Мәдениет

Дулатты жырға қосты

«Астана» концерт залында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академия­лық филармониясының ұйымдастыруымен республикалық жас ақындар айтысы өтті. Сөз барымтасы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жырау Дулат Бабатайұлының туғанына 220 жыл толуына арналды.

[smartslider3 slider=2980]

Республикалық жас ақындар айтысы – елордалық филармония­ның шығармашылық жобасы. Іс-шара суырып-салма ақындық өнерін кеңінен насихаттау, дарынды жастардың шығармашылық шеберлігін арттыру, қазақ халқының рухани мұрасын сақтау мақсатында өткізілді.

Биыл республикалық жас ақындар айтысына Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, т.б. облыс­тардан айтыскерлер қатысты. Сөз сайысын «Айтыс ақтаңге­рі-2021» аталымының жеңімпа­зы Еркебұлан Қайназар жүргізді.

Жас ақындардың өнерін қазақ әдебиеті мен өнері қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Атап айтқанда, халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов, көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай, айтыскер ақындар Жібек Болтанова мен Мейірбек Сұлтанхан, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбеков бағалады. Таланты мен әртістігін, жеңіске деген ынта-жігерін танытқан жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айтысты елордалық филармонияның «Халық әні» бөлімінің орындаушылары, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Елбол Қуанбек, Айдос Оңғарбай, Оспан Құлсымақ, Өзгеріс Шерікбай, Айнұр Қонысбаева, Айбала Бейсенова ән-жырлармен көркемдеді. Көрермендер айтыспен қатар Дулат Бабатайұлының «Толғау», Нартай Бекежановтың «Игигай», Жамбыл Жабаевтың «Ақындарға арнау», Қашаған Күржіманұлының «Тойбастар» және т.б. шығармаларды тыңдады.

Айтыстың қорытындысында Дәурен Ысқақ пен Абзал Мақаш бас жүлдені теңдей бөлісті. Екінші орынды Бек Шмат пен Нұртілеу Төленбек иеленді. Үшінші орынды Айым Асылбекқызы, Мұхтар Қонарбаев және Ақбота Манарбекова алды.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button