Мәдениет

Достық жыры

Республика күні қарсаңында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әртістері Марокко Корольдігіне гастрольдік сапармен барды. Сапар аясында елордалық ұжымның Рабат қаласында король Мұхаммед V атындағы ұлттық театр сахнасында және Эссуэйра қаласында Dar Souiri мәдени орталығында екі концерті өтті.

Ал Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, дирижері – Қазақстанның Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) Ташкент қаласындағы «Туркистон» сарайында «Достық жыры» атты концерт бағдарламасын ұсынды. «Қорқыт» этноансамблі Қытайдың Шыңжай қаласында өнер көрсетті.

Қазақ музыкасының үздік үлгілерінен тұрған концерт бағдарламасы Марокко жұртшылығын Қазақстанның ежелгі тарихымен, оның заманауи мәдениетімен де таныстыруға бағытталған. «Жошы» этно-фольклорлық ансамблі қазақ халқының көшпелі өткені мен Ұлы даланың ежелгі рухын бейнелейтін «Алаш ұраны», «Рухты ел» және «Жолбарыстың жортуы» атты авторлық аспаптық шығармаларын көпшілік назарына ұсынды. «Alem» заманауи хореография балеті халық биін көрсетті. Қазақтың дәстүрлі әндерін филармония әншілері Жақсыкелді Маясаров, Рахат Бегасылов, Зинат Қасымова, Мәдениет саласының үздігі Данияр Мұқан орындады. «Академиялық ән» бөлімінің орындаушылары Алтынбек Арыстанбек пен Фируза Рахметова Мәдениет саласының үздігі Роза Шотқа­лиеваның сүйемелдеуімен халық әндерінен классикалық арияларға дейінгі кең репертуарды қамтыды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова марокколық көрерменді дауыс диапазонымен және жанға жақын дала балладаларымен таңғалдырды. Халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Майя Медетбек Ванесса Мэйдің «Arabian girl» шығармасын орындап, араб мәдениетіне құрмет көрсетті. Қазақстандық әртіс Әкімхан Мәженов Рабаттың үлкен оркестрінің сүйемелдеуімен марокколық «Mahla ifrane» халық әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Кеш соңында Айгүл Қосанова, «Alem» заманауи хореография балеті мен Рабаттың үлкен оркестрі қосылып, ақын Қалқаман Сарин мен әнші, композитор Халық Ризабектің «Бақытты мекен» әні әуеледі.

«Достық жыры» концерті Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланысты нығайту, екі ел арасындағы достықты одан әрі тереңдету мақсатында ұйымдастырылды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева, Анар Мұздаханова, қобызшы Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласының үздіктері Ботагөз Тәшімова, Әмина Бошымова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Жандос Иманбай, Талғат Аллабиринов, Фируза Рахметова өнер көрсетті. Өзбекстанның халық әртісі Жеңісбек Пиязов қазақ және өзбек композиторларының туындыларын орындады.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button