Мәдениет

Дубайдан табыспен оралды

«Астана Балет» театрының өнерпаздары Дубайға гастрольдік сапармен барып, табыспен оралды. Олар сондағы опера сахнасында өнер көрсетіп, көрермен қауымның ықыласына бөленді. Гастрольдік бағдарламаны, әртістердің кәсіби шеберлігін жоғары бағалаған көрермен зор қошеметін білдірді. Дубайдағы өнерсүйер қауымның назарына шығыс жұртының ғажайып сұлулығын паш ететін хореографиялық туындылар тарту етілді. 

[smartslider3 slider=739]

«Астана Балет» театры гастроль шымылдығын Ариф Меликовтың музыкасына Юрий Григорович қойған үш көріністі «Махаббат туралы аңыз» балетімен ашты. Сюжет көне шығыс аңызына негізделген. Әр күні басты партияларды Айнұр Әбілғазина (Мехмене Бану), Сүндет Сұлтанов және Илья Манаенков (Фархат), Назерке Аймұхаметова (Шырын), Фархад Буриев пен Бауыржан Мекембаев (уәзір) орындады.

Дубайлық көрермен назарына екінші болып «Бейбарыс сұлтан» спектаклі ұсынылды. Қоюшы-хорео­граф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри, композиторлар – Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиев, либретто авторы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков.

Бұл балеттің премьерасы 2020 жылдың желтоқсан айында, «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» мен бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен өткен болатын.

Балеттегі басты партияларды театр солистері Сүндет Сұлтанов, Айдан Қалжан, Фархад Буриев, Уэсли Карвальо, Айнұр Әбілғазина, Аяулым Мақұмова, Әлия Айтбаева орындады.

Бір айта кетерлігі, «Астана Балет» театры БАӘ-не алғаш рет гастрольдік сапармен барды. Бұған дейін қазақстандық ұжым АҚШ, Франция, Италия, Ресей, Қытай, Бельгия мен Жапонияның әйгілі сахналарында өнер көрсеткен. Гастрольдік сапар Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Ал 6 қарашада «Астана Балет» театрында «Бір актілі балеттер кеші» өтеді. Кеш барысында ғажайып бір актілі қойылымдарды тамашалай аласыз. Атап айтқанда, Раймондо Ребектің «Өткенге саяхат» балетін, сонымен қатар бағдарламаға арнайы шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің екі туындысы – «A Fuego Lento» және «Love Fear Loss» енгізілді.

Баян Асылбекова

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button