Мәдениет

Достық пен махаббат дастаны

Кезінде талай адам тамсанып оқыған көрнекті ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы Астанада сахналанды. Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры мелодрама жанрында ұсынған аталмыш туындының премьерасы екі күн бойы өтті. Спектакльдің тұсаукесеріне сексеннің сеңгірінен асқан автордың өзі қатысып, ризашылығын жеткізді, батасын берді.

Қойылым режиссері Әли Бидахмет бұған дейін осы театрда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың күнделіктерінен «Күнделік» лирикалық кешін, көрнекті жазушы Оралхан Бөкейдің шығармалары же­лісімен «Ауыл хикаялары» драмасын, белгілі ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысымен аттас спектакльді сахналады. Яғни, режиссердің қолтаңбасы әдеби шығармаларды театр сахнасына лайықтаумен ерекшеленеді. «Танакөзді» сахналағанда да алдына белгілі мақсат қойды.

«Меніңше, қазіргі біздің қоғамда «Танакөз» поэмасында көтерілетін тақырып өте өзекті. Шынайы достық жоғалуға айналған  осы  өмірде автордың өзі айтқандай, сана биігінде жолыққан ғашықтарды көрсеткіміз келді. Сондықтан бұл шығарманы таңдадық» дейді ол.

«Танакөз» поэмасын оқығандар білетіндей, шығарманың негізгі арқауы – достық пен махаббат. Мұхтар Шахановтың ең танымал туындыларының бірі осы дастан деп айтсақ, қателеспеспіз. Әсіресе, өткен ғасырдың соңғы ширегінде бұл шығарманы жұрт жата- жастана оқыды. Поэма әсерімен туған қыздарына Танакөз деген есім бергендер де бар. Мәселен, белгілі ақын Танакөз Толқынқызының есімі осы шығармадан тамыр тартады.

«Үшеу едік. Қайда барсақ қасымызда – Танакөз, Танакөзбен көңілді еді біздің ерке бала кез» деп автор жырлағандай, спектакльде оқиғалар Мұрат пен Мұхтар атты қос дос пен орталарындағы «гүл» Танакөз арасында өрбиді. Шығарма адал достық қандай да бір сын-сынақты, қызғанышты жеңіп шығатынын, адамның басына ауыр күн туғанда шын дос тастап кетпей, қасынан табылатынын дәріптейді.
Поэма сонысымен құнды.

Танымал туынды болған соң, оның үстіне премьераға автордың өзі қатысқаннан кейін қоюшы режиссер де, актерлер де жауапкершілік жүгін жақсы сезінді. Спектакльден артық-ауыс ештеңе байқамадық. Әртістер де өздеріне бекітілген кейіпкерлерді  әсерлі сомдап шықты. Атап айтқанда, Мұхтарды Серік Мақсотов, қос құрамда Мұратты Әмірхан Оразбақ пен Дарын Прекеш, Танакөзді Ділназ Ертаева мен Ділназ Қабдырова беріле ойнады.

Мұхтар Шаханов «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне сөз жазғаны белгілі. Екеуінің тандемінен «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Сүймегендер сағынбайды», «Арқалықтың ақ таңы», тағы осы секілді әндер дүниеге келді. Шәмшінің музыкасы спектакльден әсерді одан әрі күшейте түседі.

Жалпы қазіргі жастарды кітап оқуға, көркем әдебиетке осындай өміршең туындыларды театрда сахналау арқылы тартуға болады екен. Осылайша ұрпақ тәрбиесіне де оң әсерін тигізуге болады. Спектакльді көрген жастардың біреуі болмаса, басқасы шығарманы кітаптан оқимын деп ізденуі мүмкін. Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында соған жол салынды. Алда жалғасы болғай!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button