Sport

ДҮНИЕНIҢ ДҮЛДҮЛIСIҢ, ДАНИЯР

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Данияр Елеусінов екінші рет қатарынан АИБА (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) таңдауымен әлемнің үздік боксшысы атанды. Шаршы алаңда жекпе-жекке шыққанда керемет техникасымен, қайтпас қайсарлығымен көзге түсетін қазақ жігітіне әлемдік бокс мамандары осындай баға беріп отыр. Халқының бағына туған арда ұлды біз де жоғары мәртебелі атағымен құттықтаймыз.

Боксшы әкесі Марат Тәліпұлына, боксшы ағасы Дәуренге еліктеп өскен бала Даниярдың да бокстан басқа таңдауы болмағаны заңдылық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген осы шығар.

Қолына былғары қолғап кигелі Данияр бір-ақ бағытты ұстанды. Әріде Қонақбаев, беріде Сәпиев секілді бокс­шы болғысы келді. Құдайға шүкір, осы бағытынан, осы мақсатынан әлі де айнымай, әлі де қайтпай келеді. Қайта жыл өткен сайын межесі де, міндеті де биіктей берді.

Данияр спорт арқылы мәртебеге бөленудің мәнісін 2006 жылы кәдімгідей сезінді. Жасөспірімдер арасындағы республика біріншілігін ұтып алғаннан кейін кадеттердің әлем чемпионатына жолы түсті. Бірінші рет шетел асты. Сәтін салып жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің алтын жүлдегері атанды. Арада екі жыл өткенде жас­тар арасындағы әлем додасында бақ сынады. Бұл жолы алғаш рет әділетсіздіктің ащы дәмін татқандай болды. Олай дейтініміз, финалдық жекпе-жекте қарсыласынан басым түскенімен, төрешілер бұра тартып жіберген екен. Сөйтіп, күміс медаль алуға тура келген. Жыл өткен сайын түрлі жарыстарға қатысып, қанаты қатайған жас боксшы 2010 жылы ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына қосылды. Астана төрінде өткен біріншілікте чемпион атанып қана қоймай, жарыстың үздік боксшысы болып танылды. Содан ұлттық құраманың басшылары көп ойланбастан Даниярды Азия ойындарына апарды. Алып құрлықтың аламан бәйгесінде де алтын медаль алып қана қоймай, үздік боксшы атанды. Осы жарыстан кейін-ақ Данияр Елеусінов өзінің жастығына қарамай ұлттық құраманың негізгі мүшесіне айналды. 2011 және 2012 жылдары да Қазақстан чемпионатында алдына жан салмады. Лондон олимпиадасынан кейін ұлттық құрама басшылығы осы ойындарда чемпион атанып, Баркер кубогын қоса ұтып алған Серік Сәпиевтің орнына команда капитаны етіп Даниярды таңдауды ұсынады. Ал, командалас серіктері бұл шешімді бірауыздан құптайды.

2013 жыл салмақ дәрежесін 64 келіден 69 келіге ауыстырған Данияр Елеусіновтің өміріне өте үлкен өзгерістер әкелді. Көктемде Азия біріншілігінде топ жарды. «Астана арландары» сапында бір жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетті. Ал күзде әлем біріншілігінде чемпион атағын жеңіп алды. Алматы төрінде өткен әлемдік додада Данияр Елеусінов сол кездегі ең мықты деген боксшылардың бәрінен басым болды. Лондонда жолын кескен италиялық Пикарьені де, кубалық Деспейнді де сөзсіз тізе бүктірді. Осылайша қатарынан өткен қос жарыстан қос алтын алған қазақ боксшысына АИБА  2013 жылдың үздік боксшысы атағын берген еді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен  командалас серіктері Біржан Жақып, Мерей Ақшалов, Жәнібек Әлімханұлымен бірге «Құрмет» орденімен марапатталды.

Биыл да Данияр боксшы байрақты бәсекенің биігінен көрінді. Жақында ғана Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен ХVІІ Азия ойындарында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан қол бұлғады. Бұл Даниярдың төрт жылда бір өтетін Азия ойындарында екінші рет қатарынан жеңіске жетуі.

– Данияр Елеусіновтің Азия ойындарында қатарынан екінші рет жеңіске жетуі тегін емес. Бұл төрт жылда бір рет өтетін үлкен жарыс. Құрлықтың олимпиадасы деп те айтады. Данияр өз ісіне өте жауапкершілікпен қарайтын жігіт. Мен оның Олимпиада шыңына да шығатынына сенемін. Өйткені, оның бойында мақсатына жету үшін қандай қиындық болса да қайтпайтын мінезі бар, – дейді бізбен әңгімесінде Қазақстан ұлттық құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Абдрахманов.

Енді, міне, алтын асықтай арда ұлдың тағы бір ақжолтай мәртебесіне қуанып отырмыз. АИБА басшылығы Д. Елеусіновті тағы да «Жылдың үздік боксшысы»  атағымен марапатталғанын жариялады. Сондай-ақ, тағы бір қуанғанымыз Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов та «Жылдың үздік бапкері» атанды.

Алда лицензиялық әлем чемпионаты күтіп тұр. Осы жарыста Рио де Жанейро олимпиадасына жолдамалар беріледі. Сондықтан да бұл жарыс Данияр Елеусіновтің басты межесі болмақ. Чемпиондық атақты да қорғап қалу керек. Сол үшін де бүгін бір мақсатқа арбалған Біржан Жақып, Ілияс Сүлейменов, Жәнібек Әлімханұлы, Антон Пинчук, Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко және басқа да командалас әріптестерімен жүйелі жаттығудан қол үзбей жүр.

Олай болса, «жолың болсын, бапкерің – әкең Марат Тәліпұлының алтын қолы аман болсын!» демекпіз Олимп шыңына ұмтылған қазақ баласына. Қазақ жанкүйерін жеңісіңмен қуанта берші, Данияр!

 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button