SportБасты ақпарат

Допинг дауы

Әлем бойынша ТМД құрамында болған елдер ғана допинг дауына ұшырағанда бұл мәселенің астары Ресей мен Батыс елдерінің қырғи-қабақ болып, өзара бітімге келе алмауынан деген пікір жиі айтылды. Көп ұзамай Ресей құрамасының қысқы Ойындарға қатысуына Халықаралық Олимпиада комитеті тыйым салып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Дегенмен мұндай тыйымға қарамастан қаны таза спортшылардың қатысуына рұқсат беріліп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
Ал мұндай былыққа қазақстандық спортшылардың ұрынғанына бірнеше жыл болып қалды. Илья Ильин, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова сынды ауыр атлеттеріміз Олимпиада шыңынан кейін бірінен соң бірі допинг дауына іліккенде көпшілік мұның астарынан саяси себептер іздеп еді. Есімі аталған спортшылардың кәсібилігіне күмән келтірмейміз, алайда соңғы уақытта бұл мәселе бізді төңіректеп шығар емес. Қазақ елінің намысын қорғайтын спортшылар үшін тыйым салынған дәрілерді қолдану қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай…

Былтыр 36 спортшы допингпен ұсталды

Расын айту керек, Олимпиа­да чемпиондарының кезек кезегімен ұсталғанынан кейін бұл іс көпшілікке сабақ болар деген үмітте болдық. Алайда жыл өткен сайын тыйым салынған препараттарды қолданатын спортшылар қатары көбеймесе, азаяр емес. Мәселен, бір ғана 2018 жылдың өзінде әлемдік жарыстарға шығып жүрген 36 спортшымыз ұсталыпты. Нақтырақ айтқанда, Муай-тайдан бірден 8 адам, жеңіл атлетикадан 6 желаяқ, ауыр атлетикадан 6 зілтемірші, самбодан 3 палуан, грек-рим күресі мен велоспорттан 2 адам, байдарка мен каноэде ескек есу, көркем гимнастика, жүзу, су добы, спорттық балық аулау, дзюдо, еркін күрес, пауэр­лифтинг түрінің әрқайсысынан 1 адамнан құрыққа ілінген. Ереже бұзғаны себепті тиісінше ең азы 2 жылға, ал ең ұзағы 8 жылға жарыстардан шеттетіліп, атақтарынан айырылды.
Олардың арасында Еуропа мен Азия чемпиондары, түрлі халықаралық додаларда оза шапқан кіл мықтылар бар еді. Жасы келгендері үлкен спорттағы мансабын тәмамдаса, тағы бір бөлігі жаппай бапкерлік қызметке көшіп жатыр. Ал енді бірінің не істеп жүргені белгісіз, шамасы күнкөріс қамы үшін өзге орындарда жұмыс істеп жүрген болар деп топшыладық.

Шаршы алаңнан шеттетілді

Күш беретін дәрілерді қолдану кез келген спортшы үшін үйреншікті жайт па, әлде бұл мәселе тек Қазақстан атынан сынға түсіп жүргендерге ғана тиесілі ме, әйтеуір былтырғы көрсеткіш осы қалпымен кете барса жаңаратын секілді. 2013 және 2015 жылы бұрымдылар арасында бокстан өткен әлем біріншілігінде қола жүлде алып, кейіннен ел біріншілігінде де чемпион атанып, болашағынан үлкен үміт күттірген Назым Ишанованың сынамасынан фуросемид дәрісінің ізі табылғанда көңіліміз жабырқап қалып еді. Қанша дегенмен Қазақстан атынан бірнеше сында чемпион атанған Римма Волосенконы ел біріншілігінің финалында жеңіп, бұл салмақта айтарлықтай бәсекенің барын сездірген еді. Бәсеке бар жерде нәтиженің де болары анық. Ар жағында Олимпиада шыңын бағындыру тұр. Ал енді үміт еткен Назымымыз рингке тек 2020 жылдың 25 қарашасында ғана орала алады. Токио Олимпиадасы біткен соң…

Полторанин де пәлеге ұшырады

Жалпы, қысқы спортта Норвегия, Германия, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттермен иық тірестіре алмаймыз. Иық тірестірмек тұрмақ, жалпы медаль көрсеткішінде 30 елдің қатарына әзер ілігіп жатамыз. Соңғы жылдары мәнерлеп сырғанауда Денис Тен мен шаңғышы Алексей Полторанинге үлкен үміт артылған еді. Былтырғы жазатайым оқиғадан кейін қысқы спортта төбе көрсетер шығысқазақстандық спортшы ғана қалғандай болды.
Қандай спортшы болсын Олимпиада шыңын бағындыру – мансабындағы басты мақсаты болуы тиіс. Тәжірибесі толысып, үздіктердің біріне айналған шақта Полторанин де Ақ Олимпиаданы алуы тиіс еді. Бірақ былтырғы Пхенчханда бүкіл күшін 50 шақырымдық марафонға сақтап, жарыс жолына шыққанда бастапқыда үздіктердің қатарында келе спортшымыз мәре сызығы жақындаған сайын қуаты қайтып, небәрі 15-інші болып жетті.
– Не болғанын өзім де білмеймін. Бастапқыда бәрі жақсы болған. Барынша алға ұмтылдым. Екінші немесе үшінші орын туралы ойламадым. Жеңіс үшін бәрін алға қойдым. Бірақ 40 шақырымнан кейін өзімнен өзім әлсіреп, көзім қарауыта берді. Не істерімді білмедім, күшім де қалмады. Шамасы Олимпиа­да маған арналмаған болса керек, – дейді төрт Олимпиадаға қатарынан қатысып, олжасыз келген Алексей жарыстан ке­йінгі сұхбатында.
Ал Олимпиада алдында жеке бапкері Мати Алавер шәкірті медаль алмаса бір жыл бойғы жалақысын қайтаратынын да мәлім еткен болатын. Жұмсалған шығын өз алдына, бірақ бүкіл Қазақ елінің үмітін қайда қалдырды?
Биыл 32-ге келетін спортшымыздың жасы сыр берді ме, әлде шаршап жүргендіктен бе, Австриядағы жарыста допингке қарсы ереже бұзды деген айып тағылып, қамауға алынған. Күңгірт мәселенің негізгі жайы әлі күнге дейін анық емес. Бастапқыда Авс­трияның Kurier басылымы Полторанин кінәсін мойындағанын жазса, абақтыдан босаған соң спортшының өзі:
«Мені қан құйып жатқан жерімнен ұстады деген жалған ақпарат. Мұндай қадамға барған емеспін. Полиция мені қамауға алған соң күтімі нашар, салқын жертөледегі бір адамдық камерада ұстады. Содан бос­тандыққа шығу үшін бәріне де дайын едім. Қазір түрмеде алған психология­лық жарақаттан айығу процесін өткеріп жатырмын. Ал тапсыр­ған анализдерімнің бәрі допинг қолданбағанымды дәлелдейді. Шыны керек, тыйым салынған препараттар туралы ойлағаным рас, бірақ қолданбадым. Мені дер уақытында тоқтатты. Осы үшін өкініп, кешірім сұраймын» деген еді.

ҰОК дәрігері не дейді?

Жақында Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) медициналық-ғылыми тобының жетекшісі Азамат Нұрматовпен байланысқа шыққанымызда допинг дауына қатысты біраз мәселенің бетін ашып берді. Өз сөзінде қай спортта қай дәрілер жиі қолданылатыны, оның кері әсері, еліміздегі спорт медицинасының жай-күйі туралы айта келіп, теріс әрекетке барған спортшыларға кеткен шығындарды кері қайтару мәселесі қарас­тырылып жатқанын мәлім етті.


«Қазір әлем бойынша допинг қатарына енгізілген дәрілер саны 10 мыңға жуық. Олардың бірі қарапайым жандардың пайдалануына рұқсат етілсе, кәсіби спортшыларға қатаң тыйым салынған. Ал оны қалалық емханалардағы дәрігерлер білмейді. Мәселен, бірер жыл бұрын құрамында мельдонийі бар милдронат деген дәрі шықты. Оны бізде кеңінен қолданады. Бұл біреуі ғана, мұндай типтес дәрілер жетіп артылады. Міне, осыған ұқсас жайлардан ке­йін халықаралық жарыстарда спортшыларымыз жиі ұсталып жатыр. Ал олардың басым бөлігі – түрлі өңірлерден барып қатысқандар. Құрама командамен тығыз байланыс­та болмағандықтан, олардың денсаулығына, қан құрамына жауап бере алмаймыз» деп әңгімесін бастады А.Нұрматов.
Демек, біздегі облыстарда спорт медицинасының әлсіз болғаны басты себеп болып тұр ғой деген ойымызды ҰОК дәрігері де растады. Дегенмен Алматы, Астана қалаларындағы медициналық оқу орындарында соңғы жылдары спорт дәрігері деген мамандық ашылып, бұл проблема осылай шешіліп жатқанынан хабардар етті. Бұл мәселе екі қаламен шектеліп қалмай, өзге аймақтарға да үлгі болып, саланың дамуына септігін тигізсе деген тілегін білдірді.
Сөз ішінде спортшылар арасында бәсекелестік жоғары екенін айта келіп, сондай шақта бірінің тамағына ты­йым салынған дәрілерді қосып, күндестік жасайтындары да кездесіп жататынын жеткізді. Сол сияқты биік дәрежеге жету үшін стимуляторларды әдейі қолданатындары да жоқ емес. Ал жекпе-жек спортына қатысатындар салмағын азайтып, денесіндегі артық суды сыртқа шығару үшін фурасемид препаратын пайдаланып жатады. Өз еңбегімен жетпеген соң бұл алдау болып есептеледі. Жоғарыда айтылған 8 муай-тайшының қанынан дәл осы фурасемид анықталып, 4 жылға шеттетілген. Ал зілтеміршілер бұлшық етінің жылдам өсуі үшін анаболикалық стероидтері бар дәрілердің көмегіне жүгінеді.
Міне, осыған ұқсас түрлі мәселелерден кейін бізде допинг дауы өршіп тұр. Ал спортшылардың тез шаршап, қосымша күш беретін дәрілерді пайдалануына себеп те аз емес. Мәселен, жаттығу жұмыстарын аз жасап, тыңғылықты дайындалмауы, көрсетілген тәртіпті сақтамай, ішер асының, ұйқысының уақытын бұзуы, сондай-ақ медициналық дұрыс бағыт көрсетілмеуі жиі себеп болып жатады екен.
– Қазір бізде «Қазақстан спорты допингке қарсы!» деген үндеу жүріп жатыр. ҰОК президентінің бастамасымен түрлі өңірлердегі спорт ұйымдарының бәріне тыйым салынған дәрілердің салдары туралы қосымша семинарлар жүргізуді бастады. Сол сияқты Қазақстан біріншілігіндегі жарыс алдында қан тапсырып, сынамалары алынады. Сондай шақта теріс әрекетке барғаны анықталып, проблеманың алдын алады. Бұған қоса, Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен Парламент қарауында допингпен ұсталғандарға жұмсалған шығындарды, алған атақтарын кері қайтару туралы заң жобасы талқыланып жатыр, – дейді Азамат Нұрматов.
Спортшылардың дисквалификация мерзімін әртүрлі етіп көрсетуі препаратты қалай қолданғанына байланысты беріледі екен. Арнайы комиссия арқылы спортшының пікірі сұралып, соның негізінде уақытын белгілейді. Алайда допингке қарсы ереже бойынша негізінен 4 жыл уақытқа шеттетіледі. Егер мұндай проблемаға екінші рет тап болса, жаза мерзімі де екі есе ұлғаяды. Тиісінше алған медалі мен атағынан айырылады. Бұл – Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапының салатын санкциясы.
Қорыта айтар болсақ, допинг жарыс кезінде ғана адамның белсенділігін арттырып, жақсы нәтиже көрсетуіне септігін тигізуі мүмкін. Бірақ оның адам денсаулығына зияны аз еместігін де назарда ұстаған жөн. Мысалға, ауыр атлеттер қолданатын анаболикалық стероидтері бар дәрілерді ұзақ пайдалану адамның ұрпақсыз қалуына, онкологиялық ауруларға тап болуына, тіпті мезгілсіз өліміне де әсер етіп жатады. Сол себепті Дүниежүзілік допингке қарсы ұйым (WADA) оларға тыйым салып отыр. Спорттағы ғұмыр небәрі 10-15 жыл ғана, ал қалған өмірін мүгедек болып өткізуі мүмкін…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button