Мәдениет

Драмада – дәуір трагедиясы

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Боранды бекет» драмасының премьерасы өтті. Қойылым Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығына арналды. «Ғасырдан да ұзақ күн» романының желісі бойынша қойылған қойылымның режиссері – Ұланмырза Кәріпбаев.

[smartslider3 slider=2609]

«Спектакль дайындығына 2,5 ай уақыт кетті. Осы уақыт ішінде кең көлемде осындай керемет қойылымды алып шықтық. «Боранды бекет» бүкіл Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығын қамтыған қойылым болды деп айтар едім. «Ғаламның Айтматовы» болған жазушының шығармасының мәнін көрерменге жеткізе білсек, бұл – біз үшін мәртебе. Бұл жерде біз жазушының әр кейіпкерінің бейнесін және маңызын ашып көрсеткіміз келді. Романдағы Әбутәліп-Зарипа – жазушының ата-анасының прототипі десек, мәңгүрттік кезіндегі қазақ елінің құлдық санадағы хәлін суреттеп тұр. Кеңес Үкіметі кезінде қазақ қаймақтарының көпшілігі репрессияға ұшырады. Соның бәрін «Боранды бекет» қойылымында қамтуға тырыстық, – деді режиссер Ұланмырза Кәріпбаев.

Әр туындысы әлемге әйгілі болған Шыңғыс  Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн…» романы – тағдырдың тарамыс жолдарын суреттеген ғасырлық туынды. Бір бойына Боранды бекет, Сарыөзек, ел іші, Жер планетасы сынды бірнеше ауқымды кеңістікті сыйдырып тұрған шығарманың айтары мол. Романда автор адам санасының рухани азғындыққа ұшырағанын жазады. Қойылымда Найман-Ананың мәңгүрт баласын сендіруге тырысқан әрекеті, ақыр аяғында ажал құшқаны өте әсерлі шыққан. Драма арқылы режиссер жаңа дәуірде бір адамның басындағы трагедия жалпы адамзаттық, ұлттық трагедияға айналатынын көрсете білген.

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button