Мәдениет

«Домбыра» монументі орнатылды

Ұлыстың ұлы күнінде Астанада күй анасы – Дина Нұрпейісова ескерткішінің жанындағы күйші-композиторлар аллеясында «Домбыра» мүсіні орнатылды. Ұлттық мерекеге орай өткен мұндағы Наурыз мейрамын Алматы ауданы әкімдігі, «Ұлттық мүдде кеңесі» ҚБ және «Күй анасы» республикалық қоры ұйымдастырды.

Наурыз тойы батамен басталып, жиналған елге қала тұрғыны, еңбек ардагері Өтеген Нәсіпұлы батасын берді. Сондай-ақ Халық қаһарманы, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров мерекелік жиынның қадірменді қонағы болды.

– Ұлттық құндылығымызды және қазақтың киелі домбырасын қадірлеу мен насихаттау бағытындағы жұмысқа бәріміз де атсалысуымыз қажет. Өскелең ұрпақ халқымыздың тарихы мен рухани-мәдени байлығын санасына сіңіре білуі үшін осындай бастамалар жалғасын таба береді. Баршаңызға Наурыз мейрамы құтты болсын! – деді Халық қаһарманы.

Жиналған қауым атынан батырдың иығына оқалы шапан жабылды. Көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген ол «елімізді көркейту жолында қызмет етіп жүрген жастар халықтың алғысына бөленетін болсын» деген ниетпен өзіне берілген шапанды Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлына тарту етті.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі, «Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Дина ескерткіші маңында музыкалық субұрқақ орнату жоспарда бар екенін айтты.

– Бұл жер демалыс аймағына айналмақ. 24 сағат бойы қазақ композиторларының күйлері мен әндері орындалатын болады. Әр азамат өзін қазақ елінің азаматы екенін сезінуі үшін осындай істер қолға алынып жатыр. Өнер ұжымдарының күй тартуына арналған ашық сахна алаңын салу көзделіп отыр. Игі бастаманы қолдаған сіздерге көп рақмет! – деді ол.

Наурыз мейрамының маңызына тоқталған қоғам қайраткері, журналист Серік Ерғали төл өнеріміз бен ұлттық аспаптарымызды дәріптеп, жас ұрпаққа жеткізуге бәріміз де үлес қосуымыз қажеттігін атап өтті. Жиналғандар қазақтың ұлттық аспабы – «Домбыра» монументін салтанатты түрде ашты. Аллея жанындағы Наурыз мейрамында келушілерге арнап киіз үй тігіліп, концерт бағдарламасы ұйымдас­тырылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, күйші-ұстаз Орынбай Дүйсен Динаның «Тойбастар» күйін тартып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Мереке барысында барлығы Д.Нұрпейі­сова ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button