Дүбірге толы дүние
«Ай ат басын бұрғанша, жыл жылқы аунап тұрғанша» дегендей, тағы бір жылдың қақпасын қағып тұрған сәтте, артымызда қалып бара жатқан көне жылға көңіл аударсақ, 2024 жыл тек тарихи оқиғаларымен ғана емес, болашаққа жаңа үміт пен бағыт ашқан жыл ретінде де есімізде қалды. Ендеше ескі жылдың ерекше есімізде қалған 10 жаңалығын атап көрейік.
Жасанды интеллект саласындағы жетістік: ақпан айында Open AI компаниясы Vincent video model Sora AI деп аталатын жаңа жасанды интеллект моделін таныстырды. Бұл модель жасанды интеллект арқылы видеогенерациялау саласында жаңа стандарт орнатып, технологиялық дамуда жаңа дәуірге жол ашты. Sora 60 секундқа дейінгі бейнебаянды егжей-тегжейлі өңделген артқы көріністер (фондарды) мен әр қырынан түсірілген күрделі бейнежазбаларды қоса отырып жасай алады. Ең басты ерекшелігі – Sora физикалық әлемді шынайы түрде модельдей алады.
Әлемдегі ең үлкен нейроморфтық компьютер сәтті жасалды: 17 сәуірде Intel компаниясы әлемдегі ең үлкен нейроморфтық компьютер – Hala Point-ті сәтті жасап шығарғанын жариялады. Бұл компьютер жасанды миға ұқсайды, 1,152 миллиард жасанды нейронды қамтитын құрылғы секундына 380 триллион синаптикалық операцияларды орындай алады. Мұндай есептеу қабілеті адамзат әлемінде бұрын-соңды болмаған. Нейроморфтық компьютерлер болашақта деректерді өңдеу, үлгілерді тану және автономды жүйелерді дамытуда маңызды рөл атқарады.
Ирандағы өзгеріс: 19 мамырда Иран-Әзербайжан шекарасында болған авиациялық апаттан Иран президенті Ибрахим Раиси және Сыртқы істер министрі Әмір Абдоллахиян қаза тапты. 2021 жылы Иран президенті болып сайланған Ибрахим Раиси АҚШ пен Израильге қарсы қатаң саясат ұстанды. 2024 жылы 14 сәуірде Иран алғаш рет Израильге тікелей әскери соққы жасады. Шабуыл барысында Иран 185 дрон, 36 қанатты зымыран және 110 «жер-жер» санатындағы зымыран қолданды. Бұл оқиға Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Бұған дейін екі ел бір-біріне тікелей әскери соққы жасамаған еді. 30 шілдеде Масуд Пезешкиан жаңа президент ретінде ант берді.
Күллі әлем көз тіккен Еуропа чемпионаты: футболдан Еуропаның 17-чемпионаты 14 маусым мен 14 шілде аралығында Германияда өтті. Испания құрамасы ақтық сайыста Англияны 2:1 есебімен жеңіп, төртінші рет Еуропа чемпионы атанды. Испания құрамасының жеңісі олардың еуропалық футболдағы үстемдігін тағы да дәлелдеді. Турнир барысында көптеген жас таланттар өздерін көрсетіп, болашақта үлкен жетістіктерге жетуге үміт артты.
XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеден 11 тамызға дейін Францияның Париж қаласында өтті. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында 200-ден астам елден келген спортшылар мен делегация өкілдері қайыққа отырып, Сена өзенімен 6 шақырымды жүріп өтіп, Трокадеро алаңында жиналды. Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 80 мыңнан астам маман жұмылдырылды. 10 миллионға жуық билет сатылған. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазақстан делегациясы жалпыкомандалық медальдар есебінде 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен 43-орынды иеленді.
Super heavy зымыраны сәтті қонды: Илон Масктың SpaceX компаниясы 13 қазанда алғаш рет Super Heavy зымыран тасығышын орбитаға шығарып, соңынан жерге сәтті қондырды. SpaceX-тің бұл жетістігі болашақта адамзатқа Марсты және басқа планеталарды игеруге мүмкіндік беретін революциялық серпіліс болды. Super Heavy зымыраны Starship ғарыш кемесін орбитаға шығару үшін қолданылады. Starship зымыраны алғаш рет 2023 жылы 20 сәуірде ұшырылған болатын, алайда ол бірнеше минуттан кейін жарылып кеткен еді. Бұл жетістік – SpaceX компаниясының қайта пайдаланылатын зымыран технологиясын дамытудағы маңызды қадам, ол ғарыштық тасымалдау шығынын төмендетуі де мүмкін.
АҚШ-тағы президент сайлауы: 5 қарашада өткен АҚШ-тағы президент сайлауында Республикалық партия кандидаты Дональд Трамп демократ қарсыласы Камала Харристі жеңіп, АҚШ-тың 47-президенті болып сайланды. Бұл сайлау – АҚШ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі, себебі бұрынғы президенттің қайта сайлануы сирек кездесетін жағдай. Дональд Трамптың қайта сайлануы АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатына елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін, бұл әлемдік геосаясатқа да әсер ететіні сөзсіз.
Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың өзгеруі: Сириядағы Асадқа қарсы күштер 27 қарашада оған қарсы соғыс ашып, аз күнде Дамашыққа дейін жетті. Башар Асад Ресейге қашты. Осылайша Асад әулетінің 53 жылдық үстемдігі мен Баас партиясының 60 жылдық билігі ресми түрде аяқталды. Бұл өзгерістер Таяу Шығыстағы саяси тепе-теңдікті де түбегейлі өзгертуі мүмкін. Әсіресе Башар Асад арқа сүйеген Ресей, Иран сияқты елдердің өңірдегі ықпалы әлсірейді. Сириядағы толқулар 2011 жылы бостандық пен реформаны талап еткен халық көтерілісінен басталды. Соғыс салдарынан миллиондаған адам босып кеткен еді.
Газа секторында қақтығыс әлі де жалғасуда, операция барысында ХАМАС-тың бірнеше жоғары лауазымды әскери және саяси жетекшілерінің көзі жойылды. Израиль ХАМАС ұйымын толықтай жоюды мақсат етіп отыр. Араб елдерінің Палестинаға қолдауының әлсіздігі және БҰҰ-ның бітімгершілік бастамаларының сәтсіздігі жағдайды күрделендіруде.
Израиль мен Ливандағы «Хезболла» қозғалысы арасындағы қарулы қақтығыс 2024 жылдың қараша айында тоқтады. Екі тарап АҚШ ұсынған екі айлық бейбітшілік жоспарын мақұлдады. Бұл келісімге сәйкес, Израиль өз әскерін Ливаннан шығарып, шекаралас аймақтарды Ливанның тұрақты армиясына тапсыруы тиіс. Ал «Хезболла» өз қарулы күштерін Литани өзенінің солтүстігіне қарай әкетуге міндеттелді. 2024 жылдың қараша айында Израильдің әуе шабуылынан «Хезболла» ұйымының бас хатшысы Хасан Насралла қаза тапты. Ол «Хезболла» ұйымын ұзақ жылдар бойы басқарып, Израильге қарсы қарулы күрестің символы ретінде танылған.
Париждегі Әулие ана соборы қайта ашылды: 7 желтоқсанда Париждегі Нотр-Дам-де-Пари соборы қалпына келтіріліп, қайта ашылды. Қалпына келтіру жұмысы 5 жылға созылып, 250 компания мен 2000-нан астам маманның қатысуымен жүзеге асырылды. Жөндеу жұмысына 700 миллион еуро жұмсалды, оның көп бөлігі қайырымдылық қаражатынан жиналды. Собордың қайта ашылуы – Францияның мәдени және рухани өміріндегі маңызды оқиға. Өртке дейін жыл сайын 14 миллион турист келетін тарихи орын қайтадан келушілерді қабылдауға дайын. Собор құрылысы 1163 жылы басталып, 1345 жылы аяқталды. Мыңжылдық тарихы бар бұл құрылыс ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген. 2019 жылы өрт кетіп, ғимараттың көп бөлігі зақымданған еді.
Көп адамның өмірін қиған ұшақ апаттары: жылдың соңғы айында іркес-тіркес ұшақ апаттары орын алды. 25 желтоқсанда Ақтау маңында Әзербайжанның Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer E190 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ Бакуден Грозныйға бағыт алған болатын. Онда 67 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған, олардың 38-і қаза тапты. Аман қалған 29 адам ауруханаға жеткізілді. Ал 29 желтоқсан күні Оңтүстік Кореяда Boeing 737 жолаушылар ұшағы құлап, 179 адам көз жұмды, 2 адам тірі қалды. Ұшақ Jeju Air әуе компаниясына тиесілі еді. Алдын ала жасалған болжам бойынша ұшақ әуеде құсқа соғылып, қозғалтқышы істен шығуы мүмкін.
Бұдан бөлек, Шығыс Еуропадағы шиеленіс әлі шешілген жоқ. 2022 жылы басталған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс әлі де жалғасуда. Бұл соғыс әлемдегі ең маңызды геосаяси оқиғалардың біріне айналды. Украинаға Батыс елдері, әсіресе АҚШ, Ұлыбритания және Еуропалық Одақ әскери және қаржылай қолдау көрсетуін жалғастыруда. Сонымен қатар НАТО-ның кеңеюі мен ықпалы да Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстарға әсер етуде.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ