Денсаулық

ДОНОР ЖҮРЕКТІЛЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҚТАРЫ ТӘУІР

X5_rGNJMbwk

Орталық коммуникациялар қызметінің кеше өткен кезекті брифингіне Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәлім Беркінбаев, Ұлттық ғылыми медицина орталығының кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Сәуле Әбсейітова және Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық орталық директоры Жәмила Баттакова қатысты.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу туралы басқосуда Сәлім Беркінбаев еліміздің емдеу-алдын алу ұйымдарында құрылған денсаулық мектептерінің саны бүгінде 3600-ден асқанын мәлімдеді. Оның ішінде артериальды гипертониямен ауыратын науқастарға арналған 507 мектеп бар көрінеді. Жыл сайын онда 200 000-нан астам науқас денсаулықтарын күту, ем-шараларды дұрыс қабылдау дағдыларына үйренеді. Институт директоры кеудесіне өзге адамның жүрегі салынған қазақстандықтардың жағдайын да әңгімеледі. «Қазақстан жоғары технологяларды пайдалана отырып, жүрекке өте күрделі ота жасайтын елдердің арасында 22-орында тұр. Сондай аса қиын оталардың бірі – жүрек қарыншасына имплантация жасау. 2011 жылдың қарашасы мен 2014 жылдың маусым айы аралығында 124 науқасқа осындай күрделі операция жасалды. Қазақстан бойынша донор жүрегі бар жеті адамның жағдайы жақсы» деді ол.

Жиында сөз алған Ұлттық ғылыми медицина орталығы  кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Сәуле Әбсейітова «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында 22 қыркүйектен бері елімізде Бүкіләлемдік жүрек күніне орайластырылған қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу онкүндігі өтіп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, онкүндік барысындағы шаралар жүрек-қан тамырлары ауруларын азайтуға бағытталып отыр.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі Ұлттық орталық директоры Жәмила Баттакова жыл сайын 2 миллионға жуық халық скринингтік бағдарлама бойынша жүректерін тексертетінін айтты. Бұл көрсеткіш биылғы алғашқы алты айда 1 миллион 161 мың адамға жеткен.

 Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button