Ресмиет

ДОСТАСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТЕРДЕГІ ОРТАҚ ДІНИ МӘСЕЛЕЛЕР ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ

Дін кез келген мемлекеттің елдігін сақтайтын маңызды факторлардың бірі болып табылады. Өйткені, көне тарихта адамдардың ру, тайпа болып ұйысуына да діннің ең қарабайыр формасы­ әсер еткендігі белгілі. Бүгінде адамзат түрлі ғылыми жаңалықтар ашу арқылы техникалық өркениетке қол жеткізсе де, дінге деген сұранысы сол қалпында қалып отыр. Сол себепті де, әлем елдері халықаралық деңгейдегі діни одақтар, ұйымдар, кеңестер құрып діннің адамгершілік, өнегелік пен бейбітшілікті сақтау мен нығайтудағы әлеуетін зерттеу мен насихаттауда бас біріктіруге ұмтылуда.

Қазақстан Республикасы – Еуразияның нақ ортасында алуан түрлі мәде­ниет­тер тоғысқан ұлан-байтақ жерде түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктірген, әлемге ұлтаралық және дінаралық келісімнің жарқын үлгісін көрсетіп берген бейбіт мемлекет.

Қазіргі таңда еліміздің әлеуеті артып, қоғам­дық-саяси және әлеуметтік-эко­но­ми­калық салаларда жетістіктерге жетіп, әлемдік саясат алаңында беделінің өсуіне елдегі ішкі тыныш­тықтың ықпалы мол.

Еліміз әлем халқының 20 пайыздан астамы­ ұстанатын ислам дүниесінің бір бөл­шегі саналып, Ислам Ынтымақтастық Ұйы­мы секілді алып ұйымдардың беделді мүшесі ретінде тың бастамалар ұсынуда.

Сондай-ақ, мемлекетте мекен ететін түрлі ұлыстардың төл діндері православие, като­ли­цизм, протестанттық, иудаизм секілді дәстүрлі діндерге құрмет көрсетіп, діни келісім мен сыйластық саясатын ұстануда.

Айтылған пікірдің айқын айғағы ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен он жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәс­түр­лі діндер лидерлерінің Съездерін айтуға болады.

Ағымдағы жылы он жыл толып отырған діндер Съезінің әлемдік деңгейде дінаралық, конфессияаралық келісімді нығайту жолын­дағы тың бастамалары халықаралық қауым­дастық пен белді саясаткерлердің назарын аударуда.

Дінаралық келісімді дамыту бағытындағы жұмыстар әлем елдері, соның ішінде, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің арасында үздіксіз жүзеге асуда. ТМД мемлекеттерімен Қазақстан Республикасын географиялық шекараластық, экономикалық бай­ла­ныс­пен қатар, ортақ тарихи кезең де бірік­тіре түседі. Бұл жарты ғасырдан астам дін­сіз­дік режимінің орнауы еді. Кеңестік жүйе тар­қа­ған­нан кейінгі бұл елдердің эконо­ми­калық-әлеуметтік жағдайлары және діни ахуалы да бірдей күйде болатын. Қалыптасқан рухани вакуумның орнын толтыру үшін Достастық елдері өз заңнамалары мен басқару органдарын қайта құру үдерісін әртүрлі жүзеге асырды. Алайда, бұл үдерісте аталмыш елдердің барлығына ортақ қадам жасалды, бұл атеистік жүйеде болған мем­ле­кеттердің барлығы бірдей тарихи діндеріне ресми түрде еркіндік беруі еді. Аталмыш қадам, адам мен қоғам, сәйкесінше, мемлекет дін­сіз өмір сүре алмайтынының тарихи және іс жүзіндегі дәлелінің көрінісі болды.

Тәуелсіздікке қол жеткізген мемле­кет­тердің рухани алаңы тез арада бір қалыпқа түсіп реттеліп кеткен жоқ. Өйткені, әркімге дін ұстану еркіндігінің берілуі сырт елдерден түрлі дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді түрде енуіне себеп болды. Бұл көрі­ніс­тің салдары мен себептерімен күрес біздің елімізді қоса алғанда бүгінгі күнге дейін жалғасуда.

Сондай-ақ, ТМД-ға мүше мемлекеттерде бүгінде әлем елдерінде белең алып отырған діни экстремизм мен терроризм мәселесі орын алуда. Мемлекеттердің гео­­гра­фия­лық тұрғыдан шекаралас орнала­суы, ортақ мәселеде біріккен шаралар қол­­да­ну­ды айқын­дады. Мысалы, ТМД елдері Ұжымдық қауіп­сіз­дік шарты ұйымы секіл­ді халықаралық ұйым­дарға мүше болып, сыртқы саясаттағы ұста­ным­дарды үйлестіру, трансұлттық қыл­мыс­тарға қарсы тұру, наркотрафик мәсе­ле­ле­рімен қатар, діни экстремистік пен тер­рор­лық пиғылдардың алдын алу сынды түйт­кіл­дерді шешуде.

Қазіргі таңда аталмыш мәселемен күресу және алдын алуда ТМД елдері арасындағы халықаралық зерттеу-талдау жобаларын дайындау өзекті болуда. Өйткені, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде діни, ұлттық негіздегі қақтығыстар мен Ресейдің оңтүстік бөлі­гін­де­гі (Дағыстан, Шешенстан Республикалары) радикалды топтардың белсенді бой көрсетулері секілді көріністердің сыртқы және ішкі себептерін зерттеу мен талдау қажетті нәтижелер беретіні сөзсіз. Зерт­теу­лердің нәтижесі ТМД елдерімен қатар, әлемдік деңгейде қауіп төндіріп отырған діни радикализм мәселесінің алдын алуға оң ықпал етеді.

ТМД елдері діни экстремизм және терроризммен күресудің ортақ жолы ретінде ғаламтор әлеміне назар аударуы қажет. Себебі, ғаламтор арқылы халықаралық дең­­гей­­дегі лаңкестік ұйымдар мен топтар әрекет ететіндігі анықталып отыр. ТМД мем­ле­кеттері халықты ғаламтор арқылы таралатын радикалды идеялардан қор­ғай­тын құқықтық келісімшарт түріндегі ын­ты­­мақ­тастықты жүзеге асырғаны жөн. Нәти­же­сін­де, сайттардың лаңкестік ұйым­дар­ға қатыс­тылығын анықтайтын ортақ әдістер мен белгілер дайындалып, олардың ТМД елдерінде таралуына бірден тоқтау қоюдың ортақ қызметтері анықталады.

Аталмыш қызметтердің Достастық мем­ле­кет­тері арасында лайықты дәрежеде жүзеге асуы осы елдермен қатар әлем елде­рінде де діни радикалды идеялардың тарауы мен лаңкестік көріністерінің орын алуын азайтатындығы анық.

Г.Токтарова,
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының
жетекші ғылыми қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button