Басты ақпарат

ДОСТЫҚ АХУАЛДАҒЫ ДИАЛОГ

Бұрнағы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Ақордада өткен кездесудің салтанатты рәсімінен кейін қос елдің басшылығы шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Онда  екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланып, өзара іс-қимылдың болашақтағы басты бағыттары айқындалды. 

Бұл – көрші ел басшысының қазіргі президенттік мерзімі басталғалы бері Қазақстанға алғашқы рес­ми сапары. Келіссөздер кезінде тараптар сауда-экономикалық, индустриалды-инновациялық даму жөнінде сөз қозғады. Әсіресе, ма­шина құрастыру, атом, көлік, энер­гетика және ғарыш саласындағы әріптестікке айрықша мән берілді. Сондай-ақ, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы ықпалдастық үдерістерін дамыту мәселесі де талқыланды. Қазақ Президенті ресейлік әріптесінің екі елдің қарым-қатынастарын нығайту жолында көп жұмыс жасағанын айтты. Әрі екі елдің Еуразиялық одақты құруда ба­тыл қадам басып келе жатқандығын да тілге тиек етті.

Өз кезегінде мәртебелі мейман да Беларусь, Қазақстан мен Ресей арасында үш елдің үлгісінде ерекше қарым-қатынастар қалыптасқанын, бұл экономикалық қатынастардың кооперациясы екенін айтты. Оның айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы 2011-2012 жылдарға арналған жоспар табысты жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта қандай бағытта жылжу керектігін түсіну үшін, келесі екі жылға арналған жоспарды әзірлеуге кірісу керек.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірқатар құжаттарға қол қойды. Оның негізгісі –1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ре­сей Федерациясы арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара жәрдем туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қос президент қол қойып, мөр басты. Бұған қоса бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қойылды. Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің Президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

– Біз Достық, ынтымақтастық және өзара жәрдем туралы негізгі шарттың 20 жылдығын атап өттік. Оған қол қойылғаннан бері көп уақыт өтті. Біз бүгін осы шартқа тиісті өзгерістер енгіздік,– деп бастады сөзін Н.Назарбаев.

Ол қандай өзгеріс дегенге келсек, біріншіден, екі ел арасындағы барыс-келіс жүйесі біраз жеңілдетілді. Енді Ресей азаматтары Қазақстанда, ал Қазақстан азаматтары Ресейде міндетті тіркеусіз 30 күнге дейін бола алады. Екіншіден, қазақ-орыс арасындағы алыс-беріс, яғни тауар айналымы тарихи максимумға жетіп, 25 миллиард долларды құрады. Ендігі меже – бұл көрсеткішті 40 миллиард долларға дейін жеткізу. Үшіншіден, алдағы жылы мем­лекет ресейлік әріптестерімен Қазақстанда ядролық стансалар құрылысы бойынша бірге жұмыс жасайтын болады.

– Біз ғарыш саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ қазақстандық зерттеушілерді осы стратегиялық саладағы жұмыстарға тарту мәселелерін егжей-тегжейлі талқыладық. Ғарышқа адам алғаш ұшқан «Байқоңыр» ғарыш айлағы – Қазақстан мен Ресейдің мақтанышы болып табылады. Ол екі елдің игілігіне қызмет ететін болады. Ең бастысы – бұл қаланың инфрақұрылымы сақталады. Осы орайда, біз бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Сонымен қатар, біз Достық, ынтымақтастық және өзара жәрдем туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығын Мәскеуде атап өтуге келістік, -деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президентімен кездесу әрдайым достық ахуалда өтетінін және нақты мазмұнға толы бо­латынын атап өткен президент Путин «Мен химия саласындағы ынтымақтастықты атап өткім келеді. Біз бұл жайында қазір ғана тағы бір мәрте естідік. Біз машина жа­сау саласындағы ынтымақтастық турасында сөйлестік. Біздің та­нымал «АвтоВАЗ», «Соллерс-УАЗ» сынды компанияларымыз осы жерде өзінің инвестицияла­рын жүзеге асырып, қазақ жерінде бастапқы кезеңде 100 мың бірлікке дейін машина шығаруға ниетті. Біздің ынтымақтастықтың ең бастысы – ықпалдастық есебінен әкімшілік кедергілерді алып тастау. Мен ықпалдастықтың бастамашыларының бірі – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болғанын тағы да айтқым келеді. Әкімшілік кедергілерді алып тастау есебінен біз Ресей мен Қазақстан үшін ішкі жалпы өнімнің бірнеше пайызға ұлғаюына қол жеткіздік. Біз осы бағытта алға қадам басуды жалғастыруға ниеттіміз», – деді.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button