылық одақтың маңызды құрамдас бөлігі деп ойлаймын. Егер дирижер жетекші ретінде салмақты, кәсіби болса, сенім мәселесі оңтайлы шешілуі тиіс. Мұндай сенімге күн емес, ай емес, жылдар бойы қол жеткізу мүмкін болмайтын жағдайлар кезігеді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button