#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

Достыққа сызат түспесін!

Жылдан-жылға дәстүрімізге айналып келе жатқан Алғыс айту күні мен үшін өткен тарихымызға тағзым ету күні болар. Бұл, әрине, ерекше мереке! Адамзаттың бойындағы асыл қасиеттің бірі – әлсізге қамқор, елге қайырым­ды болу, қолынан келгенше жақсылық жасау. Сол арқылы қоғам мейірленеді. Осы күні ізгіліктің бәйтерегі гүлденіп, көктеммен бірге жанымыз жасарып, жанымызда жүрген адамдарға алғысымыз артады. Сондықтан да 1 наурыз – адамдарды жақындастырып, ел бірлігін нығайтатын мереке.

Алғыс айту күнінің этносаралық өзара іс-қимылдың бірегей институты – Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күнімен сәйкес келуінің астарында терең мән бар. Өткен ғасыр ауыр нәубет пен ұлы құрбандықтармен сыналған ғасыр болды. Арада біраз уақыт өтсе де, сол жылдардың ақтаңдақ­тары түгел зерделеніп болған жоқ. Неше ұрпақ ауысса да, сол зұлматтың жаңғырығы естіліп қалады.

Қазақ даласын екі мәрте соққан ашаршылық, күштеп ұжымдастырудың салдары, ұлы кәмпеске әбден титықтаған елге тағы бір сынақ болды. Қазақ өзінің жаралы жүрегіне сталиндік зорлық-зомбылықтан, геноцид пен этноцидтен, саяси қуғын-сүргінге түскен босқын халыққа тіреу болып, жүрегіне сыйдыра білді.

Сол ғасырдың басында Столыпин реформаларының шаруаларды қоныстандыру кезеңінде Қазақстанға Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан 1 миллион 150 мың адам келді. Арада 20 жыл өткенде, 1930 жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандарынан 250000 иеліктен айырылған шаруалар Қазақстанға жер аударылды.

1937 жылы тағдыр тауқыметін тартып, қасиетті қазақ жеріне алғашқы болып корей халқы табан тіреген болатын. Содан кейінгі жылдары Қазақстанға шешен-ингуштар, күрдтер, қарашай-балкарлар, түріктер, татарлар, немістер жер аударылды.

Сталин режимінің тұсында әр жылдары тұтас халықтар – 800 мыңдай неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халқының өкілі, Қиыр Шығыстан 18,5 мың корей отбасы жер аударылды.

Бұл ретте, өнеркәсіп нысандарын салу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 1,2 миллионға жуық адам қоныстанды. Осыншама әр түрлі, әр дінді, әр тілді, мәдениеті, салт-дәстүрі басқа елдердің өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей, көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігі қазақтың өзінің де осындай ұлы нөпірдің арасында жоғалып кетпей, өзін-өзі сақтап қалған қасиеті екенін айту керек. Осы қасиетімен қазақ жерінде өзге этнос өкілдерін айналасына жинап, тәуелсіздік туын желбіретті.

Сол себепті де мейірім салтанат құрған күнде барша этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктірген Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күнін межелеп, дәл осы күн Алғыс айту күні болып жарияланды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы атаулы даталардың түйісуі жаңа мерекеге де ерекше мағына берді. Бұл еліміздің барша этностар арасындағы өзара сенім мен сыйластық деңгейінің жоғары екенін, өзара түсіністік пен терең құрметті білдіреді. Осы күн – этностардың бір-біріне және оларды өз туғанындай қабылдап, мейірбандық танытқан қазақ халқына Алғыс айту күні. Бұл өзге этностардың қазақтың рухани игілігі – кеңпейілдігі мен қайырымдылық дәстүріне терең тағзым белгісі болып қалды.

Қазақтың қасиетті жерін­дегі ең басты құндылық – бірлік пен татулық үшін ортақ жауапкершілігімізді сезінеміз және жарқын болашағымызға нық сенеміз. Айналамызда болып жатқан дүмпулі дүрбелеңдер тағы да бір нәрсені дәлелдеді. ХХІ ғасырдың ең басты ұстанымы халықтың татулығы мен келісімі болуы тиіс. Қай елдің болмасын экономикасының, саясатының, керек десеңіз, қауіпсіздіктің де өзегі осы болмақ. Ал өзегіне құрт түскен дарақ гүлдемейтіні, өркен жаймайтыны белгілі.

Акбаржан ИСМАИЛОВ, Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button