Басты ақпаратМәдениет

Дирижерлер додасы

Астанада қала әкімдігінің қолдауымен музыка майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор Айтқали Жайымов атындағы республикалық І дирижерлер байқауы басталды. Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі-бас дирижері Айтқали Тілепқалиұлының 75 жас мерейтойына арналған бұл байқау үш күн бойы жалғасады.

Байқауды Астана қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Нұран Қамзин мен Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры Ерлан Дәкенов ашып берді.

– Бұл байқау Астананың мәдени өмірінде лайықты орнын алады деп сенемін. Қазылар алқасына – әділ баға, қатысу­шыларға сәттілік, Айтқали ағаға қажымас қайрат, зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілеймін! – деген Нұран Қамзин байқаудың ашылуымен құттықтады.

Ерлан Дәкенов өз тарапынан осы байқауды ұйымдастыру филармонияға үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Бұл байқау алғашқы рет өтіп жатқанын айтып, конкурс қатысушыларының саны жылдан жылға артуына, деңгейінің өсуіне тілектестігін білдірді. Мерейтой иесінің иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Айтқали Жайымов осы байқаудың ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, қалалық Мәдениет басқармасына, филармония басшылығы мен ұжымына, қазылар алқасына алғыс айтты.

Айтқали Жайымов атындағы республикалық дирижерлер байқауының мақсаты – дирижерлік өнерді қолдау, дамыту, насихаттау және оның дамуындағы сабақтастықты қамтамасыз ету; қоғам назарын заманауи дирижерлік орындау­шылық өнерге аудару, оны ұлттық мәдениет, мәдени мұра құндылықтарына қосу; кәсіби ортадағы тәжірибе алмасу мен шығармашылық байланысты дамыту үшін дарынды жастардың кәсіби шеберлігін арттыру. Байқау екі кезеңнен тұрады. Оның барысында Астана қаласы мен Алматы, Өскемен, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар қалаларынан келген жас мамандар, жалпы оннан астам қатысушы елордалық филармонияның қазақ оркестрімен жұмыс істеп, дирижерлік басқару шеберлігін көрсетуі тиіс. Байқау жеңімпазы 1 млн теңгеге ие болады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button