Басты ақпаратМәдениет

Драма арқауы – Алаш жолы

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында Тәуелсіздік күніне орай ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Алаш қозғалысының 105 жылдығына арналған «Алаш жолы» драмасының премьерасы өтті. Қойылым авторы – Қанат Жүнісов, қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов.

Бір айта кетерлігі, бұл драманы қою үшін, аталмыш театрдың жылдық бюджетінен бөлек, қалалық мәслихат пен қала әкімдігінің қолдауымен шаһар бюджетінен қосымша қаржы бөлінді. Автордың бастапқыда шығармасын талантты жас режиссерлер Жұлдызбек Жұманбай мен Фархад Молдағали қойса деген тілегі болды. Бірақ олардың қолы тимей қалды. Сосын Қуандық Қасымовқа ұсынды.

«Алаш – қазақтың бойтұмары. Бұл – ең қасиетті, ең қасіретті, ең күрделі тақырып. Алаш кемінде 30-40 бөлімді киноға жүк болатыны сөзсіз. Ал сахнада Алаш тарихын толық қамту, тіпті, мүмкін емес. Дегенмен бір жарым сағаттық спектакльде тарихтан талай сыр шертіледі. Біраз көрініс тарихи шындыққа негізделген көркем шындықпен өрбиді. Театрдың өз жолы бар. Бұл деректі фильм емес, мұражай емес. Сондықтан деректі-көркем драма жасауды жөн көрдік. Басты мақсат – жас көрер­мендерге ұлттық рухты сіңіру, тарихи-танымдық қойылыммен Алаш жолын дәріптеу. Спектакль арқылы жастардың Алашқа, ұлттық тарихымызға деген қызығушылығын арттыра алсақ, соның өзі үлкен жетістік. Әрі қарай тарихшылардың еңбектерін өздері-ақ іздеп оқыр еді» дейді пьеса авторы Қанат Жүнісов.

Оның айтуынша, пьеса театр мүмкіндігіне қарай мейлінше ықшамдалған. 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынборда өткен ІІ жалпықазақ құрылтайы көрінісінен, Әлихан Бөкейханның Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайлануынан басталатын спектакль құрылтай қаулысын большевиктер көсемі – Ленинге табыстауды ұйғарады. Бұл жауапты жұмыс Жаһанша және Халел Досмұхамедовтерге тапсырылады. Қаулы қолға тигеннен кейін Ленин, Брюханов, Ежов, Сталин осы құжатты талқылайды. Ал ең тартысты көрініс – Әлімхан Ермековтің Лениннің алдында қазақ шекарасын қорғап шығуы. Әрі қарай спектакль Әлихан Бөкейханның туған ауылына келуі, НКВД жендеттерінің оны алып кетуі, Әлиханды тергеу сияқты көріністермен өрбиді. Негізінен де сахналар Әлихан Бөкейханның айналасында өрбиді, яғни спектакльдің бас кейіпкері – Айбол Шәкіржанов сомдаған Әлихан Бөкейхан.

Басқа кейіпкерлерге келсек, Ахмет Байтұрсынұлы – Ерасыл Ақан, Ленин – Аманжол Қазыбек, Міржақып Дулатұлы – Бағлан Иманғазиев, Әлімхан Ермеков – Әли Жарас болып кете береді. Жалпы алғанда, қойылымда жиырмаға тарта кейіпкер бар. Ал драманың лейтмотивіне «Алаш маршы» алынған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button