Оқырманнан он сұрақ

«Дос-Мұқасанның» әнімен өскен құрдастарымызды жастығымен қайта табыстырдық

Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ, әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Бұйыртса, 10 тамыз күні алпыс бестің белесіне аяқ басасыз.Алыста қалған балалық шақ несімен тәтті, еске ала отырсаңыз…
Зейнеп
– Балалық шағым Жамбыл облысы Қордай ауданы Шарбақты ауылында өтті. Әкем Құсайын белгілі домбырашы болды. Бес жасымнан домбырамен достасуыма сол кісінің септігі тиді. Алдымен Шарбақты ауылының 7 жылдық мектебiнде оқып, оны үздiк бағамен бiтiрдiм. Кейін 1961-1965 жылдары Қордай ауданының Абай атындағы 11 жылдық мектебiн күмiс медальмен аяқтадым. Содан соң Алматы политехникалық институтына түстім. Математика, астрономия деген пәндерді жақсы көрдім. Бірақ өнерге деген құштарлық бәрінен асып түсті.
– Сіз әнші, композитор ғана емес, сонымен қатар музыка өңдеушісіз. Халық әндерінің қаймағын бұзбай халыққа жеткіздіңіз. Осының кілті неде?
Жанар
– Халық әндері – ұлттың асыл қазынасы. Баға жетпес байлығы. Оның тұнығын лайламай ертеңге жеткізу үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ал қазір жастар әндерді бұзып айтып жүр. Халық әндерін өңдемес бұрын оны мұқият тыңдап алу керек. Әннің мағынасына мән беру керек. Әйтпесе, біздің асыл мұрамыз жойылып кетеді. Бабалар аманатын ардақтап, қастерлеп, келешекке жеткізу – басты міндетіміз.
– «Дос-Мұқасан» бүкіл Кеңес Одағын тербетті. «Дос-Мұқасаннан» кейін барып Ресейде «Самоцветы», Белоруссияда «Песняры», Украинада «Кобза», Өзбекстанда «Ялла» және басқа да вокалды-аспапты ансамбльдер шықты. Сіздердің ансамбль қалай құрылып еді?
Гүлсім
– «Ансамбльді міндетті түрде құру керек» деген арнайы тапсырма жүктелсе, дәл осындай ұжым жасақтай алмас па едік деп ойлаймын. «Дос-Мұқасан» ансамблі «Политехта» құрылып, өнер өлкесіне жолдама алды. Қараңызшы, жігіттердің бәрі ауылдан келген, оқу орындарының бағыты да өнерге сәйкес келмейді. Мүмкін, бұл сол кездегі қазақ қоғамы үшін жұлдызды сәт, тәңірден жіберілген тарихи мүмкіндік шығар. Халық та сондай бiр ансамбльдi аңсап күтiп жүрдi ме, бiлмеймiн, бiрден көтерiп әкеттi. «Той жыры» шыққаннан кейiн, тiптен дүркiреп кеттiк қой. «Дос-Мұқасан» әрқайсымыздың жүрегіміздің қалауымен дүниеге келген, шынын айтқанда, сол кездегі жастар өміріне қажеттіліктен жедел дүниеге келген ансамбль.
– 2000 жылдардың ортасында сағындырып барып қайта жарқ ете қалдыңыздар. Біраз жылдар өтсе де, көрерменмен байланыс үзілген жоқ. Мұның сыры неде?
Тұрар, қала тұрғыны
– Біздің ансамбль Қазақстанның рухани өміріне, әсіресе, қазақ жастарының жан-жақты, жарасымды дамуға бет алған жан дүниесінде ерекше серпіліс туғызған ансамбль болғанын ешкім де жоққа шығара қоймас. Қазақ халқы өзінің алтын бастауларын сағынған, қажетсінген шығар. Ұзақ уақыттан кейін сахнаға қайта шыққан сәт әлі көз алдымда. Халықтың ықыласы ерекше болды. Мұндай құбылыс бүкіл ел көлемінде қайталанды. Біз «Дос-Мұқасанның» әнімен өскен құрдастарымызды 1970 жылдардың тасасында қалып кеткен жастығымен қайта табыстырдық.

– «Дос-Мұқасан» тарап кеткен соң басын қайта қосу қиын болмады ма?
Лаура, оқырман
– Ансамбль тарағаннан кейін, 2000 жылдары халықтан хаттар ала бастадық. Теледидар, радиоларда біздер туралы айтыла бастады. Содан кейін жігіттердің басын қайта қостым. Барлық әндерді қайта өңдеп шықтым. Басында жастарға орын берейік деген де ой келді. Кейін халықтың сүйіспеншілігі жоғалмағанын байқадық. Міне, 13 жыл болды айына 10 шақты концерт пен кездесулер ұйымдастырып тұрамыз.
– Ән айтудан шаршайтын сәттер бола ма?
Раушан
– Ән айтудан жалығуға болмайды. Көлікпен гастрольдік сапарға шыққанда, әрине, жолдан шаршайсың. Бірақ, көпшілік алдына шыққан уақытта барлығын ұмытып кетемін. Ән салған үстіне ән салғым келе түседі.
– «Дос-Мұқасаннан» ескерткiш ретiнде бейнефильмдер, таспалар сақталмады ма?
Игілік
– Ансамбльдің 40 жылдығына арналған кітап жарыққа шыққан болатын. Онда топтың қалай құрылғаны, есте қаларлықтай гастрольдік сапарлары туралы жазылған. Бірақ, кітап аз данамен шықты. Егер қаласаңыз, сізге сыйға тартайын. «Меломан» дүкендер желісінде 21 әннен тұратын дискіміз сатылады. Ендігі жылы тағы бір диск шығару ойда бар. Оған қоса, Алматыда екі концерт бермекпіз.
– Бүгінгі күнге дейін өзіңізге тиесілі белесті бағындырдыңыз. Өзіңізді ауқатты әншілер қатарына жатқызасыз ба?
Дарын
– Өзіме жететін байлығым бар. Мен –барға – қанағат, жоққа сабыр ететін, бұйырған несібесіне риза болып жүрген көп қазақтың бірімін. 17 жасымнан тыным таппай еңбектендім. «Әуен» атты орталық аштым. Ел-жұртым, ағайын-туысым аман.

– Батыстың әуеніне еліктеушілер сол бір шақта Кеңес Одағының барлық аумағындағы жастарды еліктіріп әкеткені рас. Бұл ағым сіздерге қалай әсер етті?
Шара
– Кеңестік идеология жастардың бойын одан қанша аулақ ұстау үшін үгіт-насихатын жүргізіп, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын басқа жүйенің, екі дүние – екі өмірдің арасын бөліп көрсетуге тырысқанымен, қолына гитара ұстаған жастар ыңылдап ән айтып, кешке қарай аула-аулаларда жиі бас қосып, гуілдесіп, дуылдасып жататын. Оны талай көргенбіз. Гитара ұстаған кейбіреу америкалық әнші Дин Ридке ұқсап бақты. Ал атышулы ағылшындық топ «Битлз» ансамблінің де Кеңес жастарына әсер-ықпалы өте үлкен еді. Осылайша батыстық мәдениеттің ықпалынан сол кезеңде Грузияда «Орэра», Ресейде «Голубые гитары», «Веселые ребята», «Поющие гитары» вокалды-аспапты ансамбльдері дүниеге келді. Біз де бiрiгiп, қазақша ән сала бастадық. Әуелде жатақханаларда ән айтып жүрдiк. Сөйтiп жүргенде, бiздi басқа университеттерге шақыра бастады. Сосын бiз шындап дайындалып, екi дауыспен, үш дауыспен ән айта бастадық. Телеарналар жариялаған байқауларға қатысып, бағымызды сынап көрiп едiк, алдыңғы жүлделi орындарды иемденiп, жеңiмпаз атандық. Ол кезде гитарамен ән айтатын қазақтар көп емес еді. Сөйтiп жүрiп, музыкалық аспаптар сатып ала бастадық. Бес аспабымыз сай болған соң, әртүрлi байқауларға қатысатын болдық.
– Жастық шақта сіздер қандай едіңіздер? Қазіргі жастарға қалай қарайсыз?
Перизат
– Бүгінгі жастардың арасында жақсы әншілер өте көп. Ізденістері де басқа. Біздің кезімізбен салыстырғанда ілгерілеу. Бірақ вокал мектептерін бұрынғымен салыстыруға келмейді. Білімсіз, негізсіз, іргетасы қаланбаған әншінің алысқа бармасы белгілі. Көп болса, бір-екі жыл ғана көрініп, жоғалып кетеді.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button