Басты ақпаратЕл тынысы

Дүние дидарында – Димаш



 Тәуелсіз елдің ұланы – Димаш Құдайберген әлемдік деңгейдегі әнші, қазақтан шыққан бірден-бір мегажұлдыз. Димаш секілді қазақ әнін әлемге танытқан, ана тілімізді әлем халықтары жаппай үйренген сәт ешқашан болған емес, ол – әлем аспанындағы ән жұлдызы. Димаш мемлекетіміздің мерейін көтерді. Жер бетіндегі 8 миллиардтан астам халықтың жартысынан астамы Димаш Құдайбергенді, ол арқылы қазақты біледі!

Қытайдағы Хунань телеарнасының «Мен әншімін» байқауы Димаштың жұлдызын жақты, елдің мәртебесін ас­қақтатты, әлемге әнші баламыз жарқырай танылды. Димаш арқылы қазақ халқының абыройы аспандап, мерейін тасытты.

Үш айға созылған байқау кезінде Димаш Құдайберген жеткен жетістіктерді санамаласақ, 14 турдың үшеуінде бірінші орын алды, әйгілі актер Джеки Чан әншіні өзі  іздеп келіп танысты, атақты әнші Лара Фабиан Димаштың өнеріне ілтипат  білдірді. Болашақта екеуі дуэт орындауы мүмкін, бейнесі Нью-Йорктің төріне ілінді, француз телевидениесі Димаш туралы арнайы хабар түсірді, «Дайдидау» – Азиядағы ең үздік әндердің қатарына енді. Димаштың әні «Ұмытылмас күн» – «Азияның жаңа әндері» рейтингінде бірінші орынға шықты! Ол байқауда алты тілде ән орындады.

Димаш әлемдік сахнаға қазақ даласының кең тынысын алып шықты. «Дайдидау» әлемді шарлап кетті. «Адай» күйі қазақтың қанын ойнатып,  рух шақырды. «Ұмытылмас күн» күн сайын тыңдағанның есіне қазақтың атын салып тұратын болды.

Ең бастысы, Димаш қазақ тілінің мәртебесін көтерді. Сахнада орыс тілін қосқан жоқ. Қытайдағы бауырларымыз оның әр сөзін қазақ тілінен қытай тіліне тікелей аударып отырды. Демек, Димаш «Қазақ орыс тілінсіз әлемдік деңгейге шыға алмайды…» деген түсінікті түп-тамырымен жоққа шығарды. Қытайлықтар «Абай жолын» оқуға кірісті. Қазақ тілін үйренуге тырысып, сөздік арқылы аударма жасап  жатқандар қаншама. Алыстағы француз қызының «Дайдидауды» қазақша шырқап, біздің ұлға үздіге тілек арнауының өзі неге тұрады?!

Осы байқау кезінде Айтбаевтар әулеті күллі жұрттың назарында болды. Яғни Димаш арқылы дүние жүзіне қазақтың отбасылық институты «таныстырылды». Күллі әлем атасы мен әжесінің бауырында өскен баланың қандай мәдениетті, қандай бауырмал болатынын көрді. Ата – бала – немере арасындағы үзілмес алтын жіпке, ене мен келіннің бір-біріне деген жарасымды сыйластығына куә болды. Димаштың қарындасы Раушанға хат жазған қытай және батыстың қыздары біздің дәстүрімізге тәнті екендерін айтып, тамсаныпты. Демек, Димаш арқылы қазақтың дәстүрі де насихатталды!

Димаш Құдайбергеннің өнерінің арқасында Астана қаласында 2017 жылы өткен ЭКСПО-ға келуге талаптанып отырғандардың қатары күрт артқаны белгілі. Димаштың Астанада, Алматыда өткен жеке концерттеріне әлемнің түкпір-түкпірінен әншінің жанкүйерлері келгенін білеміз. Әлем халықтары арасында Димаш туған елге келіп, туған жеріне барып, ана тілімізді үйреніп, әндерімізді шырқап, дәстүрімізді насихаттаған қаншама адам бар екенін есептеудің өзі қиын!

Димаш шығармашы­лығын ел туризмін дамытар ірі жоба ретінде қабылдап, оған мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Димаш – қазақ елінің бренді ретінде әлем алдында елімізге инвестиция құю, туризмді дамытудың ең бір серпінді жобасы болар еді

Димаш – феномен, ән әлеміндегі ерекше құбылыс, нағыз құбылыс. Сондай-ақ 2021 жылы Димаш  Құдайберген Азиядағы ең сымбатты ер адам атанды. Ішкі жан дүниесіне сыртқы көркі сай алтын ұл – ұлтымыздың мақтанышы, ұлтымыздың бренді десек те болады!

Қазағымның беткеұстар өнер жұлдызын елдің паспорты ретінде ерекше қарап, мемлекет қорғауына алуы керек еді ғой деген ой мазалайды бізді.

Әлемдегі ең танымал, мықты музыканттарға, композиторларға оның қайталанбас, ерекше дауысына арнап ән жаздырып, оның қомақты гонорарын мемлекет төлесе, сөйтіп шығармашылығын жаңа сатыға көтеруге серпін берсе, Димашты бүкіл елдің бойтұмарындай көздің қарашығындай қорғай алсақ деген тілек бар.

Димаштың қай концерті болсын, соның алдында міндетті түрде фан-­кездесуі өтеді. Әншінің Мәскеудегі концертіне әлемнің 56 елінен 500-ге тарта жанкүйері жиналса, Лондон төріндегі үздік сахналардың бірінде, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Дубай қаласында қазақ елінің мақтанышы Димаш Құдайберген өзінің жеке концертін өткізгені белгілі. Нью-Йоркте де Димаштың жеке шығармашылық концерті жоғары деңгейде дүркіреп өткені мәлім. Шетелдердегі Димаштың концерттеріне шашбауын көтеріп, қолдау көрсетуге келгендердің қатарында еліміздің барлық аймағынан арнайы барған тыңдармандар да бар еді.

Димаштың өз еліндегі жеке концерттері аншлагпен өткені белгілі. Астанадағы концертінде әншінің жанкүйерлері – шетелден келгендердің қарасы көп болды. Қытайдан келген 3000-нан астам қытайлықтың елордадағы ірі сауда орталығы «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығындағы барлық тауарды сатып алып кеткені туралы естігеніміз де күні кеше сияқты еді. Әншінің Алматыдағы концерті де аншлагпен өтті. Орталық стадиондағы орын саны 20 мың адамға лайықталған еді, содан көптің сұранысына орай, фан-аймаққа  тағы да мыңдаған би­лет сатылды. Сөйтіп концертке кел­гендердің саны 35 мыңнан асты. Ал концертті тамашалауға әлемнің 65 елінен 13 мың турист, әнші тыңдармандары Алматыға бірнеше күн бұрын арнайы келді. Қаладағы қонақүйлер Димаштың жанкүйерлеріне лық толды, қонақүй бизнесі жыл бойы табатын табысын бірнеше күнде орындап, қалтасын толтырды. Туризм дамыса, ел экономикасына да кіріс әкеледі, сондықтан да ішкі туризмді ілгерілету өте маңызды. Туризм – табыс көзі. Ел саясатының басым бағыты осыған негізделуі тиіс. Туризмге инвестиция құю – болашаққа жасалатын жұмыс. Қазақстанның туризм саласы ешбір шет елдерден кем емес. Ерте ғасырлық қоныстар мен орта ғасырлық қалалар, көрікті жерлер мен таңғажайып мекендер – Қазақстан туризмінің күретамыры. Оған енді елдің мәдени әлеуетін Димаш секілді өнер жұлдыздарының шығармашылығын насихаттауды қосар болсақ, ұтпасақ, ұтылмаймыз.

Ендеше, Димаш шығармашылығын ел туризмін дамытар ірі жоба ретінде қабылдап, оған мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Туристерді көптеп тартуға мәдениет саласының әлеуеті жетеді. «Мәдени іс-шаралар қаланың рухани өмірін байытуға, шығармашылық әлеуетін арттыруға тиіс» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі орындалса, Димаш – қазақ елінің бренді ретінде әлем алдында елімізге инвестиция құю, туризмді дамытудың ең бір серпінді жобасы болар еді.

Ал ән әлемінің ханзадасын тың­даған қаншама адам қатерлі ісікті жеңіп, қаншама бала ауруынан айық­қаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде де, ақпарат құралдарында да көп. Димаш – ұлтын сүйетін азамат, бойында адамдық құндылықтың қазынасы бар тұлға. Ол – әлемдік бейбітшіліктің символы іспетті. Оны әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар жақсы көреді. Біздің ойымызша, ол – саясаттан биік тұлға. Өзінің әнімен, тамаша даусымен тілі бөлек, танымы бөлек миллиардтаған жандардың жүрегіне жол тапқан нағыз өнерпаз, әлем елшісі деуге болады.

– Сонымен Димаш феномені бізге не сыйлады? Ол қазіргі қазақ эстрадасында  жүрген фонограммамен ән айтатындардың кім екендігін толыққанды көрсетіп берді. Димаштың күмістей сыңғырлаған есті үні арқылы қазақтың ән талғамы басқалай сапалық деңгейге көтерілді, дауыстың да иерархиялық әрі тектік әуелеті болады десек, бұл жағынан Димаштың дауысы аристократтық дауысқа жататынын дәлелдеді. Ол тек музыка саласында ғана емес, айталық поэзия мен прозаға, керек десеңіз, бүгінгі философия мен теология саласына да дәл осындай өзгеріс керек екендігін көрсетті. Димаш өзінің аристократтық азат, hәм асқақ дауысымен үш ғасыр бойы боданда болған ұлттық рухымызды көтерді, кеңірек ойлануға, шеңберден шығуға, өзінің ерен дауысымен еркіндіктің шын мағынасы мен қадірін түсінуге шақырды. Ол маған қазаққа бейне бір осы миссиямен келгендей, көрінеді де тұрады, – дейді Ықылас Ожайұлы.

– Қазір әлемнің қай түкпірінде болсын, Димаштың есімі қазақ деген сөздің синонимі әрі символы ретінде қабылданады. Бұл дегенің ғажап қой, біз секілді аз ұлтқа одан артық не керек? Өнер арқылы қазақты дүние жүзіне танытудың жолын тапқан және сондай миссия бұйырған, жер жүзінің тыңдармандарына таңдай қақтырып, үніне тамсандырған теңдесі жоқ құбылыс, – дейді фольклортанушы, этномузыкатанушы, әнші, күйші, эпик жыршы Берік Жүсіпов.

Бұл биікке, бұл абыройға Димаш оңай жеткен жоқ. Бала кезінен музыкалық сауатын ашып, оқып, ізденіп, мықты музыканттардан тәлім алып, тынбай еңбектену мен талмай күресудің арқасында осы дәрежеге жетті. Қазір де білімін жетілдіріп, мұхиттың арғы жағында Америкада жүр. Қазақтың әніне, әлем музыкасына жаңа тыныс алып келген ол – үнемі іздену үстінде, үйренуден жалықпайды, өзінің болмысындағы қарапайымдылығымен, кішіпейіл, ақжарқын пейілімен миллиондардың жүрегіне жарық сыйлап жүрген ән жұлдызы! Жаратқан тіл-көзден сақтасын деп тілеуін тілеп отырамыз, әрбір жаңалығына, әрбір қуанышына жүрегіміз жарылардай шаттанатынымыз рас.

Дүние дидарында Димаш – қазақ жасының бағдаршамы, алға жетелейтін жарық жұлдызы іспеттес.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button